Тілдерді дамыту және ономастика бөлімі бойынша
2022 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы
ақпарат
2022 жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 73 млн. теңге қаржы бөлінді.
Тіл саясатын іске асыруда Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы арқылы мемлекеттік мекеме, кәсіпорын, ұйым қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін оқыту курстары ұйымдастырылуда.
Есепті мерзімде тіл орталығы арқылы барлығы 385 адам, оның ішінде 161 адам мемлекеттік тілді, 66 адам орыс тілін, 158 адам ағылшын тілін оқыту курстарынан өтті.
Тілдік ахуалды зерделеу бойынша 2022 жылғы І тоқсанның қорытындысымен шығыс құжат айналымындағы мемлекеттік тілдің үлесі жергілікті атқарушы органдар бойынша 99,5%, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері бойынша 98,4% құрады.
Басқарманың тапсырысымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасынан жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыруға бастайтын «Маржан сөз» интеллектуалдық телеойыны мен халық арасында жаңа қазақ әліпбиінің емле ережелерін түсіндіру және осы бағытта атқарылған жұмыстар барысымен таныстыру мақсатында «Тілтаным» телебағдарламасы көрсетілді.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы және жаңа қазақ жазуы» тақырыбында ашық сұхбат алаңы, «Ахмет Байтұрсынұлының әдістеме әлемі» атты облыстық семинар, әлеуметтік желі қолданушылары мен орталық тыңдаушылары арасында «Ахаңның айшықты ойлары» тақырыбында диктант жұмысы ұйымдастырылса, Тіл орталығының әлеуметтік желі парақшасына «#Байтұрсынұлы150жыл» хэштегімен ақпараттық-танымдық айдарлар тұрақты жариялануда.
21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мамандарының қатысуымен «Анамның тілі – айбыным менің» тақырыбында челленджі, Алғыс айту күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында «Алғыс айту – парызым» тақырыбында эсселер байқауы өткізілді.
Кәсіпкерлік нысандардың көрнекі ақпараттарында тіл туралы заңнамалардың сақталуын қамтамасыз ету бағытында облыс көлемінде ақпараттық-түсіндірме және зерделеу жұмыстарын жүргізудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Іс-шаралар жоспарына сәйкес Қызылорда қаласы мен аудандарда 228 кәсіпкерлік нысанға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ көрнекі ақпарат мәселелері бойынша «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді таныстыру мақсатында Өңірлік коммуникациялар орталығында және облыстық Кәсіпкерлер палатасының алаңында брифингтер, жарнама агенттіктерінің өкілдеріне дөңгелек үстел, аудандарда тиісті дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің қатысуымен тіл және ономастика мәселелері тақырыбында көшпелі семинарлар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар өңірдегі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ресми сайттарының және әлеуметтік желідегі ресми парақшаларының мемлекеттік тілде сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету бағытында жүргізілген мониторинг нәтижесімен 4 мекемеге хат жолданып, анықталған 7 қателік түзетілді.
Есепті мерзімде «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 17 топонимикалық атау енгізілді.
Жыл басынан бері тіл және ономастика мәселелері бойынша 30 өтініш қаралып, оларға мерзімінде жауап берілді.
Тоқсан ішінде тақырыптық билбордтардың эскиздері қала, аудан әкімдіктеріне жолданып, нәтижесімен жинақталған мәліметтер жоғарғы органдарға ұсынылды.