Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8 Нормативтік қаулысы

Телеграмм КС - https://t.me/consot_kz  

 

Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына анықтамалық ақпарат

(2023 жылғы 8 сәуірдегі № 8)

 

Конституциялық Сот Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған Әлеуметтік кодексін (бұдан әрі – Кодекс), «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы Президенттің өтінішін қарады.

Конституциялық Сот Кодекстің бастамасы азаматтардың әл-ауқатының деңгейін одан әрі арттыруға және мемлекеттің басты басымдығы ретінде әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың жаңа моделін енгізуге негізделген деп санайды. Оны қабылдау арқылы осы саладағы қолданыстағы заңнаманы кодификациялау негізінде құқықтық реттеудің анағұрлым жоғары деңгейі, тұтастығы мен жүйелілігі, әлеуметтік-экономикалық құқықтарды жүзеге асырудың қосымша кепілдіктерін енгізу, тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде цифрлық құралдарды кеңейте отырып, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және өтініш берушіден анықтайтын нысанға және оларды ұсынудың проактивті форматына көшу қамтамасыз етіледі. Осы новеллалардың барлығы елімізде жүргізіліп жатқан реформалар шеңберінде халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Әлеуметтік саладағы бытыраңқы заңнаманы кодификациялау оны құқықтық реттеуді дамытудағы маңызды қадам болып табылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заңын, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары Кодекспен өзара байланысты және одан туындайтын немесе онымен пәндік байланысты заңдарға түзетулер енгізілді.

Кодекстің конституциялылығын мойындай отырып, Конституциялық Сот құқықтық нормаларды екіұшты түсінуге және соның салдарынан қолданысқа енгізілгеннен кейін олардың тиісінше қолданылмауына әкеп соғуы мүмкін оның жекелеген кемшіліктеріне назар аудару қажет деп санайды.

Осылайша, Кодексте Үкіметтің құзыреті айқындалған, бұл ретте оның өкілеттіктері толық бекітілген, бұл Конституцияның 66-бабының 10) тармақшасынан туындамайды, оған сәйкес Үкімет өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

Кодекстен әлеуметтік құқықтарды кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады, дегенмен Конституция конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында 39-бапқа сәйкес заңмен шектеулер енгізуді жоққа шығармайды.

Сондай-ақ, заңнамалық актілердің көптеген ережелері Кодекске көшірілді, олар оның қабылдануына байланысты жойылуға жатады. Бұл ретте олар конституциялық-құқықтық негізділігі тұрғысынан кешенді талдаудан өткен жоқ.

Конституциялық Сот Кодексті және Кодекспен өзара байланысты құқықтық актілерді Конституцияға сәйкес деп таныды және Үкіметке Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Кодекске және басқа заңдарға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуге бастамашылық жасауды ұсынды.

 

Дата публикации
08 апреля 2023