Конституциялық Сот: қылмыстық іс бойынша сот талқылауының шегін анықтау туралы норма Конституцияға қайшы келмейді

Конституциялық Сот: қылмыстық іс бойынша сот талқылауының шегін анықтау туралы норма Конституцияға қайшы келмейді

Конституциялық Сот азаматтың Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабы үшінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Өтініш иесі қорғаушы тарапта қылмыстық істі басты сот талқылауы сатысынан алдын ала тыңдау сатысына ауыстыру туралы өтінішхат беру құқығының болмауы өзінің қылмыстық процесте қорғалуын жүзеге асыру мүмкіндігін шектейді деп есептейді. Ал айыптаушы тарап егер басты сот талқылауы барысында қаралып отырған істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, егер басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және оларға қатысты iстi бөлек қарау мүмкiн болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туындаған жағдайда өтінішхат беруге құқылы.

Конституциялық Сот ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігінде көзделген өтінішхаттың тек айыптаушы тараптан болуы оның процестегі құқықтық жағдайына байланысты екенін түсіндірді. Сонымен қатар, бұл нормада процестің басқа қатысушыларының, соның ішінде қорғаушы тараптың да пікірін ескеру бекітілген.

Бұл ретте процестік шешімді судья процестің барлық қатысушыларының пікірін ескере отырып қабылдайды, бұл заң шығарушының айыптаушы тараптың өтінішхатын шешу кезінде қорғаушы тараптың процестік мүдделерін назарға алғанын куәландырады.

Бұдан басқа, басты сот талқылауының дайындық бөлігі шеңберінде (ҚПК-нің 362-бабы) қорғаушы тарап жаңа куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыру және заттай дәлелдемелер мен құжаттарды талап етіп алдыру туралы өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы.

Осыларды ескере отырып, Конституциялық Сот басты сот талқылауының шегін айқындаудың қолданыстағы нормасы, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын (13-баптың 2-тармағы), сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін (14-баптың 1-тармағы) қоса алғанда, Конституция ережелеріне қайшы келмейтінін атап өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігін Конституция сәйкес деп таныды.

Осы тұжырыммен қатар Конституциялық Сот тексерілген қылмыстық-процестік норманың редакциясында айыптаушы тараптың қаралып жатқан істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туралы өтінішхатына қатысты соттың процеске қатысушылардың пікірлерін қаншалықты ескеретіні жеткілікті түрде анық емес деп атап өтті.

Осыған байланысты Үкіметке Конституциялық Соттың осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселесін қарауды ұсынылды.

Нормативтік қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/650996?lang=kk