Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 26 шілдедегі № 50-НҚ)
Конституциялық Сот азаматтардың Салық кодексінің 616-бабы бірінші бөлігі 13) тармақшасының Конституцияның 13-бабының 2-тармағына және 14-бабына сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады.
Салық кодексінің көрсетілген нормасына сәйкес талап қоюшылар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, бала жасынан мүгедектігі бар адамның немесе мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі барлық iстер мен құжаттар бойынша соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Азаматтық істер бойынша жауапкерлер болып табылатын өтініш берушілердің пікірінше, Салық кодексінің аталған нормасы сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасалған кезде өздерінің сот төрелігіне қол жеткізу конституциялық құқығына нұқсан келтіреді, атап айтқанда сот шешіміне кассациялық сатыда шағым жасаған кезде, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға барабар мәртебесі бар болғандықтан соттарда мемлекеттік баж төлеуден заңмен босатылған, дәл осындай әрекеттер жасаған талап қоюшылармен салыстырғанда өздерін тең емес процестік жағдайға қояды.
Бұған дейін Конституциялық Сот өзінің қорытынды шешімдерінде заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген адам құқықтарын мемлекеттің тең қорғайтынын және әркімнің заң алдындағы бірдей жауаптылығын, міндеттерді орындауға қойылатын талаптардың біртұтастығын білдіретінін атап көрсеткен болатын. Заңдармен адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді. Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Осы конституциялық қағидатты іске асыру қорғау тәсілдерінде және материалдық және процестік нормалардың біртұтастығы негізінде бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіруде тең болуды алдын ала айқындайды.
Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялай отырып, әлеуметтік теңсіздікті төмендету және мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сондай-ақ белгілі бір өмірлік жағдайларға байланысты мемлекеттің көмегін қажет ететін өзге де адамдарға қолдау көрсету міндеттемелерін алды. Сонымен қатар бұл сот төрелігіне қол жеткізу құқығына, атап айтқанда өз құқықтарын сотта қорғауға қатысты.
Осылайша, Конституциялық Соттың пікірінше, Салық кодексінің 616-бабы бірінші бөлігінің 13) тармақшасында белгіленген, азаматтарды олардың бірдей әлеуметтік мәртебесі болған кезде кассациялық шағым жасау сатысында процестік жағдайы бойынша бөлетін тәсілдің ақылға қонымды және объективті негіздемесі жоқ, құқықтық қорғау құралдарында теңсіздік белгілері қамтылады.
Қаралып отырған тұлғалар үшін олардың әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, кассациялық шағым жасау сатысында бірыңғай заңнамалық тәсілді қолдану қажет.
Жоғарыда жазылғандардың негізінде Конституциялық Сот «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 616-бабының екінші бөлігімен өзара байланысты болу үшін осы Кодекстің 616-бабы бірінші бөлігі 13) тармақшасының ережесі «талапкерлер – » деген сөзді қолдану бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды.