
Конституциялық Сот азаматтың өтініші бойынша Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) 124-бабының екінші бөлігі, 127-бабының тоғызыншы бөлігі және 171-бабы төртінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексерді.
Өтініш иесіне қатысты осыған дейін сотты құрметтемегені үшін ақшалай өндіріп алу, сондай-ақ оны төлемегені үшін процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылған. Оның пікірінше, соттардың шешіміне шағымданумен байланысты қолданыстағы құқықтық шектеулер өтініш иесіне тағылған айыппұлды төлемей тұрып, оған қатысты жаңа айыппұлдарға алып келген.
Азамат ӘРПК-нің дауланып отырған нормалары оның сот төрелігіне қол жеткізу құқығын шектейді және судьялар бір бұзушылық үшін ақшалай жаза қолдану арқылы процеске қатысушыларды процестік мәжбүрлеу шараларын бірнеше рет қолдану мүмкіндігін теріс пайдалануы мүмкін жағдайлар жасайды деп есептейді.
ӘРПК-нің аталған нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды көрсетті.
Құқықтарды сот арқылы қорғау Конституцияға және заңдарға сәйкес, заң алдында барлығының теңдігі, актілері жалпыға міндетті болып табылатын соттардың тәуелсіздігі қағидаты негізінде әрекет етуі тиіс.
Соттың процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану, оның ішінде ақшалай өндіріп алуды қолдану құқығы сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігі конституциялық қағидаттарынан, судьялар талаптарының міндеттілігінен туындайды және соттың әкімшілік әділет тұрғысынан сот төрелігін жүзеге асыру үшін қажетті дискрециялық өкілеттіктерінің көріністерінің бірі болып табылады.
Әкімшілік процестің барлық қатысушылары сот талаптары мен сот актілерін бұзғаны үшін бірдей жауапты болады. Бұл бапта барлық қатысушылар үшін тең салдарларды қамтамасыз ететін кемсітушілік ережелер жоқ екенін атап өткен жөн.
Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып дәлелдемелер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Соттың тұлғаға жаңа процестік бұзушылық үшін ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасын қайта қолдану құқығы Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына қайшы келмейді.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңда белгіленген өзге де нысандарында сот отырысы залында тәртіпті бұзғаны, процестік міндеттерді орындамағаны және сотты және (немесе) судьяны құрметтемеуді айқын айғақтайтын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін әртүрлі құқықтық ықпал ету шаралары көзделгеніне де назар аударады.
Конституциялық Соттың пікірінше, әртүрлі сот ісін жүргізу нысандарында теңгерімсіздікті жоюдың және ұқсас құқыққа қайшы іс-әрекеттер үшін заңды жауаптылық шараларын және осындай жауаптылыққа тартылатын тұлғаларды қорғау тәсілдерін біріздендірудің объективті қажеттігі туындайды.
Конституциялық Сот даулы болған нормаларды тексерудің нәтижесінде, ӘРПК-нің 124-бабының екінші бөлігі Конституциялық Сот берген төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді танылсын:
«Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудің және әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізудің өзара байланысты мақсаттарын негізге ала отырып, аталған Кодекстің 124-бабы екінші бөлігі екінші абзацының құқықтық ережелерін ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлғаға жоғары тұрған сотқа тиісті ұйғарымға шағым жасау құқығын ол табыс етілген күннен бастап беру деп, сондай-ақ мұндай тұлғаға қолданылған өндіріп алуды заңда белгіленген мерзімде орындау міндетін жүктеу деп түсіну керек».
Конституциялық Сот соттардың ӘРПК-нің 124-бабы екінші бөлігі екінші абзацының ережелерін өзгеше түсіндіруге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс деп атап өтеді.
Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/582386?lang=kk