Конституциялық Сот ҚПК-нің үйқамақта қолданылатын шектеулері туралы ережелерін түсіндірді

Конституциялық Сот ҚПК-нің үйқамақта қолданылатын шектеулері туралы ережелерін түсіндірді

Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 146-бабы екінші бөлігінің жекелеген ережелерінің конституциялылығын тексерді. 

Өтініштің мәні

Конституциялық Сотқа адвокат Д.Н.Утебековтің азамат Қ.Д.Молдағалиевтіңмүддесіне қатысты ҚПК-нің 146-бабының екінші бөлігінің ережелерін үйқамақтағы адамға қатысты тұрғын үйден шығуға, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге, хат-хабарлар алуға және байланыс құралдарын пайдалануға шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес емес деп тану туралы өтініші келіп түсті. 

Өтініш иесінің позициясы

Өтініш субъектісінің адвокаты хабарлағандай, сот белгілеген шектеулер тергеушінің әрекеттеріне прокуратураға және тергеу сотына шағым түсіруге, тергеу сотының отырыстарына қатысуға, азаматтық сот ісін жүргізуге және өз құқықтарын қорғауға, адвокатты қабылдауға және тікелей заң көмегін алуға, өміріне қауіп төнген жағдайда шұғыл қызметтерге жүгінуге және тұрғын үйден эвакуациялауға, дәрігерлерді шақыруға немесе оларға бару, дәріханаға баруға немесе дәрі-дәрмектерді жеткізуге тапсырыс беруге, ашық ауада серуендеуге, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға мүмкіндік бермейді.  

Конституциялық Соттың шешімі

Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 146-бабы екінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақтарының ережелері мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп қаулы етті:

үйқамақ кезінде көзделген, соттар жеке не тұтастай қолданатын шектеулер тұтқындалған адамның және оның қорғаушысының өмір сүру және денсаулығын сақтау, құқық субъектісі ретінде танылу, өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау, сот арқылы қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдік берілген құқықтарының, сондай-ақ олардан туындайтын, ҚПК-де бекітілген процестік   құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексін Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізуі қажет.  

Конституциялық Соттың құқықтық позициялары

Конституциялық Сот әркімнің құқық субъектісі ретінде танылу құқығына кепілдік беріле отырып, Конституцияда оған өз құқықтары мен бостандықтарын, сот арқылы қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарын қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға мүмкіндік беретініне назар аударады (13-бап).  Конституция заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең дегенді белгілейді  (14-бап), әркімнің өмір сүруге (15-баптың 1-тармағы), жеке басының бостандығына құқықтарын бекітеді, мұны қамаққа алу және күзетпен ұстау түрінде шектеуге заңда көзделген жағдайларда ғана және тұтқындалған адамға шағым жасау құқығы беріле отырып, тек сот санкциясымен ғана жол беріледі. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адамға сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқығы беріледі (16-бап). Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар (29-баптың 1-тармағы).

1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда әр адам тек басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану жәнеқұрметтеу мақсаты көзделген жағдайда ғана және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсаты көзделген жағдайда ғана, заңмен белгіленген шектеуге ұшырауы тиіс» (29-баптың 2-тармағы) деген ереже бекітілген.

Конституциялық Сот үйқамақ кезіндегі шектеу шаралары күдіктіні, айыпталушыны қоғамнан оқшаулаудың қажетті дәрежесін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтеді. Бұл болжалды шаралар анағұрлым жұмсақ бұлтартпау шараларын – ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепiлгерлік, әскери қызметшiнi әскери бөлiм қолбасшылығының байқауда ұстауына беру және басқалары қолданылған кезге қарағанда анағұрлым қатаң болуы мүмкін.

Конституциялық Сот қылмыстық сот ісін жүргізуде үйқамақ мақсаттарына қол жеткізу арасында – қылмыстық сот төрелігінің жария-құқықтық мүдделері мен осы бұлтарпау шарасына тартылған адамдардың конституциялық құқықтарын, сондай-ақ заңды мүдделерін қорғау арасында жеке адамның қалыпты тыныс-тіршілігі үшін айыруға болмайтын, бірінші кезектегі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған ақылға қонымды теңгерім сақталуға тиіс деп есептейді.

Кез келген бұлтартпау шарасын қолдану күдіктінің (айыпталушының, сотталушының) және қорғаушының ҚПК-де бекітілген құқықтарын (64, 65, 70-баптар) бұзуға жағдай жасамауға тиіс.

Өтініш субъектісі дау айтып отырған ҚПК-нің ережелері өз арасында не үйқамақтағы адамдарға қатысты қолданылатын өзге де шектеулермен жинақтай келгенде құқық қолдану практикасында оларды конституциялық құқықтарынан айыруға алып келмеуге тиіс. Мұндай шектеулер адамды қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ете отырып, оның өмірі мен денсаулығына төнетін қатер тәуекелін болғызбауға тиіс.

Заң шығарушы заңдарды қабылдаған кезде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мәнін бұрмаламай және Конституцияның белгілі бір нормаларына сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, оларды шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті.    

Конституциялық Сот адамдарды үйқамақтаұстау бөлігінде ҚПК-нің нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті және дәлелденген өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп атап өтеді.  

Осылайша ҚПК-нің 146-бабы екінші бөлігі 1), 2) және 3) тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді.

Нормативтік қаулының толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/455078?lang=kk