Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2024 жылғы 29 мамырдағы № 45-НҚ)
Конституциялық Сот Бас Прокурордың сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратураның сотта мемлекет мүдделерін білдіру жөніндегі құзыреті туралы конституциялық норманы түсіндіру бөлігінде Конституциялық Кеңес бұрын қабылдаған нормативтік қаулының (1997 жылғы 6 наурыздағы № 3) ережесіне (6-тармақ) түсіндірме беру туралы өтінішхатын қарады.
Конституциялық Сот «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңға сәйкес Конституциялық Кеңестің құқықтық мұрагері болып табылады.
Бас Прокурордың конституциялық бақылау органы бұрын шығарған шешімді қосымша түсіндіру туралы өтініші тергеу судьясының жасырын тергеу әрекеттерін, қарап-тексеруді, тінтуді, алуды, жеке тінтуді, мүлікке тыйым салуды, мәжбүрлеп куәландыруды және тағы басқаларды санкциялау туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын қарау сатысында прокурордың қатысу мүмкіндігі мәселесіне байланысты.
Конституциялық Сот басқа мемлекеттік орган, прокуратурадан айырмашылығы, сотта тарап ретінде әрекет ете отырып, өз шешімінің негізділігін қорғайтынын немесе өзіне заңмен берілген өзге де әрекеттерді мемлекет атынан орындайтынын, яғни өз құзыреті шегінде мемлекет мүдделерін білдіретінін атап өтті. Ал сот ісін жүргізуде прокуратура қызметінің конституциялық тұрғыда айқындалған бағыттарының ерекшелігі – ол мемлекет мүдделерін кешенді түрде білдіруді, оның ішінде мемлекеттік органдардың жекелеген лауазымды адамдарының қызметі салдарынан адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы ықтимал жағдайларда мемлекет мүдделерін білдіруді мақсат етіп қояды.
Конституциялық Сот Конституциялық Кеңестің бүгінгі күнде қолданыстағы шешімінің 6-тармағын түсіндірумен қатар Үкіметке, Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тергеу сотының қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру және сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында прокуратураның конституциялық функцияларын барынша толық іске асыруға қол жеткізу мәселелерін қосымша қарауды ұсынды.