Конституциялық Сот әкелігі анықталған адамның жұбайы баланы асырап алу туралы істі сотта қараған кезде молекулалық-генетикалық сараптама қорытындысын ұсынуды көздейтін «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс пен Азаматтық процестік кодекс нормаларының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш иесі әкелікке қатысты дау болмаған жағдайда соттың ДНҚ сараптамасын талап етуі жеке және отбасылық өмірге қол сұғылмаушылық құқығын, теңдік қағидатын және сот арқылы қорғалу құқығын қозғайды, сондай-ақ баланың ең үздік мүдделерінің басымдығы қағидатына сәйкес келмейді деп есептеген.
Конституциялық Сот бала асырап алу институты баланың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сот талқылауы барысында тағайындалған молекулалық-генетикалық сараптама әкесімен туыстық байланысты растауға мүмкіндік береді, сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етеді және баланың өз ата-анасын білу құқығын іске асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар Конституциялық Сот нақты істің фактілік мән-жайларын қарау және бағалау оның өкілеттігіне жатпайтынын еске салды.
Тиісті құқықтық реттеудің конституциялылығы бұған дейін тексерілгенін және өтініш иесінің құқықтары мен бостандықтарының бұзылу белгілері анықталмағанын ескере отырып, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдаудан бас тартылды.
Конституциялық Сот жұмыс беруші мен жұмыскер арасында бәсекелеспеу туралы шарт жасасуды реттейтін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 29-бабының 1 және 2-тармақтарының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Өтініш иесі еңбек шарты тоқтатылғаннан кейін шектеулер белгілеу мүмкіндігі еңбек ету бостандығына және кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне құқықтарды қозғайды деп есептеген.
Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 29-бабы шеңберлік сипатқа ие екенін және тараптардың келісімі бойынша бәсекелеспеу туралы шарт жасасу мүмкіндігін көздейтінін атап өтті. Бұл ретте шарттың нақты талаптары мен шектеулерін тараптар заңнама талаптарын ескере отырып айқындайды.
Сонымен қатар шарт талаптарының жарамдылығы, айыппұл өндіріп алу және жұмыс берушіге келтірілген залалдың бар-жоғы туралы мәселелер жалпы юрисдикциядағы соттардың құзыретіне жатады. Сот шешімдерін қайта қарау және істің нақты мән-жайларына баға беру Конституциялық Соттың өкілеттігіне кірмейді.
Осылайша, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдау үшін негіздер анықталған жоқ.
Конституциялық Сот «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 51-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің және Жоғарғы Соттың «Соттардың баланың тегін анықтауға байланысты істерді қарау кезінде заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағы бірінші абзацының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.
Өтініш субъектісінің пікірінше, дауланып отырған нормаларды қолдану заңда көзделген мән-жайларда өз құқығын пайдаланған адамға белгілі бір міндеттер жүктеуге және құқықтық салдарларға әкеп соғуы мүмкін. Оның пайымдауынша, бұл неке және отбасы саласындағы конституциялық кепілдіктерді, меншік және мұрагерлік құқықтарын, сондай-ақ балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу жөніндегі құқықтар мен міндеттерді қозғайды.
Конституциялық іс жүргізудің барысы мен қорытындылары туралы Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында хабарланады.
Конституциялық Сот кредитордың санатына қарай сот арқылы банкроттық рәсіміне қол жеткізудің әртүрлі болуына қатысты мәселе көтерілген өтінішті қарады.
Өтініш берушінің пікірінше, мұндай талап мүліктік жағдайы бірдей азаматтардың құқықтық жағдайында айырмашылық туғызуы мүмкін.
Іс материалдарын зерделеу нәтижесінде Конституциялық Сот дауланып отырған норманың Конституцияға қайшы келмейтінін анықтады. Заңнамада сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың бірыңғай шарттары белгіленген және тиісті өтінішпен жүгінуге құқығы бар адамдар тобына шектеу қойылмаған.
Өтініш берушінің сот арқылы қорғалу құқығының бұзылғаны туралы уәждері де расталмады. Оның заңды соттардың дұрыс қолдануына және істің нақты мән-жайларына баға беру туралы талабы Конституциялық Соттың өкілеттігіне жатпайды.
Осылайша, өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдауға негіздер анықталған жоқ.
Қазақстан халқының тілдері күні және көрнекті ағартушы, ғалым-лингвист Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында Конституциялық Сотта «Тіл шебері» байқауы өтті.
Байқауға Конституциялық Сот Аппаратының жас қызметкерлері қатысты. Олар бес тақырыптық кезең барысында қазақ тілін, Қазақстанның тарихы мен дәстүрлерін білу деңгейін, сондай-ақ зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Байқау жас қызметкерлердің тіл мәдениетін арттыруға және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде лингвистикалық талаптарды сақтаудың маңыздылығына назар аударуға бағытталды. Құқықтық нормаларды сауатты, анық әрі бірмәнді тұжырымдау олардың құқықтық мағынасын дәл әрі дұрыс жеткізу үшін ғана емес, құқық қолдану практикасында, әсіресе азаматтар үшін, құқықтық мазмұнның түсінікті болуын қамтамасыз етуде де айрықша маңызға ие.
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 25-бабының 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.
Өтініш иесі жекелеген азаматтарды нотариаттық әрекеттер жасағаны үшін ақы төлеуден босату жекеше нотариустардың тиісті сыйақысыз қызмет көрсетуіне алып келеді және олардың кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін тең емес жағдайлар туғызады деп есептейді. Өтініш иесінің пікірінше, мұндай міндет жекеше нотариустардың конституциялық құқықтарына, оның ішінде теңдікке, жеке бас бостандығы мен қадір-қасиетіне берілетін кепілдіктерге әсер етуі мүмкін.
Қарау нәтижелері туралы Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында хабарланатын болады.
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 3) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.
Өтініш иесі аталған нормада белгіленген педагогтік қызметпен айналысуға тыйым салу іс жүзінде өмір бойына қолданылатын сипатқа ие және жасалған іс-әрекеттің санаты мен ауырлық дәрежесі ескерілместен қолданылатынын, бұл еңбек ету бостандығына құқық пен теңдік қағидатына нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.
Қарау нәтижелері туралы Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында хабарланатын болады.
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 93-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінің және 94-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдады.
Өтініш иесі кеңестік кезеңде алты және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін марапатталған көпбалалы аналар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес марапатталған аналармен жәрдемақы алу құқығы бойынша тең құқықтарға ие болуы тиіс деп есептейді.
Қарау нәтижелері туралы Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында хабарланатын болады.
Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 50-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті іс жүргізуге қабылдады.
Өтініш беруші мемлекеттік қызметші болып табылмайтын және сыбайлас жемқорлық қылмысының арнаулы субъектісінің белгілеріне ие емес адамға белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салуды қолдану әділеттілік, мөлшерлестік және жауаптылықты даралау қағидаттарын бұзуы, сондай-ақ еңбек ету құқығы мен кәсіптік қызметті еркін таңдау құқығын шектеуі мүмкін деп есептейді.
Қарау нәтижелері туралы Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында хабарланатын болады.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қарағанды облысы білім беру қызметкерлерінің «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты тамыз конференциясында адами капиталды дамыту және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова, білім беру ұйымдарының басшылары, мемлекеттік органдар мен сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Педагогтер алдында сөз сөйлеген Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева Конституция тек оқып-үйрену пәні болып қана қоймай, баланың күнделікті құқықтық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуға тиіс екенін атап өтті.
«Бала – құқықтары мен мүдделерін қорғауға бүкіл мемлекет жұмылдырылатын жоғары конституциялық құндылықтардың бірі. Мемлекет шешім қабылдау кезінде баланың ең үздік мүдделерін басшылыққа алуға тиіс», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, конституциялық мәдениетті қалыптастыру тек бейіндік сабақтардың міндеті емес. Әрбір педагог оқушылардың өз құқықтары мен міндеттерін түсініп қана қоймай, басқа адамдардың қадір-қасиеті мен бостандығын құрметтеуіне ықпал ете алады.
«Заң және тәртіп» қағидатына, сыни ойлауды дамытуға, цифрлық мәдениетке, қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғауға ерекше назар аударылды.
«Конституция бізге азаматтың жеткілікті дәрежеде айқын бейнесін береді. Ол – өз құқықтары мен міндеттерін білетін, өзгенің бостандығын құрметтей отырып, өз бостандығын пайдалана алатын және қабылдаған шешімдерінің салдары үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын заманауи адам», – деп атап өтті Айжан Жатқанбаева.