Молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын сотқа берілетін асырап алу туралы арызға қоса беру туралы талап конституциялық емес деп танылды

Молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын сотқа берілетін асырап алу туралы арызға қоса беру туралы талап конституциялық емес деп танылды

Конституциялық Сот азамат Н.-нің Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 31 наурыздағы «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағы бесінші абзацының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтінішін қарады.

Даулы нормаға сәйкес «Баланы асырап алу кезінде арыз берушінің жұбайының осы балаға қатысты әке болуы анықталса, арызға әке болуын растайтын молекулярлық-генетикалық сараптаманың қорытындысы қоса берілуі тиіс. Мұндай қорытынды болмаған жағдайда, арыз АПК-нің 148-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасының талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сілтеме жасай отырып, қайтарылуға жатады».

Жоғарғы Соттың 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 2 нормативтік қаулысымен нормативтік құқықтық актіге енгізілген, Жоғарғы Соттың 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағының бесінші абзацымен баланы асырап алу туралы істердің белгілі бір санатын қарау барысында молекулярлық-генетикалық сараптаманы міндетті етіп, мұндай сараптаманың нәтижелері арызға қоса берілуге тиіс деп белгіледі және аталған сараптама болмаған жағдайда арыз қайтарылуға жатады деген талап енгізілді. Осылайша, жаңа императивтік норма енгізілді.

Конституциялық Сот Жоғарғы Соттың молекулярлық-генетикалық сараптаманы әке болудың (ана болудың) қажетті дәлелдемелерінің бірі деп танитын құқықтық ұстанымы сот шешімдерінің дәлелді базасын нығайтуға жәрдемдесетінін және бала құқықтарын қорғайтынын, бұл осы санаттағы істерді қарау үшін маңызды екенін атап өтеді.

Алайда, молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын сотқа берілетін бала асырап алу туралы арызға қоса беру туралы императивті талап және осы талап сақталмаған кезде арызды қайтару Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес келмейді. Конституциялық Соттың пікірінше, соттың өзі сот процесінің барысында істі дәлелдеу үшін қажетті және жетіспейтін сараптаманы (оның ішінде молекулярлық-генетикалық) тағайындауға, оны қандай да бір ұйымда жүргізудің заңдылығын тексеруге, ондағы тұжырымдарды бағалауға және ескеруге құқылы.

Сонымен бірге, Конституциялық Сот материалдық қиын жағдайда жүрген, молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу үшін ақы төлеу мүмкіндігі уақытша жоқ азаматтар үшін, сондай-ақ азамат аталған сараптаманың сот процесі барысында жүргізілуіне үміттенген өзге де жағдайларда молекулярлық-генетикалық сараптаманың болмауы сотқа жүгінуге кедергі келтірмеуге тиіс екендігіне назар аударады. Мұндай жағдайларда сот азаматтың арызын қарауға қабылдауға және жаңа технологиялардың дамуымен пайда болуы мүмкін, әке болуды (ана болуды) дәйекті анықтауға мүмкіндік беретін сараптамалардың көрсетілген немесе өзге түрін тағайындауға тиіс. Мұндай тәсіл баланың мүдделерін барынша толық қамтамасыз етуге ықпал ететін болады (Конвенцияның 3-бабы).

Конституциялық Сот конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, халықаралық тәжірибені және жекелеген шет елдердің заңнамасын талдай отырып, Жоғарғы Соттың «Соттардың бала асырап алу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» 2016 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 3-тармағының бесінші абзацы Конституцияның 3-бабының 4-тармағына, 13-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1-тармағына, 61-бабы 3-тармағының 1) және 6) тармақшаларына сәйкес келмейді деп таныды.

Нормативтік қаулының толық мәтінімен сілтеме арқылы танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/476950?lang=kk