Жыл қорытындысы
Қадірлі жерлестер!
Құрметті жиылған қауым!
Ең алдымен баршаңызды төрімізге енгелі тұрған Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір қол жеткізген жетістігіміз – туған жеріне жанашыр әрбір азаматтың еселі еңбегінің жемісі деп білемін.
Барыс жылы – Тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, Сыр елі үшін де берекелі, ырысы мол, саяси оқиғаларға толы жыл болды.
5 маусымда бүкілхалықтық референдум және 20 қарашада Президент сайлауы өтті.
Қашанда ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы елдің болашағы айқындалатын сындарлы сәтте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа зор сенім артып, дауыс берді.
Ардақты әлеумет!
Берекелі жылдағы тың бастамаларымызға Мемлекет Басшысы және Үкімет деңгейінде жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Өздеріңіз білесіздер, кешегі аптада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Асханұлы Смайылов Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында негізгі инфрақұрылымдық, су шаруашылығы, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді. Біздің ұсыныстарымызға қолдау білдірді.
Қадірлі қауым!
Біз қай кезде де өткеннен өнеге алып, бүгінмен өмір сүріп, келешекке қызмет етуді парыз санаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Сыр елінде тың жобалар өркен жайып, ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалды.
Жыл ішінде қол жеткізген табыстарымызды ой елегінен өткізіп, алда тұрған межелі міндеттерді саралауға тиіспіз.
Бүгін, міне, жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын екшеп өтуге мүмкіндік туды.
Қадірлі қауым!
Өңірімізде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Индустрияландыруды дамыту аясында өңірде жалпы құны 613,1 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұл – 6,8 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
2022 жылы 4 млрд. теңгенің 5 жобасын іске асыру жоспарланса, оның бүгінде 3-уі іске қосылды.
Келер жылы Жаңақорған және Қармақшы аудандарында құс фабрикалары іске қосылатын болады.
Биыл орталықтандырылған жылу мәселесін шешу мақсатында «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлесіп, қала аумағын жылу және электр қуатымен толық қамтамасыз ететін 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасы қаланды.
Құны 215 млрд. теңгеден асатын бұл жобаны 2025 жылы аяқтауға ниеттіміз.
Өңірдегі электр желілері 70 пайызға тозған.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында пайдалануға берілген барлық желілер мен қосалқы стансалар жағдайы сын көтермейді.
Республикалық бюджеттен қуаты 35 кВ-қа дейінгі қосалқы станциялар мен электр беру желілерін салуға, қайта жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылмайды.
Үкімет басшысынан Қызылорда облысындағы кернеуі 35 кВ-қа дейінгі (қоса алғанда) қосалқы станциялар мен электр тарату желілерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу сұралды. Жобаларымыз дайын!!!
Түрік компаниясымен бірлесіп, құны 28,1 млрд. теңге болатын, жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіретін зауыт салу бойынша келіссөздерге келдік.
Шыны зауытында қазан айынан бастап өнім шығарылуда.
Бүгінгі күнге 17 мың тоннаға жуық шыны Астана, Алматы, Шымкент қалаларына жіберілді.
Мұнан бөлек, «Шалқия» кен орнында құны 235 млрд.теңге болатын тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастаймыз.
Тұрғын үй саласына ерекше мән берілуде.
Биыл мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына
9,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, бұл қаражатқа 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Алдағы 3 жылда көлемі 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл бойынша салалық министрліктермен жұмыстар жүргізілуде.
Келесі жылы облысымыздың бас шаһарында жалпы құны шамамен 17 млрд. теңгені құрайтын 23 тұрғын үй ел игіліне табысталып, барлығы 1100 отбасы өз пәтер кілттерін алатын болады.
Осы аптада Қызылорда қаласында тұрғын пәтер үйі апатты деп танылған жерлестерімізге 60 пәтерлі жаңа арендалық, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй тарту етілді.
Әрине, кезекте тұрған отбасыларды (33 552 адам) бір мезетте тұрғын үймен қамту мүмкін емес. Алдағы уақытта бұл мәселелерді кезең-кезеңімен санаттарына қарай шешілетін болады.
Инженерлік-инфрақұрылымды дамытуда да оң нәтиже бар.
Облыс халқының 97,8 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу бойынша жұмыс жасаймыз.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының газдандыру деңгейі 67,8 пайызды құрайды.
Биыл 9 елді мекен газдандырылды. Жақында ғана Қазалы ауданындағы Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарын көгілдір отынға қостық.
Келесі жылы құны 12 млрд. теңгені құрайтын 15 газдандыру жобасын іске асыру жоспарлануда. Нәтижесімен облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесін 72 пайызға жеткіземіз.
Жергілікті маңыздағы 366 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге биыл 18,5 млрд. теңге қаржы бөлінді.
Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайызға жеткізіледі.
2023 жылға 36 жобаны қаржыландыру бойынша ұсыныс енгізілді, бұл жолдардың жағдайын 87 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді.
Биыл Қызылорда автобус паркіне «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд.
430 млн. теңге қаржы бөлінді.
Соның аясында 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Қалғаны келер жылдың басында жеткізіледі.
Әрине, бұл қажеттілікті толығымен өтемейді.
Осы мәселені түбегейлі шешу үшін депутаттардың қолдауымен келер жылы 1 млрд. 434 млн. теңгеге қосымша тағы 150 автобус алуға қаржы бағытталды. Осылайша, 300 заманауи, жайлы автобус ел игілігіне беріледі.
Ауылшаруашылығында биыл 188,5 мың гектар жерге егін егіліп, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрап, әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алынды.
Су тапшылығын жоюға Үкіметтен қолдау бар. Биыл 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді. (156 дана насос қондырғысы алынып, 52 ұңғыма бұрғыланды)
Әлеуметтік салада да оң серпін бар.
Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары 27 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға себеп.
2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен жоба құны 36,5 млрд. теңгені құрайтын, ауысымына 100 келушіге арналған емхананы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп бейінді аурухана құрылысын бастауға қаржы қаралды.
Үкімет басшысының өңірге сапары аясында 200 төсектік перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратын салу мәселесін көтердім. Қолдау бар!!!
Биыл облысымызда 19 балабақша (2 мемлекеттік, 17 жеке), 6 мектеп (3 мемлекеттік, 3 жеке), Оқушылар үйі және Өнер мектебі (Жалағаш ауданы) пайдалануға берілді.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды.
Осы аптаның ішінде Жаңақорған және Қазалы аудандарында екі мектеп, екі балабақша пайдалануға берілді.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд. теңгеден асатын 21 мектептің құрылысы жүргізіледі.
Үкіметтің қолдауымен дарынды балаларға арналған физика – математика мектеп интернатының құрылысы басталады. Бұл ел келешегі – балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау!
Мәдениет және спорт нысандарын салуға ерекше көңіл бөлудеміз.
Бұл жұмыстарға демеушілер зор үлестерін қосуда.
Аймағымызда 5-6 айдың ішінде туған жерге жанашыр меценаттар, кәсіпкерлер 9 млрд.теңгеден асатын демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті.
Өңірде «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарымызға тарту етілді.
Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Аналар үйі» орталығының құрылысын жүргізілуде. Келесі жылы мамыр айында пайдалануға беріледі.
Өңірдің Түркістан облысымен шектесетін тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде.
Демеушілердің ықпалымен құны 2 млрд. теңгеге өңірді дамытудың жоба-құжаттамалары жасалынды.
Демеушілікпен Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылды.
Сырдария ауданында, Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн. теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерді.
Арал ауданындағы апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн.теңге қаржыға қайта салынуда.
Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынуда.
Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталды. Келесі жылы ақпан айында құрылысы басталып, 2024 жылы ел игілігіне берілетін болады.
Демеушілердің көмегімен 100 млн. теңгеге қазіргі терминалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әуежай алаңы жаңартылды.
«Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар Сарайының» жобасы басталады.
Келесі жылы 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионы бой көтереді.
Қазіргі таңда, жаңа стадион құрылысына демеуші ретінде «Саутс Ойл» компаниясы ынтасын білдіріп, жобалау жұмыстары атқарылуда.
Осы жазда ел ағаларымен бірге облыс орталығынан бірқатар нысанның іргетасын қалаған болатынбыз.
Құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайының құрылысы 2023 жылы қыркүйек айында пайдалануға берілуі жоспарланса, 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығы желтоқсан айында, ал, сол жағалауда құны
2,7 млрд. теңгені құрайтын Қан орталығы 2024 жылдың қаңтар айында беріледі.
Алда әлі қомақты жобаларымыз бар.
Ардақты жерлестер!
Келер жылғы облыстық бюджеттің көлемі 520 млрд. теңгеге, яғни жарты триллион теңгеден астам қаржыға бекітілді.
Бұл 2022 жылға ұсынылған бюджет көлемінен (361,1 млрд.теңге) 160 млрд.теңгеге немесе 45 пайызға ұлғайды.
Бұл қаржы халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктерін қанағаттандыратын жобаларға, яғни, инженерлік-инфрақұрылымдарға, әлеуметтік нысандар құрылысына жұмсалады.
Сыр өңірін дамытуға бағытталған жобаларымызға қолдау білдірген Ел Президентіне және Үкімет басшысына рахмет айтамын!
Құрметті жерлестер!
Ақ пейілді, дархан көңілді Сыр жұрты қашанда береке-бірлігімен, тату-тәтті тірлігімен төрге озған.
Санаулы күннен кейін жаңа 2023 жылға аяқ басамыз.
Алдағы жыл – еліміз үшін, қасиет мен киесі қатар қонған Сыр өңірі үшін берекелі, табысты жыл болғай!
Баршамыз сол үшін қызмет етейік!
Келер жыл – жақсы өзгерістерге, қуанышты кездесулерге, бақытты оқиғаларға толы болсын.
Жаңа жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесімен, ырыс-несібесімен, толайым табыстармен келсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын!