Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 10 қаңтардағы № 40-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 124-бабы екінші бөлігінің, 127-бабы тоғызыншы бөлігінің және 171-бабы төртінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Өтініш субъектісінің пайымдауынша, ӘРПК-нің 124-бабының екінші бөлігі оның сот төрелігіне қол жеткізу құқығын шектейді, ал 127-баптың тоғызыншы бөлігінің және 171-баптың төртінші бөлігінің ережелері судьялар процестерге қатысушыларға процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану мүмкіндігін бір бұзушылық бойынша бірнеше рет ақшалай жаза қолдану арқылы теріс пайдаланатын жағдайлар жасайды.
Конституциялық Сот дәлелдеу жүктемесін қайта бөлу және соттың процестік белсенділігі әкімшілік сот ісін жүргізу қағидалары бойынша сот ісін талқылаудың негізгі ерекшеліктеріне жатады, бірқатар елдердің әкімшілік-процестік кодекстері мен заңдарында көрініс тапқан, бірі билік өкілеттіктеріне ие болатын тараптардың теңсіздігі кезінде тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған кең таралған практика болып табылады деп санайды. Процестік мәжбүрлеу шараларының айрықша ерекшелігі – бұл соттың оларды тек қана ӘРПК қағидаттарын іске асыру және сақтау, құқықтың теріс пайдаланылуын болғызбау және қандай да бір салалық заңнаманы бұзумен байланысты емес сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатына ғана арналған және сол үшін қолданылатын процестік нормаларды бұзғаны үшін қолдануы. Әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын тиімді іске асыруды қамтамасыз етудің және әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттеріне қол жеткізудің өзара байланысты мақсаттарын негізге ала отырып, ӘРПК-нің 124-бабы екінші бөлігінің аталған абзацында тұлғаның сот ұйғарымына шағым жасау құқығы ол табыс етілген күннен бастап берілетіні, сондай-ақ мұндай тұлғаның қолданылған ақшалай өндіріп алуды заңда белгіленген мерзім ішінде орындау міндеттемесі бекітіледі. ӘРПК-нің 127-бабында әкімшілік процестің барлық қатысушыларына сот талаптары мен сот актілерінің міндеттілігі туралы нормаларды бұзудың тең салдары белгіленеді және кемсітушілік сипаттағы ережелер орын алмайды.
Конституциялық Сот ӘРПК-нің 127-бабының тоғызыншы бөлігін және 171-бабының төртінші бөлігін Конституцияға сәйкес деп таныды, ал ӘРПК-нің 124-бабының екінші бөлігін Конституциялық Соттың берген түсіндірмесінде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды, оған сәйкес ақшалай өндіріп алу түрінде процестік мәжбүрлеу шарасы қолданылған тұлғаға жоғары тұрған сотқа тиісті ұйғарымға шағым жасау құқығын ол табыс етілген күннен бастап беріледі.