Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат
(2023 жылғы 22 мамырдағы № 15-НҚ)
Конституциялық сот азаматтың Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 217–бабының үшінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Бұл қылмыстық іс жүргізу норма тергеу судьясының жәбірленушіден және куәден жауап алуы (айғақтарды сақтауға қою) прокурордың, күдіктінің (ол болған кезде), оның қорғаушы ретінде қатысатын адвокатының, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың, ал қажет болған жағдайларда процестің басқа да қатысушыларының қатысуымен жүргізілетінін айқындайды. Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің, куәнің қауіпсіздігіне қауіп төндірсе, күдікті жауап алуға шақырылмайды.
Өтініш субъектісінің пікірінше, тергеу судьясы жәбірленуші мен куәдан жауап алу кезінде қатысуға құқығы бар адамдардың тізбесінде қорғауға құқығы бар куәнің және оның адвокатының болмауы (айғақтарды депозитке салу) Конституцияның әркімнің де тиісінше ұсталған, қамауға алынған немесе айып тағылған сәттен бастап білікті заң көмегін алу, адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқықтары туралы, барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі және қандай да бір кемсітушілікке жол бермеу туралы ережелеріне қайшы келеді.
Конституциялық сот заң шығарушы қорғауға құқығы бар куәгерді мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар адамдардың тізіміне қоспаған деп санайды. Сонымен бірге, ҚПК өзінің құқығын дербес немесе өзінің туыстары не сенім білдірілген адамдары арқылы адвокатты қорғаушы ретінде шақыру және оның қатысуымен айғақтар беру құқығын көздейді және бұл әркімнің білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығына сәйкес келеді. Тұтастай алғанда, ҚПК нормаларын талдау шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген басқа да жағдайларға қарамастан өзінің немесе өкілдік ететін құқықтары мен мүдделерін қорғайтын процеске тиісті қатысушының іс жүргізу мәртебесіндегі әрбір адамның құқықтары мен міндеттерінің теңдігінің болуын көрсетеді. Сонымен қатар, құқық қолдану практикасында айғақтарды сақтауға қоу кезінде қорғауға құқығы бар куәнің болу қажеттілігі туралы мәселені шешуді тергеу судьясының қарауына қалдыру кейіннен осы адамның күдікті (айыпталушы) мәртебесіндегі іс жүргізу құқықтарының шектелуіне әкеп соғуы мүмкін.
Конституциялық сот ҚПК-нің 217-бабының үшінші бөлігін Конституцияға сәйкес деп таныды және Үкіметке қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді ұсынды.