Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz
11 шілдеден бастап «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы» ҚР ІІМ-нің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына енгізілген түзетулер (https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=35653021#activate_doc=2) қолданысқа енгізіледі. Бұл түзетулер сотталғандардың заңгерлік және медициналық көмек алу құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталатын сотталғандарға, сондай-ақ тәртiптiк изоляторға, жалғыз адамдық камераға және уақытша оқшаулау үй-жайларында қамалған сотталғандарға телефон арқылы адвокатпен сөйлесуге, сондай-ақ медицина қызметкерінен кеңес алуға рұқсат беріледі.
Өзгерістер Конституциялық Соттың 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №60-НҚ нормативтік қаулысын орындау мақсатында қабылданды (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/documents/details/770974?lang=kk), онда конституциялық бақылау органы сотталған адамның жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда, сондай-ақ жазаны өтеудің қатаң жағдайларында ұсталу кезеңінде білікті заңгерлік немесе медициналық көмек алу мақсатында телефон арқылы сөйлесуге құқығын атап өтті.
Конституциялық Сот Ішкі істер министрлігіне сотталғандарды ұстау шарттары туралы ведомстволық ережелерді білікті заңгерлік көмек алу және денсаулық қорғау құқықтары бөлігінде Конституцияға, сондай-ақ Қылмыстық-атқару кодексінің және «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның тиісті нормаларына сәйкес келтіруді ұсынды (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/911284?lang=kk).