Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібін өрескел бұзғаны анықталды.
Анықталған деректерге сәйкес, 2022 жылғы 4 наурыз бен 2023 жылғы 31 желтоқсан аралығында филиал өңір тұтынушыларынан газды алғаш іске қосу кезінде қосу және пломбалау үшін заңсыз төлемдер алған. Негізсіз өндірілген жалпы сома 163 545 574 теңгені құрады.
Әкімшілік іс қарау қорытындысы бойынша, филиал Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 164-бабы 5-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған 16 354 557,4 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, Департамент тұтынушылардан заңсыз алынған соманы қайтару жөнінде міндетті ұйғарым шығарды.
Реттеушінің шешімі газ компаниясы тарапынан сот тәртібімен дауланғанымен, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты, апелляциялық инстанция шешімді өзгеріссіз қалдырды, ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына жолданған кассациялық шағым өтініш берушінің өзі тарапынан қайтарып алынды.
Қазіргі уақытта заңсыз өндірілген қаражатты Түркістан облысы тұрғындарына қайтару бойынша практикалық жұмыс жүргізілуде. Бұл процесс ерекше бақылауда тұр және азаматтардың құқықтарын қорғауға, реттелетін нарықтарға деген сенімді арттыруға әрі коммуналдық қызметтер көрсету саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған.