Конституциялық Сот әскери және құқық қорғау қызметі саласындағы заңнаманың нормаларын конституциялық емес деп таныды

Конституциялық Сот әскери және құқық қорғау қызметі саласындағы заңнаманың нормаларын конституциялық емес деп таныды

Конституциялық Сотқа «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 38-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының және «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы азаматтың өтініші келіп түсті.

Даулы нормалар мемлекеттік, әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан теріс себептермен босатылған адамдардың әскери және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілейді.

Өтініш беруші 2013 жылы қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен теріс себептермен шығарылған. Бұдан әрі ол тиісті мемлекеттік органдарға әскери қызметте және құқық қорғау қызметінде лауазымдарға орналасу мүмкіндігін түсіндіру өтінімімен жүгінген. Алайда оған аталған заңдарға сілтеме жасала отырып, қызметке қабылдану мүмкін еместігі туралы жауаптар берілген.

Өтініш беруші оларды әділетсіз, өзінің еңбек бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға, мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқықтарына қайшы келеді, сондай-ақ адам құқықтарына шектеулер енгізу жөніндегі конституциялық талаптарды бұзады деп санайды.

Аталған заңнамалық актілердің дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарға назар аударды.

Конституцияның 36-бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

Әскери қызмет – егемендікті, аумақтық тұтастықты жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғаумен байланысты əскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қарулы Күштер, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар əскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі.

Конституциялық Сот № 4 нормативтік қаулысында мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті. Бұл құқықтық ұстанымдар мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ретінде әскери қызметке де қатысты, оған кіру де азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқықтарын іске асырумен байланысты.

Конституциялық Сот бірнеше рет атап өткендей, заң шығарушы мұндай заңдарды қабылдай отырып, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті. Адам құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс. Атап айтқанда, әскери қызметке қабылдауға тыйым салулар белгіленген кезде бұл жол берілген бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, оның салдары, мән-жайы, кінәлілік нысаны, жасалу себептері мен жағдайлары, құқық бұзушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар және басқа да факторлар ескеріле отырып қамтамасыз етілуге тиіс.

Теріс себептермен әскери қызметті мерзімінен бұрын тоқтату әлеуметтік және өзге де кепілдіктерден айырумен де ұштасады және елеулі жалпықұқықтық салдарға әкеп соғады, осыған байланысты әскери қызметшіні бұлайша жұмыстан шығару үшін кез келген емес, адамның әскери қызмет талаптарына сәйкес келмейтіндігін анық куәландыратын, заңнаманы елеулі бұзушылықтары негіз болуға тиіс.

Әскери қызмет туралы заңның дау айтылып отырған нормасы оның әскери қызметшіні теріс себептермен әскери қызметтен шығару жағдайларын айқындайтын өзге де ережелерімен (26-баптың 2-тармағы) тығыз байланысты. Заңның 26-бабы 2-тармағының Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органының немесе ішкі істер органының әскери қызметшісінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы сияқты негізді қамтитын 8) тармақшасын қоспағанда, бұлар барлық әскери қызметшілерге қатысты болады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскери қызметшілерді осындай теріс себеппен әскери қызметтен шығару қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде жүргізіледі. Әскери қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотта шағым жасауға құқылы.

Келтірілген ережелерден осы тәртіп бұзушылық қызметі азаматтардың әскери қызмет өткеруімен байланысты түрлі мемлекеттік органдарда әскери қызметшілерді әртүрлі жауаптылық шараларына әкеп соғатыны шығады. Аталған мемлекеттік органдарда ол өзге мән-жайларға (салдарға, жағдайларға және басқаларға) қарамастан, бір рет қана бұзу фактісі анықталған кезде тоқтатылады. Мұндай іс-әрекеттің құқықтық саралануының және одан туындайтын салдарының да айырмашылығы болады. Мәселен, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшісінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы жұмыстан шығару үшін теріс себеп деп танылатын дербес негіз ретінде көзделмеген және тиісінше әскери лауазымдарға қайта орналасуына кедергі келтірмейді, заңдарда көзделген басқа да жалпықұқықтық салдарға әкеп соқпайды. Осылайша мемлекеттік қызметтің бір түрі шеңберінде ұқсас әскери тәртіп бұзушылықтың түрліше саралануы қызмет орнына (органына) қарай әскери қызметшілерді әртүрлі жауаптылық шараларына алып келеді және бірдей емес салдарға әкеп соғады. Жұмыстан шығару негіздерінің және олармен байланысты шектеулердің мұндай жіктелуінде объективті және ақылға қонымды негіздеме жоқ, әскери қызметтің жалпы қағидаттарына сәйкес келмейді және заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін бұзуға алғышарттар жасайды.

Құқық қорғау қызметінің қызметшілерге қойылатын талаптар, кіру және өткеру шарттары, қолданылатын құралдар және басқа да белгілер бойынша әскери қызметпен көптеген ортақ ұқсастықтары бар.

Қызметкерді құқық қорғау қызметінен шығару негіздерінің бірі – оның бір жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы. Бұл ретте әскери қызметтен және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен айырмашылығы, бұл теріс себеп деп танылмайды және тиісінше құқық қорғау қызметінде лауазымдарға орналасуға немесе әскери қызметке кіруге кедергі келтірмейді.

Конституциялық Сот құқық қорғау қызметі және әскери қызмет туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген, қызметкердің (қызметшінің) дәлелді себепсіз уақытша болмауынан көрінген қызметтік тәртіпті ұқсас бұзушылықтарға сипаты мен салдары бойынша айырмашылығы болатын теріс қылықтар (теріс себеп немесе ондай емес) ретінде баға беру тәсілдері объективті түрде ақталмайды, мемлекеттік қызметтің сол бір немесе ұқсас түрлерін атқаратын адамдардың құқықтарында негізсіз айырмашылықтар туғызады, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу бойынша бастапқыда қойылған конституциялық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізуге әкелмейді деп ескертті.

Конституциялық Сот даулы нормалардың конституциялығын тексеру қорытындысы бойынша «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағының 8) тармақшасымен өзара байланысты болу үшін қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен шығарылған адамдардың әскери қызметке және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы осы құқықтық шектеудің мөлшерлестігінің болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/513386?lang=kk