Көптеген қазақстандық барлаушылар Ауғанстанда түрлі бағыттарда интернационалдық борыштарын абыроймен атқарды. Олар арнайы «Алтай» жасақтарының, КСРО МҚК өкілдігі жедел топтарының құрамында болды. Кеңесші ретінде ауғандықтарға бандалық құрамдарға қарсы арнайы операцияларды жоспарлауға өз көмектерін көрсетіп, көп жағдайларда оларды іске асыруға тікелей қатысты. Ауғанстан аумағында арнайы байланыс, радиотехникалық барлау бөлімдерінде де қызмет өткеріп,өз үлестерін қосты.
Бүгінгі сұхбаттасымыз отставкадағы полковник Құлбеков Бекежан Бекенұлы Кеңес әскерінің Ауғанстанда болған алғашқы кезеңінде 1981 жылы Кабул қаласының маңында барлаудың мобильді бөлімдерінің бірінде ұзақ мерзімді арнайы іссапарда болған. Ол бір топ қызметкерлермен бірге радиоқармау барысында алынған және шифрмен жабылған хабарларды жедел түрде ашып барлау арқылы деректі ақпараттарды табу жұмыстарын іс жүзінде қалыптастыруды қамтамасыз еткен.
Бекежан Бекенұлы республикалық физика-математика мектебінің 1973 жылғы түлегі. Ол КСРО МҚК Москва қаласындағы Жоғары мектебінің техникалық факультетін 1978 жылы бітіргеннен кейін Ташкент қаласындағы әскери округ барлау басқармасының арнайы орталығында қызметін бастайды. Арнайы кәсіби білімін пайдаланып, осы орталықта радиоқармаудың шифрланған хабарларынан жақын елдердегі, соның ішінде Ауғанстанда болып жатқан әскери, саяси жағдайлар бойынша деректі барлау ақпараттарын жедел шығаруға барынша өз үлесін қосады.
1979 жылдың соңына қарай көрші елдегі жағдай күрт өзгеріп, 25 желтоқсанда Ауғанстанға кеңес әскері енгізілді. Тадж-Бек сарайына жасалған шабуыл кезінде Хафизулла Амин қаза тауып, оның орнына Бабрак Кармаль Президент болды. 1980 жылы елдегі оппозицияның әскери отрядтары (моджахедтер), көрші Пәкістаннан үздіксіз келіп жатқан қару-жарақ пен қосымша адамдардың арқасында, ел билігіне белсенді қарсылық көрсетуін үдете түсті. Сонымен қатар, олардың 40-шы армияның бөлімдеріне шабуылдары жиілеп, Кеңес армиясының шектеулі контингентінің жүру жолдарына тосқауылдар ұйымдастырулары қарқын алды.
Осыларды ескеріп, 1981 жылы қарулы оппозицияның жоспарларын алдын ала жедел түрде біліп отыру мақсатында барлаудың кейбір арнайы бөлімдері, соның ішінде радиотехникалық барлау тікелей Ауғанстан аумағына ауыстырыла бастайды.
Барлау ардагері Құлбеков Б.Б. сол уақыттарды былайша еске алады: «Ташкенттегі арнайы орталықтың қызметкерлері өздері күнделікті даярлап отырған барлау ақпараттарынан Ауғанстандағы жағдайды жетік біліп, сондағы интернационалдық борыштарын әскери ұрыс жағдайында орындап жүрген жауынгерлер үшін іштей уайымдап, қолдау көрсетіп жүрді. Осындай жағдайда орталықтың басшыларының мені бір топ маманмен бірге Ауғанстанға арнайы қызметтік іссапарға жіберу туралы шешімін әскери табандылықпен және аса бір жауапкершілікпен қабылдадым. Сонымен қатар, алдағы ісспардың қиындығы мен қауіптілігін толығымен сезінсем де, бәрі жақсы болады деп өзімді де, бір ай бұрын ғана Алматыдағы медициналық институтты бітіріп, Ташкентке жаныма келген жұбайым Аймен Молдаболатқызын да сабырға шақырдым. Нағыз офицердің жұбайы екендігін көрсетіп, өзінің шыдамдылықпен асыға күтетінін айтып, мені ұзақ сапарға шығарып салды».
1981 жылы 3 тамызда әскери тасымалдаушы ұшақпен Ташкенттен арнайы орталықтың мобильді тобының негізгі құрамы арнайы жылжымалы кешендермен Кабул әуежайына жеткізіліп, барлау бөлімдерінің бірінің аумағына шатырлы лагерь болып орналастырылды.
Аға лейтенант Құлбеков Б.Б. топтың басқа бөлігімен «Зил-130» автомобильдерімен Ташкенттен Термез қаласына келіп, сонда құрылған әскери колонна құрамында биік Гиндукуш тауларындағы әйгілі Саланг көлік өткелі арқылы Кабулға жолға шығады. Ардагер бұл жөнінде былай дейді: «Серпантиндері мен шатқалдары көп тар тау жолдарында моджахедтердің әскери автоколоннаға шабуыл жасауы, тосқауыл ұйымдастыруы мүмкін екендігін ескеріп, колоннамен екі БТР-і бар мотоатқыштар взводы бізбен бірге болды. Сондай-ақ Термез комендатурасының дайындау пунктінде құрылған автоколоннаның жеке құрамымен жауынгерлік үйлестіру өткізіліп, қорғаныс ұрысын ұйымдастыру мен шабуылдарға тойтарыс беру бойынша нұсқаулар берілді. Соңынан автоколоннаның дайындығы тексеріліп, марш жасауға сапқа тұрғызылып жолға шығуға бұйрық алдық. Ұзақ жол бойы бірталай тосын жағдайлар болып, қорғаныс шараларына көшіп, қаруларымызды атуға дайын ұстап, атқыштар взводының бұйрықтарын орындадық. Әсіресе шатқалдардан, «жасыл зоналардан» өткенде үлкен алаңдаушылық болды. Жолымыз болып, колоннамыз Кабулға аман-есен жетті. Ал біздің алдымыздағы бензин тасушы көліктер колоннасы және артымыздан шыққан ұн тиеген колонна моджахедтердің шабуылына ұшырап көптеген автомашиналар өртеніп кетті. Ұшақпен келген мобильді топ бізді асыға тосып, жол қарауылдап жүр екен. Бір-бірімізді көріп қуанып, болашақ жұмыс орнымызға келіп, іске кірісіп кеттік».
Қарулы моджахедтердің отрядтары мен оларды Ауғанстанда және көрші елдердің аумақтарында қолдаушы құрылымдардың іс-қимылдарын тәулік бойы қадағалау мақсатында Ауғанстанның барлық дерлік провинцияларында радиоқармау постары орналастырыла бастады. Шифрмен жабылған радиоқармау материалдары толығымен арнайы мобильді бөлімге жедел түрде жеткізіліп тұрды.
Арнайы іссапармен келген білікті мамандар қиын жедел жағдайда шатырлар мен кунгтерде орналасып, қысқа уақытта орталықтың көмегімен мобильді бөлімде жылжымалы есептеу кешенін және арнайы тәсілдерді пайдаланып, жедел түрде шифрланған хабарларды ашатын технологиялық процесті іске қосып, тұрақты деңгейде деректі барлау ақпараттарын алып отыруға қол жеткізді.
Іссапар барысында радиоқармау материалдарының өзгеріп отыратын ерекшеліктеріне байланысты технологиялық процестерге уақтылы қажетті қосымшалар енгізіліп, қолданылатын тәсілдер жетілдіріліп, есептеу кешенінің үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Осындай тәулік бойы жүргізілетін жұмыстарды іссапарға келген санаулы мамандарға мобильді бөлімге тұрақты қызметкерлер келгенше жылдың аяғына дейін атқаруға тура келді.
Осы шаралардың нәтижесінде арнайы мобильді бөлім кеңес әскерінің 1989 жылы Ауғанстаннан шығарылуына дейін жедел түрде моджахедтерге арналған қару-жарақты тасыған керуендердің жүру жолдары, қарулы бандалық құрылымдардың шабуылдарды, террорлық актілерді, қастандық әрекеттерді ұйымдастыру жоспарлары, тағы да басқа бағыттардағы іс-әрекеттер туралы барлау деректеріне қол жеткізіп, уақытылы жоғарғы басшыларға баяндап келді. Осындай алдын ала алынған нақты деректер талай жағдайларда керуендердің жолын кесуді, қолға түсіруді, шабуылдар мен терактілерді болдырмауға шара қолдануға мүмкіндіктер беріп, көптеген адамдардың өмірін сақтап қалды.
Әңгімесін аяқтай келе, ардагер барлаушы арнайы іссапар барысында алға қойған тапсырмаларды табысты орындап, жаңа 1982 жылдың қарсаңында Кабулдан әскери-тасымалдаушы ұшақпен Ташкентке өз арнайы орталығына аман-есен келгенін айтып, наурыз айында жұбайының Айжан есімді нәрестені дүниеге әкеліп, отбасында үлкен қуаныш болғанын жеткізді.
Тек 1986 жылы ғана Б.Б. Құлбековке Кеңес Одағының арнайы тапсырмасын орындағаны жарияланып, интернационалист-жауынгер мәртебесі берілді. Ал 1988 жылы Ауғанстан Президентінің жарлығымен
«От благодарного афганского народа» медалімен марапатталды. 1991 жылы ол КСРО Президентінің Жарлығымен әскер қолбасшылығының (командованияның) арнайы тапсырмасын табысты орындағаны үшін
«За боевые заслуги» медалімен марапатталады.
Еліміз егемендік алған жылдары Құлбеков Б.Б. өзінің кәсіби білімі мен арнайы қызметтегі бай тәжірибесін, соның ішінде Ауғанстандағы іссапардағы жетістіктерін қолданып, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде және Сыртқы барлау қызметінде техникалық барлау бөлімдерін құруға, қалыптастырып дамытуға тікелей қатысып, көп жылдар басшылық етті. Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы қол жеткізген нақты нәтижелері үшін полковник Құлбеков Б.Б. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Қазіргі уақытта отставкадағы полковник Құлбеков Б.Б. «Сыртқы барлау ардагерлері» қоғамдық бірлестігі Төрағасының орынбасары ретінде ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттыруға өз үлесін қосып, ұжымның жұмысын насихаттауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырып келеді, әрі барлау қызметкерлерінің жас буынын әскери-патриоттық тәрбиелеу жұмыстарына тұрақты қатысады.
Отставкадағы полковник Күзетов М.А.,
«Сыртқы барлау ардагерлері»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы
2024 жылғы 5 ақпан,
Астана қаласы