«ҰЛТТЫҚ КІТАП» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

«ҰЛТТЫҚ КІТАП» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

 

  1. Жалпы ережелер

 

1.1 «Ұлттық кітап» байқауы (бұдан әрі – Байқау) «Ұлттық кітап күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылады.

1.2 Байқаудың ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (бұдан әрі – Ұйымдастырушы).

 

  1. Қатысушыларға қойылатын шарттар

 

- Байқауға отандық баспалар (бұдан әрі – Қатысушылар) қатыса алады;

- Байқауға жұмыстарды қабылдау жыл сайын 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасында жүргізіледі;

- Байқауға өтінім және кейінгі 2 жылда отандық баспалардан жарық көрген кез-келген тілдегі кітаптар (бұдан әрі – өтінім) қабылданады;

- Байқауға Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, өзін-өзі өлтіруді, порнографияны, есірткіні, сепаратизм идеяларын, алаяқтықты, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын ақпаратты үндеу, насихаттау немесе үгіттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттілігіне және аумақтық тұтастығына күмән келтіретін және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған өзге де құқыққа қайшы кітаптар қабылданбайды;

- қабылдау уақыты аяқталғаннан кейін түскен өтінімдер тіркелмейді;

- Қатысушылар өтініммен бірге кітаптың қысқаша мазмұны мен аннотациясын (кем дегенде 1-2 бет көлемінде) қоса жолдауы керек;

- өтінімдер электронды және кітап күйінде (3 дана) қабылданады.

 

  1. Байқаудың номинациялары:

 

1) Балаларға арналған үздік кітап;

- проза, поэзия, драматургия бағытында.

2) Үздік комикс;

3) Нон фикшн бағытындағы үздік кітап;

- танымдық, психологиялық, мотивациялық, бизнес бағытта.

4) Детектив жанрындағы үздік кітап;

- проза бағытында.

5) Сатира жанрындағы үздік кітап;

- проза, поэзия, драматургия бағытында.

6) Үздік илюстрациялық кітап;

- фото-альбом, иллюстрациялық жинақ.

7) Үздік аударма кітабы;

- проза, поэзия, драматургия бағытындағы авторлық құқығы сақталған аударма кітап.

8) Фантастика жанрындағы үздік кітап;

9) Үздік баспа.

- кейінгі екі жылда нарықта үздік нәтиже көрсеткен баспа;

10) «Жыл кітабы» – мазмұны мен баспа-полиграфиялық сапасы жағынан өте жоғары деңгейде дайындалған, сатылым көрсеткіші жоғары, жылдың ең үздік деген басылымына берілетін Гран-при сыйлық;

 

  1. Сыйақы мөлшері

 

Әр номинацияның (9 номинация) жалпы жүлде қоры – 3 500 000 теңге.

1 орын – 2 000 000 теңге;

2 орын – 1 000 000 теңге;

3 орын – 500 000 теңге.

 

Гран-При («Жыл кітабы») жүлдесі (біреу) – 5 000 000 теңге.

 

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 36 500 000 теңге.

 

  1. Байқауды өткізу

 

5.1 «Үздік кітап» жеңімпаздарының қорытындысын шығару

Ұйымдастырушылар байқауға қатысушылардың өтінімдерін толық жинақтап, қабылданған жұмыстарды қазылар алқасына жолдайды. Олар шығармаларды сараптап, үздіктерді дауыс беру арқылы анықтайды. Жүлдегерлер тізімі Ұйымдастырушылардың ресми сайтында жарияланады.

 

5.2 Қазылар алқасы және бағалау критерийлері

Байқауға төрелік етуге номинациялар бойынша: ақындар, жазушылар, аудармашылар, драматургтер, баспагерлер, дизайнерлер шақырылады. Байқаудың әділдігін сақтау үшін қазылар алқасы туралы ақпарат 5 (бес) жыл көлемінде құпия сақталады.

Қазылар алқасының мүшелері шығармаларды келесі критерийлер бойынша бағалайды:

  • Көркемдік деңгейі;
  • Жаңашылдығы;
  • Кітаптың арнайы стандарт ережесіне сай рәсімделуі мен өндірістік сапасы.

 

Әр номинация бойынша жеңімпаз саны бірден аспайды. Қазылар алқасының шешімі талқыланбайды және қайта қаралмайды. Қазылар алқасының ұйғарымымен жүлдегер атанған баспалар салтанатты түрде марапатталып, сыйлықтары табыс етіледі.

 

  1. Байқауды қорытындылау

 

Байқауды өткізудегі негізгі мақсат – оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік кітап авторын анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету, аудармашыларды және баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау, ынталандыру.

 

6.1. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі

Байқау жеңімпаздары марапаттау салтанатты шарасына шақырылады. Аталмыш шараға ұйымдастырушы тарап, белгілі жазушылар, ақындар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысып, жүлдегерлерді құттықтайды және сыйлықтарын табыс етеді.

 

6.2. «Үздік кітап» байқауын және қатысушыларды насихаттау

Байқаудың өткізілу барысы туралы ақпарат Ұйымдастырушының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып отырады. Жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі түгел таспаға жазылып, отандық телеарналардан, әлеуметтік желідегі парақшалардан көрермен назарына ұсынылады. Сонымен қатар, ұлттық сыйлық туралы бірқатар апталық газет-журналдарға мақалалар басылады.

 

Қосымша сұрақтар үшін: +7 7273 97 61 97

«ҰЛТТЫҚ КІТАП» БАЙҚАУЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ
Дата публикации
16 марта 2026