Астана, 2025 жылғы 27 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған Елшісі Салли Аксуорсиден сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Британ дипломатын қарсы алған А.Исетов оның қызметі Астана мен Лондон арасындағы сенімді байланыстарды одан әрі нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар қазақ-британ қатынастарын дамытудың келешегі туралы пікір алмасты. Саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасу мәселелері талқыланды. Ерекше назар энергетика, білім беру және «жасыл» технологиялар салаларындағы серіктестікті дамытуға аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты деңгейде де, көпжақты форматтарда да тұрақты саяси диалогты қолдауға және ынтымақтастықты нығайтуға дайындық расталды.