Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі №51-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2024 жылғы 13 қыркүйектегі № 51-НҚ)

 

Конституциялық Сот Д.Г. Кияшеваның «Төрелік туралы» 2016 жылғы 8 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарап, оны Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп таныды, аталған тармаққа сәйкес төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішхатты және атқару парағын беруден бас тартуды қараған кезде сот төреліктің шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.

Сонымен қатар Конституциялық Сот заңдық тұрғыдан дәлме-дәлдікке және құқықтық салдардың болжамдылығына қатысты құқықтық актілерге қойылатын талаптардың сақталмауын анықтады. Конституциялық бақылау органы өзінің қорытынды шешімінде заң нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және оларды өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс деп атап өтті.

Көрсетілген норма қолданысқа енгізілгенмен, оның 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 1090-бабының және 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 255-бабының нормаларымен, Төрелік туралы заңның 52-бабының 2-тармағымен арақатынасы мәселесі шешілмеген күйінде қалып қалды, бұл тармақ, егер төрелік шешім Қазақстан Республикасының жария тәртібіне қайшы келсе, сотқа төрелік шешімнің күшін жоюға мүмкіндік береді.

Конституциялық Сот бұзылуы соттың төрелік шешімнің күшін жоюға әкеп соғатын Қазақстан Республикасының жария тәртібі деп Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде бекітілген құқық тәртібінің негіздері түсінілетінін еске салып өтті (Төрелік туралы заңның 2-бабының 1) тармақшасы).

Баяндалған құқықтық ұстаным негізінде Конституциялық Сот қаралған заңнамалық актілер нормаларының құқықтық анықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының төрелік туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселесін Үкіметке қарауды ұсынды.

 

Дата публикации
13 сентября 2024