Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 желтоқсандағы №56-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат 

(2024 жылғы 24 желтоқсандағы № 56- НҚ)

Телеграм КС - https://t.me/consot_kz/1067 

 

Конституцилық Сот В.В. Колесниковтің Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі – АПК) 434-бабы екінші бөлігі 3) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады

АПК-нің аталған нормасында талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға шектеу белгіленген. Өтініш субъектісі бұл шектеуді өзінің мүліктік жағдайын ескере отырып, өзін сот арқылы толыққанды қорғалу құқығынан айыратын кемсітушілік деп есептейді.

Жоғарғы Соттың АПК-нің аталған нормасына сілтеме жасай отырып, М.М. Кустаевтың талап қоюы бойынша өтініш субъектісіне өз өкілінің қызметтеріне 50 мың теңге көлемінде ақы төлеу бойынша шығындарды өтеуді жүктеу туралы аппеляциялық сатының шешімін қайта қарау туралы өтінішхатын қараудан бас тартуымен келіспеуі Конституциялық Сотқа жүгінуге себеп болып отыр. М.М. Кустаев аталған шығыстарды Қылмыстық кодекстің131-бабының екінші бөлігі (басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған, әдепсiз түрде кемсiту) бойынша В.В. Колесниковтің өзіне қатысты жеке айыптауы бойынша қылмыстық іс шеңберінде шеккен. Сот үкімімен М.М. Кустаев ақталған.

Бұған дейін Конституциялық Сот өзінің бірқатар қорытынды шешімдерінде Негізгі Заңда әркімнің құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беріліп, сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айқындала отырып, оны іске асыру тәртібі тікелей бекітілмейді деп атап өткен болатын. Сонымен бірге, заң шығарушы өзінің дискрециялық өкілеттігін қолдана отырып, Конституция нормаларының шегінде әрекет етуге тиіс.

Осы өтінішті қарау нәтижесінде қабылданған қорытынды шешімде Конституциялық Сот заң шығарушы бұл мәселеде Конституция шегінде, әсіресе, адамның кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарына қатысты құқық үстемдігі призмасы арқылы ақылға қонымды дискрецияны қолдана алады деп атап өтеді. Заң шығарушы сот төрелігінің қол жетімділігі мен тиімділігі арасында ақылға қонымды теңгерім табуға тиіс. Осыған байланысты Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына назар аударады, онда 2027 жылғы 1 шілдеден бастап АПК-нің 434-бабы екінші бөлігінің 3) тармақшасын алып тастау көзделеді.

Сонымен қатар, Конституциялық Сот атап өткендей, заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексерудің заң деңгейіндегі ықтимал жаңа тәсілдері мен рәсімдері, олар белгіленген жағдайда, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің конституциялық мақсаттарына барынша сай келуге және құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз ету, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру және құқық үстемдігі мақсатында заңнаманы түсіндіру үшін іргелі маңызы бар құқық мәселелерін шешу міндетіне сәйкес келуге тиіс.

Осылайша, қарау қорытындысы бойынша Конституциялық Сот АПК-нің аталған нормасының конституциялылығы туралы қорытындыға келді және бір мезгілде, азаматтардың кассациялық сатыға қол жеткізуіне байланысты өзге де ережелер бекітілгенін ескере отырып, Үкіметке Конституциялық Соттың қабылданған нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес АПК-ні одан әрі жетілдіру мәселесін қарауды ұсынды.

Дата публикации
25 декабря 2024