Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулысы

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 6 қазандағы № 36-НҚ)

 

Конституциялық Сот азаматтың «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

Аталған бапқа сәйкес судья сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Өтініш субъектісінің пікірінше, осы баптың тармақшасының мазмұны судьяның тәуелсіздігіне теріс әсер етеді, ол әкімшілік өкілеттіктері бар адамдардың бақылауына немесе ықпалына ұшырамай, жазадан қорықпай, заңды басшылыққа алуға тиіс.

Конституциялық Сот cот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктері оның конституциялық мақсатын алдын ала айқындайды және судья лауазымын атқаратын азаматтың жеке басының артықшылығы болып табылмайды деп санайды.

Судьялар судьялық қате жасағаны, сондай-ақ сот актісінің күшін жойғаны немесе оны өзгерткені үшін жауаптылықтан босатылады. Бұған материалдық және (немесе) процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылған кезде жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде көрсетілген заңды өрескел бұзу фактісі кірмейді.

Мемлекет судья тәртіптік жауаптылыққа тартылған кезде әр сатысында судьяның өзінің қатысуымен алқалы түрде шешім қабылданатын көп сатылы іс жүргізуді белгілеген.

Сонымен қатар, судья жұмысының сапасына өзге сот актісінде емес, нақты істер бойынша жоғары тұрған соттардың қорытынды шешімдерінде баға берудің өзі сот талқылауы нысанасына кірмейді. Процестік заңнамада судьяға осы сатыда құқықтық қорғанудың тиісті құралдарын, оның ішінде сотта шағым жасау құқығын пайдалану мүмкіндігі берілмейді.

Осыған байланысты судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту бөлігінде заңнаманы одан әрі жетілдіру қажет. Конституциялық заңның нормалары судьяны жауаптылыққа өз бетінше тартуға және судьяның конституциялық-құқықтық мәртебесіне, тәуелсіздігіне және оған ешкімнің тиіспеуіне қол сұғуға жол бермеуге тиіс.

Конституциялық Сот Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын Конституцияға сәйкес деп танып, Үкіметке сот жүйесі туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуді ұсынды.

 

Дата публикации
06 декабря 2023