Астанадағы С5+1 министрлік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі

Келесі мәлімдеменің мәтіні 2023 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында (Қазақстан) Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлері және Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы тарапынан С5+1 министрлік кездесуіне орай жарияланды. 

28 ақпанда Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Түрікменстанның, Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлері мен Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы С5+1 өңірлік дипломатиялық платформасының аясында Астана қаласында кездесті.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкен Америка Құрама Штаттарының Орталық Азия халықтарымен және үкіметтерімен ниеттестігін атап өтті. Үкіметтер бейбіт және өркендеген Орталық Азия БҰҰ Жарғысы мен оның қағидаттарын сақтау арқылы барлық елдердің тәуелсіздігіне, егемендігіне және аумақтық тұтастығына тұрақты міндеттеме талап ететініне келісті.

Қатысушылар жаһандық сын-қатерлерге қатысты өңірлік шешімдерді әзірлеу үшін С5+1 ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті. С5+1 аймақтық дипломатиялық платформасы арқылы өзара іс-қимылды кеңейтуге өз міндеттемелерін растады. С5+1 Хатшылығының үйлестірілген күш-жігерін жоғары бағалады. Экономика, энергетика және қоршаған орта, сондай-ақ қауіпсіздік жөніндегі жұмыс топтары арқылы С5+1 ағымдағы өңірлік қызметті қолдауды және ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеуді жалғастыруда.

 

Экономикалық ынтымақтастық:

Экономикалық мақсаттарды қолдау үшін С5+1 қатысушылар:

  • Орталық Азияның экономикалық қауіпсіздігі С5+1 стратегиялық басымдығы болып қала беретінін атап өтті;
  • Инклюзивті экономикалық өсуге ықпал ететіндей, соңғы халықаралық оқиғалардың, әсіресе энергия мен азық-түлік бағасының, қарызды басқарудың және жұмыспен қамту деңгейі саласындағы жағымсыз салдарын азайту жолдарын талқылады;
  • С5+1 экономикалары үшін санкциялардың күтпеген салдарын жеңілдету бойынша ұжымдық жұмысқа деген бейілділігін атап өтті;
  • АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің «Орталық Азиядағы сауда» бағдарламасы шеңберінде сауда үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді қоса алғанда, өңірлік және сыртқы экономикалық байланыстарды нығайту мәселелерін қарастырды;
  • 17 наурызда Самарқанд қаласында (Өзбекстан) Сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісім (TIFA) кеңесінің отырысын өткізуді күтетіндігін білдірді;
  • АҚШ Үкіметі қаржыландыратын Орталық Азиядағы С5+1 экономикалық тұрақтылығының жаңа бағдарламасын ерекше атап өтті;
  • Сауда, көлік және коммуникациялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын мойындады; және
  • С5+1 бизнес-форумын өткізу мүмкіндігін қарастырды.

 

Энергетика және қоршаған орта саласындағы ынтымақтастық

 

Энергетика және қоршаған орта саласындағы С5+1 мақсаттарын қолдау үшін қатысушылар:

  • Су ресурстарын кешенді басқару және азық-түлік қауіпсіздігі саласында тәжірибе алмасу сияқты С5+1 жалпы мақсаттарын қарастырды;
  • Су үнемдеу технологияларын енгізу және мамандардың дағдыларын жетілдіру саласындағы ынтымақтастыққа дайындығын білдірді;
  • Климаттық дағдарысты еңсеру бойынша өздерінің ұжымдық және елдік міндеттемелерін орындаудың шұғыл қажеттілігін қайта атап өтті;
  • Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту және метан шығарындыларын азайту сияқты салалардағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды әлеуетін тағы да растады;
  • АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігінің «Power Central Asia» бағдарламасын қоса алғанда, ұлттық нарықты ырықтандыру, экологиялық таза энергетиканы дамыту және метан шығарындыларын азайту жөніндегі реформаларды басқару арқылы энергетикалық қауіпсіздік саласындағы С5 елдері үкіметтерінің ұлттық және өңірлік басымдықтарын қолдайтын ағымдағы С5+1 энергетикалық бағдарламаларын жоғары бағалады;
  • Орталық Азияның су, энергетика және азық-түлік секторларының климаттың өзгеруіне жалпы осалдығын азайтуға бағытталған стратегияларды бағалайтын, әзірлейтін және сынақтан өткізетін АҚШ Халықаралық даму агенттігінің «Су және осал орта» (WAVE) аймақтық бағдарламасын, сондай-ақ климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыру үшін экологиялық және әлеуметтік қорғау шараларының маңыздылығын мойындады;
  • 2023 жылы 10 наурызда Ашхабадта өтетін Азық-түлік қауіпсіздігі және климаттың өзгеруі жөніндегі министрлер конференциясын құптады;
  • Арал теңізінің құрғауының жағымсыз салдарын баса атап өтіп, аймақты экологиялық қалпына келтіру үшін, оның ішінде БҰҰ желісі бойынша ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атады;
  • Осал секторлардың климатқа төзімділігін арттыру және төмен көміртекті және «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі жобаларды белсенді қолдауға дайын екенін білдірді;
  • Таулы аудандарды орнықты дамыту жөніндегі күш-жігерді қарастырды. Осыған байланысты 2023-2027 жылдарды таулы елдердің проблемалары туралы халықаралық қоғамдастықтың хабардарлығын арттыру және таулы елдердің проблемалары мен сын-қатерлерін шешу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың күш-жігеріне жаңа серпін беру мақсатында таулы аймақтарды дамыту үшін бесжылдық іс-қимыл деп жариялаған «таулы аудандарды орнықты дамыту туралы» БҰҰ БА 77/172 қарарын атап өтті (ОР30 A/RES/77/122 негізінде);
  • С5+1 климат жөніндегі министрлік кездесуінің, энергетика және қоршаған орта жөніндегі жұмыс тобының келесі кездесуінің мүмкіндіктерін талқылады; және
  • 2023 жылғы 22-24 наурызда Нью-Йорк қаласында Тәжікстанның тең төрағалығымен өткізілетін БҰҰ Су ресурстары жөніндегі конференциясының нәтижелеріне қол жеткізу бойынша бірлескен жұмыс күтілетінін білдірді.

 

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық

 

Қауіпсіздік саласындағы С5+1 мақсаттарын қолдау үшін қатысушылар:

  • Орталық Азия қауіпсіздігін қолдау үшін С5+1 дипломатиялық өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын мойындады;
  • Жаһандық дағдарыстар жағдайында Орталық Азия халықтарының қорғалған және қауіпсіз болашағын қамтамасыз ету жолдарын талқылады;
  • Терроризмге қарсы күресте ынтымақтастыққа деген бейілділігін тағы да атап өтті;
  • Өңірлік шекара қауіпсіздігін, қауіпсіз көші-қонды, терроризм мен есірткіге қарсы іс-қимылды қолдауға арналған С5+1 бағдарламаларын атап өтті;
  • Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, сондай-ақ дауларды дипломатиялық жолдар арқылы шешудің маңыздылығын тағы да атап өтті;
  • БҰҰ-ның 2023 жылдың бейбітшіліктің кепілі ретіндегі диалогтың халықаралық жылы болып жариялануын құптады;
  • БҰҰ БА 76/299 қарарына сәйкес Орталық Азиядағы бейбітшілік, сенім және ынтымақтастық аймағына қатысты БҰҰ БА 78-ші сессиясының алдағы пікірталастарын күтетіндігін білдірді; және
  • Ү.ж. 6 ақпанда Алматы қаласында (Қазақстан) Шекаралардағы қауіпсіздік жөніндегі С5+1 өңірлік бағдарламасының іске қосылуын құптады.

 

С5+1 қатысушылары сонымен қатар олардың адам құқықтарына деген бейілділігін нығайтатын аймақтық шешімдердің маңыздылығын мойындады. Өңірдегі әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. C5+1 әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бағдарламасы (WAGE) аймақтағы әйелдердің экономикалық қауіпсіздігіне жәрдемдесу үшін Орталық Азияның барлық бес елінің үкіметтік және бизнес топтардан әйел көшбасшыларды жинауға мүмкіндік берді деп келісті. Орталық Азия мен АҚШ арасындағы Сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісімді (TIFA) құптады, бұл Орталық Азиядағы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуді қолдау үшін мемлекеттік және жеке секторлар арасындағы аймақтық диалогқа ықпал етеді. Бұдан бұрын атап өтілгендей, осы және басқа да жобалар арқылы, мысалы, Кәсіпкер әйелдер академиясы, АҚШ Үкіметі Орталық Азиядағы кәсіпкер әйелдер мен қолөнершілерді ресми экономикаға тартуға және халықаралық және аймақтық нарықтарға қол жеткізуге ықпал етуде.

Дата публикации
09 марта 2023