Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №60-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 27 желтоқсандағы № 60-НҚ)

 

Конституциялық Сот  А.Ф. Кунакбаевтың 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) 109-бабы екінші бөлігінің, 134-бабы бірінші бөлігі 2) тармақшасының және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығымен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 104-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 1 және 2-тармақтарына, 13-бабының 1 және 3-тармақтарына, 20-бабының 2-тармағына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Қазіргі уақытта өтініш субъектісі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде бас бостандығынан айыру түріндегі ұзақ мерзімді жазасын өтеп жүр. Ішкі тәртіптемені бұзғаны үшін осы мекеменің тәртіптік изоляторына жабылған кезде оған білікті заң көмегін алу үшін адвокатына телефон қоңырауын шалу мүмкіндігі берілмеген.

Өтініш субъектісі өзі көрсеткен нормалар телефон арқылы сөйлесуге тыйым салу бөлігінде өзін заңға қайшы келмейтін барлық тәсілмен қорғауға конституциялық құқығын, сондай-ақ білікті заң көмегін және медициналық көмек алу құқығын бұзады деп есептейді.

Бұған дейін Конституциялық Сот Конституцияда бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы ешбір жағдайда шектелуге жатпайды. Осы мәнмәтінде «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңынан (бұдан әрі – Заң) басқа, өзге де нормативтік құқықтық актілерде заң көмегін көрсету ерекшеліктерін белгілеу құқықтық процестің ерекшелігі ескеріле отырып, осындай көмек көрсететін адамдардың қызметі үшін ерекше жағдайлардың жасалуын білдіруі мүмкін, бірақ заң көмегінің көлемі, түрлері мен тәсілдері қысқартылмауға тиіс деп түсіндірген болатын (2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулы).

Конституцияның 34-бабының 1-тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Сотталған адамның негізгі міндеттерінің қатарына оның жазаны орындайтын мекемелердің немесе органдардың ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауы, осы мекемелердің немесе органдардың қызметкерлерінің, сондай-ақ сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдардың заңды талаптарын орындауы жатқызылған (ҚАК-тің 11-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшалары).

ҚАК-те жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзған сотталғандардың құқықтарына белгілі бір шектеулердің бекітілуі, олар адамның қадір-қасиетін қорламаса және заң деңгейінде ғана бекітілсе, сондай-ақ жасалған бұзушылыққа мөлшерлес болса, Конституцияға қайшы келмейді.

ҚАК-тің 109-бабының екінші бөлігінде және Қағидалардың 104-тармағында жазылған, телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігін беру жағдайларының тізбесі сотталған адамның әлеуметтік байланыстарын қолдауға ықпал етеді және құқық қолдану практикасында түпкілікті болып қабылданбауға тиіс. Бұл норманы жазасын өтеудің қатаң жағдайларында болған, сондай-ақ тәртіптік изоляторда ұсталған кезеңінде де сотталған адамның білікті заң көмегін немесе медициналық көмекті алу мүмкіндігін шектемейтін ҚАК-тің өзге де ережелерімен өзара байланыста қарау керек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес адвокаттар заң көмегін әртүрлі көріністерде көрсетеді, оның ішінде құқықтық мәселелер бойынша ауызша да, жазбаша да нысанда консультациялар береді. Мұндай құқықтық консультация беру арыздарды, шағымдарды, өтінішхаттарды және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жасау мәселесіне қатысты болуы мүмкін (Заңның 1-бабының 8) тармақшасы және 45-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшалары).

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық Сот ҚАК-тің және Қағидалардың дау айтылып отырған нормаларын өзі берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды, түсіндірмеге сәйкес жазалау тәртібімен тәртіптік изоляторда ұсталған, сондай-ақ жазасын өтеудің қатаң жағдайларында болған кезеңде сотталған адамның білікті заң көмегін немесе медициналық көмек алу мақсатында телефон арқылы сөйлесуге құқығы бар.

Бұдан басқа, Конституциялық Сот Ішкі істер министрлігіне Кодекс пен Заңға қатысты анықталған құқықтық сәйкессіздіктерді жою мақсатында осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қағидалардың жекелеген ережелерін нақтылауды ұсынды.

Дата публикации
27 декабря 2024