Вашингтон, 2025 жылғы 12 маусым – Америка Құрама Штаттарына ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ Сауда өкілі Джеймисон Грирмен келіссөздер өткізді.
Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Сұхбаттастар Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстардың, соның ішінде энергетика, сирек жер металдары, көлік және жоғары технологиялар салаларындағы дәйекті дамуын атап өтті.
АҚШ-тың қазіргі сауда саясаты, сондай-ақ тарифтік және тарифтік емес кедергілер бойынша бірлескен жұмыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Экономикалық күн тәртібін жалғастыра отырып, тараптар көлік-логистика бағыттарын кеңейту, экспорт бағыттарын әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдері нарығына өзара қол жеткізу мәселелерін қарастырды.
Қазақ тарапы шетелдік инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасауға бейілділігін растап, жетекші америкалық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға назар аударды.
Өз кезегінде АҚШ тарапы қайта өңдеу мен тереңдетілген өндірісті қамтитын толыққанды экожүйені құру арқылы аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайындық білдірілді.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында тұрақты диалогты жалғастыруға ортақ мүдделілік бар екенін қуаттады.