Конституциялық Сотқа азаматтар С.Палмамабетов және Т.Шекетов Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағы 2) тармақшасының және Мемлекеттік қызмет туралы заңның 16-бабы 3-тармағы 8) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініштермен жүгінді.
Осы өтініштер бір нысанаға қатысты болғандықтан «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 49-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктірді.
Конституциялық Сот бұған дейін шектеу шараларының негіздері мен шектері Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс екенін бірнеше рет атап өтті (2023 жылғы 21 сәуірдегі № 11, 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған және конституциялық маңызы бар мақсаттарды көздейді. Бұл мақсаттар мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуі, олардың қызметіне қоғамның жоғары сенім білдіруіне негізделген жария құқықтық тәртіпті сақтау және тиісінше қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға жүктелген міндеттерді ойдағыдай шешу қажеттігімен байланысты.
Бұл тұжырым Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың талаптарымен үйлеседі. Мәселен, 2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында бұл қылмыстың қауіптілік дәрежесін ескере отырып, негізделген кезде әрбір қатысушы мемлекет құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарына сай келетін шамада, қылмысы үшін сотталған адамдарды соттың шешімімен немесе кез келген басқа да тиісті құралдар көмегімен өзінің ішкі заңнамасында белгіленген белгілі бір мерзімге бас бостандығынан, жария лауазымды атқару және толық немесе ішінара мемлекет меншігіндегі қандай да бір кәсіпорында лауазымды атқару құқығынан айыруға рәсімдер белгілеу мүмкіндігін қарастырады деп белгіленген (30-баптың 7-тармағы). Сонымен қатар, аталған тәсіл 1999 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еңбек және кәсiптер саласындағы кемсiтушiлiктер туралы 1958 жылғы конвенцияның 1-бабының 2-тармағына сәйкес келеді, онда ерекше талаптарға негiзделген белгiлi бiр жұмысқа қатысты айырмашылық, жол бермеушiлiк немесе артықшылық кемсiтушiлiк болып саналмайды деп бекітілген.
Осылайша, әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығына заңмен енгізілген шектеу қолданыстағы ұлттық құқықтың құрамдас бөлігі болып табылатын Республиканың халықаралық шарттық міндеттемелерінен туындайды және тұтастай алғанда Конституцияның ережелеріне қайшы келмейді.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке негізгі қауіп-қатерлердің бірі ретінде қарастырылып келеді («Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы) және сондықтан үкімде қосымша жаза ретінде көрсетілмейтін бұл шектеу заңға сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаудың жалпықұқықтық салдары ретінде қолданылады.
Еңбек кодексінің осы нормасын бұлайша түсіну кезінде ол Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына қайшы келмейді және адамның өзге салаларда еңбек қызметімен айналысу құқығын жоймайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң тұрғысынан квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы және өзге де шектеулер мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға қатысты ғана айқындалады. Мұндай адамдар деп квазимемлекеттік сектор субъектілерінде басқарушылық функцияларды орындайтын адамдар, атап айтқанда көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкілеттік бойынша орындайтын адамдар танылады (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 2-1) және 4) тармақшалары, 11-бабы 9-тармағының 5) тармақшасы, 13-бабының 2-1-тармағы және 14-бабының 3-тармағы).
Квазимемлекеттік секторда басқарушылық функцияларды жүзеге асырумен байланысты емес өзге де адамдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қойылатын субъектілерге жатқызылмайды.
Конституциялық Сот еңбек қатынастары саласындағы құқықтық реттеу, олардың туындау және тоқтатылу тәртібі мен шарттары, құқықтар мен міндеттердегі айырмашылықтарға алып келетін шектеулер мен жіктеу Конституциямен қорғалатын құндылықтардың, жария және жеке мүдделердің теңгерімін қамтамасыз етуге; шектен тыс емес, тек ақылға қонымды, қатаң негізделген шараларды қолдануға; әділдік талаптарына сай келуге; пропорционал, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін қажет болуға тиіс екенін атап өтеді.
Демек, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу (Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңмен құқықтық өзара байланысты болу үшін көрсетілген ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға қатысты қолданылады.
Әркімнің еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқығын іске асырудың көрсетілген конституциялық-құқықтық мәні (Конституцияның 24-бабының 1-тармағы) Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқығымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгіленеді (Конституцияның 33-бабының 4-тармағы).
Конституциялық Сот қорытынды шешімдерінде мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәртебесінің өзіндік ерекшелігі, ең алдымен, лауазымдық міндеттердің сипатына негізделеді. Заң шығарушы Конституцияның 33 және 61-баптарында бекітілген өз өкілеттігі шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерінің мінсіздігіне және тиісінше жария билікті іске асыруға байланысты олар қабылдайтын шешімдердің заңдылығына азаматтардың күмәнін туғызбау үшін мемлекеттік қызметшілер беделіне жоғары талаптарды белгілеуге құқылы.
Өтініштерді тексеру қорытындылары бойынша, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы Конституциялық Сот берген төмендегідей түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп танылды:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен құқықтық өзара байланысты болу үшін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамның квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу көрсетілген ұйымдарда басқарушылық функцияларды орындаумен байланысты лауазымдарға үміткер адамдарға қатысты қолданылады.
Конституциялық Сот «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 16-бабы 3-тармағының 8) тармақшасы Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.
Нормативтік қаулының толық нұсқасымен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/513375?lang=kk