ҚазақстанРеспубликасыКонституциялықСотыныңнормативтікқаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 31 тамыздағы №27–НҚ)
Конституциялық сот азаматтың «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның (бұдан әрі – әскери қызмет туралы Заң) 38 – бабы 2-тармағының 11) тармақшасының және «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-құқық қорғау қызметі туралы Заң) 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Көрсетілген баптарға сәйкес келісімшарт бойынша әскери қызметке, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне теріс себептермен жұмыстан шығарылған адам қабылданбайды. Өтініш субъектісі 2013 жылы қатарынан үш немесе одан да көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылды. Өтініш субъектісі бұл нормалар оны өмір бойы әскери және құқық қорғау қызметіне қол жеткізу құқығынан айырады деп санайды.
Конституциялық Сот адам құқықтары мен бостандықтарының кез-келген заңнамалық шектеулері барабар, заңды мақсаттарға сай болуы керек және әділеттілік, пропорционалдылық және шамаластылық талаптарына сай болуы керек деп санайды. Теріс себептер бойынша әскери қызметті мерзімінен бұрын тоқтату да әлеуметтік және өзге де кепілдіктерден айырумен ұштасады және елеулі түрде жалпы құқықтық салдарға әкеп соғады, осыған байланысты әскери қызметшіні мұндай жұмыстан босату үшін негіз ретінде кез келген емес, тұлғаның әскери қызмет талаптарына сәйкес еместігін айқын куәландыратын заңнаманың елеулі бұзушылықтары болуға тиіс. Қызметкерді құқық қорғау қызметінен босату үшін негіз болып табылатын бір жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан да көп сағат бойы қызметте дәлелсіз себеппен болмауы, әскери қызмет пен арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен айырмашылығы сол, теріс уәж болып танылмайды және кейіннен тиісінше құқық қорғау қызметінде лауазымдарға орналасуға немесе әскери қызметке кіруге кедергі келтірмейді.
Конституциялық сот әскери қызмет туралы Заңның 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасын және құқық қорғау қызметі туралы Заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасын қатарынан үш және одан да көп сағат ішінде дәлелсіз себеппен қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылған адамдардың әскери және құқық қорғау қызметіне қайта кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде осы құқықтық шектеудің пропорционалдылығының болмауына байланысты Конституцияға сәйкес емес деп таныды және Үкіметке алты айдан кешіктірмей Парламент мәжілісіне заңнаманы Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізуді ұсынды.