Құрметті қонақтар!
Қадірлі мұнай және газ өнеркәсіп саласының
ардагерлері мен қызметкерлері!
Сіздерді Мұнай газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен Қазақстан Республикасы мұнайының
125 жылдығымен Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын.
Бұл өз ғұмырын мұнай-газ өнеркәсібімен байланыстырған геологтар, бұрғылаушылар, энергетиктер, құрылысшылар және тасымалдаушылардың да мерекесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мұнай және газ саласы отандық шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірістерді оқшаулауға айтарлықтай серпін береді» – деген болатын.
Кезінде Құмкөл кенішінің ашылуы – Сыр өңірінің мұнайлы өлке ретінде дамуы мен өнеркәсіптік аймаққа айналуының негізін қалады.
Сол кезеңнен бері Сыр мұнайы экономикамыздың дамуына зор үлесін тигізді. Өңір экономикасының негізгі локомотиві болды.
Қазірдің өзінде, игерілген кен орындарының көпшілігі өндірістің соңғы сатысына шығып, қалған қорларын өндіру қиын болғанымен мұнай-газ саласы біздің аймақтың экономикасын дамытуда үлкен рөл атқарады.
Сыр өңірінде соңғы жылдары мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Жыл басынан бері өңірге барлық көздерден 296,1 млрд. теңге (141,0%) инвестициялар тартылды. Оның 75,6 пайызы жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін жарты триллионнан астам (517,5 млрд.тг) инвестиция тарту жоспарымыз бар.
Екі жыл бұрын облыс бюджеті 364 млрд. теңгені құраса, бүгінде бюджет көлемі 733 млрд. теңгеге жетті. 101,4 пайызға өсім бар.
Бұл ауқымды қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда.
Биылғы жылы аймақта 43 млрд. 300 млн. теңгеге ұзындығы 300 шақырымнан аса автомобиль жолдары жөндеуден өтеді. Осылайша жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайыздан асады.
Электр энергиямен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда.
Биыл облыста құны 30 млрд. теңгеге 11 елдімекен (Сексеуіл және Төретам кенті, Абай, Ақсу, Шәменов, Сейфуллин, Тоқмағанбетов, Алмалы, Досбол Датқа, Бестам, Төменарық ауылдары) газдандырылатын болады. Нәтижесінде өңірдің газбен қамту көрсеткішін 78 пайызға жеткіземіз.
Қазіргі таңда елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
2025 жылдың соңына дейін біз облыс аумағындағы барлық елдімекендерді орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ететін боламыз.
Қадірлі қауым!
Мемлекет басшысының қолдауымен облыс орталығы бүгінде қарқынды құрылыс алаңына, өркенді өзгерістердің ордасына айналды.
Облыс бойынша биылғы жылы 187 жобаның құрылысы жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдау мен Ұлттық жобалар аясында биылғы жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен өңірімізде 869 мың 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді.
Осылайша, тұрғын үй құрылысы көлемі 126 пайызға өсті.
Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі.
Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады.
Жыл басынан бері 1000 орындық «Өнер орталығы», заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы ақпан айында берген тапсырмасына сәйкес Қорқыт ата әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. Жерлестеріміз үшін бұл өте маңызды жоба. Адағы қыркүйек айында жаңа терминал ел игілігіне табысталады.
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүруде.
2025 жылғы тамыз айында пайдалануға беріледі.
Үкіметтің қолдауымен Қызылорда қаласын ыстық сумен қамту жобасы оң шешімін тапты.
Жоба аясында қаламыздағы 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Жобаның жалпы құны 26 млрд. 200 млн. теңге.
Биыл көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайызын ыстық сумен жабдықтау үшін Үкімет резервінен 11 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қаламыз 2025 жылғы жылу беру маусымында толық ыстық сумен қамтамасыз етіледі.
Биыл «Білімді қолдау қоры» есебінен 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп ел игілігіне табысталады.
Облыс орталығында құны 10 млрд. 900 млн. теңгеге «Шығармашылық академиясы» салынуда.
Қызылорда қаласында 36 млрд. 400 млн. теңгеге 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүруде.
Құны 2 млрд. 700 млн. теңгені құрайтын жылына 5 мыңнан 10 мыңға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа
Қан орталығы пайдалануға берілді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 27 нысан салынуда.
Өткен жылы елді мекендерде 16 жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Жыл соңына дейін 11 медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Қаламызда 10 мың орындық Орталық стадион, Үстел теннисі орталығы, жаңа Өлкетану музейі бой көтеруде.
Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, мұрағат, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар құны 13 млрд. 200 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң демеушілер есебінен жаңғыртудан өтті.
Бұл – өңірде қолға алынған жұмыстарымыздың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта елдің игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады.
Мұнай компаниялары да аймақтағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар мәселелер мен жобаларды шешуге қолдау көрсетуде.
Соңғы 10 жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 16 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаржы аударған.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 10 жыл ішінде 15 млрд. 700 млн. теңге қаржы көлемінде демеушілік көрсетіп келеді.
«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен құны 2 млрд. 350 млн. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі.
«Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен жалпы құны 4 млрд. 800 млн. теңгені құрайтын 650 орындық заманауи үлгідегі жаңа музыкалық колледж құрылысы басталды.
«Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жыл сайын түрлі қайырымдылық акцияларына белсене қатысып, 150 млн. теңгеден астам қаржы аударып келеді.
Биылғы еліміздегі су тасқыны жағдайына байланысты «Торғай Петролеум» (50 млн. теңге) және «Қазгермұнай» (20 млн. теңге) компаниялары 70 млн. теңгеге жуық гуманитарлық көмек көрсетіп, батыс өңірлеріне жолдады.
2004 жылы «Қазгермұнай» компаниясы газ өңдеу қондырғысын орнатып, нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
2010 жылы автокөліктерге арналған сұйытылған газ өңдеу қондырғысын орнатып, тұтынушыларды газбен қамтуда.
Бұл ауқымды жұмыстар аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс сапасының артуына үлкен қолдау деп білемін.
Осы орайда, жан-жақты қолдау көрсеткен барша мұнай және газ компанияларына Сыр өңірі халқының және Өзімнің атымнан ерекше алғысымды білдіремін!
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында Жер қойнауын игеру саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды.
Бүгінгі күні жаңа перспективалы учаскелерді барлау мәселесі өзекті болуда.
Арал шөгінді бассейнінің «Шығыс» және «Батыс» учаскелерінде геологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілуде
(2024 жылдың соңында аяқталатын болады). Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 6 млрд. 300 млн. теңге қаржы қаралды.
Биылғы жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының бастамасымен «Торғай-палеозой» кен орнында тереңдігі
5 мың 500 метр ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталды.
Газ тапшылығына жол бермеу мақсатында Үкімет газ кен орындарын дамытуға ерекше көңіл бөлуде.
2022 жылы жергілікті мұнай компаниялары («ПетроҚазақстан Инк.» және «Тұзкөлмұнайгаз») «Казгермұнай» мекемесінің «Оңтүстік Ақсай» кен орнында орналасқан шикі газды өндеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу бойынша Энергетика министрлігімен меморандумға қол қойылды.
Осы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі жаңа перспективалық мұнай-газ кеніштерін анықтап, облыстың әлеуметтік-экономикасының дамуына ерекше үлес қосады деп сенеміз.
Құрметті мұнай және газ өнеркәсіп саласының
қызметкерлері!
Қарапайым халықтың игілігіне несібе болған қара алтынды игерген Мұнайшылар күнімен Сіздерді тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, еліміздің баянды болашағы мен игілігі жолындағы еңбектеріңізге үлкен жетістіктер мен мол табыс тілеймін!
Еліміз еңселі, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!