
Қазақстандағы табиғи монополиялар субъектілерінің (ТМС), оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдық салалардағы ТМС қызметі қатаң бақыланады. Олардың жұмысының сапасы мен қауіпсіздігі, сондай-ақ азаматтардың құқықтарының сақталуы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ҰЭМ ТМРК) мен оның өңірлік бөлімшелері тарапынан қадағаланады. Бақылау екі жолмен — профилактикалық тексерістер және жоспардан тыс тексерістер арқылы жүзеге асырылады.
Профилактикалық тексеріс монополиялық компанияның жұмыс орнында жүргізіледі. Қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда, әкімшілік іс қозғалмай, оларды жоюға нұсқаулық беріледі. Мұндай тексерістер бекітілген алты айлық субъектілер тізімі негізінде жүргізіледі.
Жоспардан тыс тексеру нақты бір фактілер негізінде тағайындалады, мысалға, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, азаматтар мен ұйымдардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қауіп төнген кезде жүргізіледі.
Айта кетерлігі, ТМС көрсететін қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қамтамасыз ету — халыққа көрсетілетін қызметтердің әділдігін, сапасын және қолжетімділігін сақтауда шешуші рөл атқарады. Бұл шаралар қызмет көрсету саласындағы заңсыздықтар мен әділетсіз тәжірибелердің алдын алуға және азаматтардың мүдделерін (әсіресе тұрғын үй-коммуналдық қызметтер сияқты әлеуметтік маңызды салада) қорғауға бағытталған.
Биыл қаңтар–тамыз айларында ҚР ҰЭМ ТМРК 83 жоспардан тыс тексеріс өткізді, олардың 47-сінде бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде 47 нұсқама берілді, оның 30-ы орындалды. Осы уақыт аралығында ТМС-ға қатысты 426 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 928,9 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынды, оның 432,1 млн теңгесі өндірілді.
Мәлімет үшін: 2024 жылы жалпы 180 жоспардан тыс тексеріс және 32 профилактикалық бақылау тексерісі жүргізілді, нәтижесінде 124-тен бұзушылықтар анықталды (2023 жылмен салыстырғанда, 7,8%-ға көп). Берілген нұсқамалар саны 24%-ға өсіп, 124-ке жетті, оның 99-ы орындалды (плюс 83,3%).
Аталған кезеңде 393 әкімшілік іс қозғалды (плюс 75,4%), жалпы сомасы 606,4 млн теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, оның 425,6 млн теңгесі өндірілді.
ТМС, әсіресе коммуналдық және инфрақұрылымдық салалардағы қызметке бақылау әлеуметтік маңызды нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді: тұрақты жылу, электр энергиясымен және сумен қамту, коммуналдық инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру, жаңарту, дамыту — барлығы әділ тариф негізінде жүзеге асырылады.
Мұндай бақылаудың тиімділігін нақты көрсететін мысал — Түркістан облысындағы газ мәселесі. Естеріңізге салсақ, бұл өңірде «QazaqGaz Aimaq» АҚ филиалы халықтан газға қосылу және пломбалау үшін заңсыз төлемдер алып келгені анықталды. Заңсыз есептелген сома 163 млн теңгеден асты. Сот шешімі бойынша компания бұл қаражатты тұтынушыларға қайтаруға және айыппұл төлеуге міндеттелді, ал қайтару мәселесі реттеушінің қатаң бақылауына алынды. Нәтижесінде бұзушы жазаланып, қаражат азаматтарға қайтарылды.
Тағы бір естеріңізге салатын жайт, қазақстандықтар ТМС тарапынан өз құқықтары бұзылған жағдайда, кез келген уақытта ҚР ҰЭМ ТМРК-ға және оның өңірлік бөлімшелеріне жүгіне алады: барлық байланыс мәліметтері ресми сайтта көрсетілген, сонымен қатар сол жерде онлайн қабылдау қызметі де қолжетімді.
Төменде монополистерге жоспардан тыс тексеріс ұйымдастыруға негіз болатын жағдайлар көрсетілген.