Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді

Қазақстан СІМ басшысы ШЫҰ Бас хатшысымен кездесу өткізді

Астана, 2025 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен кездесу өткізді.

Сұхбат барысында М.Нұртілеу Н.Ермекбаевты ШЫҰ Бас хатшысы лауазымына кірісуімен құттықтап, Ұйым аясындағы көпсалалы ынтымақтастықты қолдау жөніндегі Қазақстанның тұрақты және белсенді ұстанымын тағы растады.

Тараптар Шанхай ұйымының ағымдағы қызметі, сондай-ақ Қытайда өтетін мемлекет басшыларының саммитіне дайындықты қоса алғанда, биыл жоспарланған биік және жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық мәселелері бойынша пікір алмасты.

2024 жылғы 4 шілдеде Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ШЫҰ қызметін жетілдіру және Ұйымның тиімділігін арттыру жөніндегі нақты шаралар талқыланды.

Өз кезегінде Бас хатшы Ұйымның қызметіндегі Қазақстанның белсенді рөлін атап өтіп, алдағы кезеңдегі жұмыстың басым бағыттары туралы хабардар етті.