Қазақстан Республикасында қызылша жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу туралы

Ағымдағы жылы қызылшамен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, Қазақстан Республикасының халқы арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне және таралуына, өршуінің туындауына жол бермеу мақсатында, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 38-бабы 2-тармағының 3) тармақшасының, 102-бабы 1-тармағының негізінде ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің облыстар, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының, Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары:

1) өсу қорытындысымен егілу, жас ерекшелігі бойынша сырқаттанушылықты есепке алуды, талдау және зертханалық зерттеулерді қамтамасыз ету үшін қызылшамен сырқаттанушылыққа апта сайын эпидемиологиялық мониторинг жүргізуді;

2) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігеріне және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне (бұдан әрі – Комитет) қызылша жағдайының тіркелуі туралы кезектен тыс ақпаратты 24 сағат ішінде беруді;

3) қызылшаның әрбір жағдайын эпидемиологиялық тергеп-тексеруді және инфекция ошақтарының шекараларын белгілеу, олардың инфекция көзін, қызылшаға қарсы алынған профилактикалық екпелер туралы мәліметтерді белгілей отырып, байланыста болған адамдарды анықтау мақсатында эпидемиологиялық зерттеп-тексеруді;

4) қызылшаға күдікті науқастардан зерттеуге материалдардың жиналуын және материалдарды одан әрі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық ғылыми-практикалық орталығы» филиалының Вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ұлттық референс-зертханасына (бұдан әрі – Вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ұлттық референс-зертхана) жібере отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалдарының вирусологиялық зертханасына жеткізілуін бақылауды;

5) қызылша жөніндегі профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілуін бақылауды;

6) вакцинамен басқарылатын инфекциялардың профилактикасы және иммундаудан бас тарту салдарлары  бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді қамтамасыз етсін.

2. Облыстардың және Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларының, Алматы қаласының және Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының, Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшылары (келісім бойынша):

1) «Қарсы профилактикалық егулер жүргізілетін инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға қатысты санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № ҚР ДСМ-13 (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-13 бұйрығы) бұйрығының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалдарының вирусологиялық зертханасына зерттеуге материалдарды жеткізе отырып, қызылшаға (қан сарысуы мен зәр сынамасына) күдікті науқастардан үлгілерді жинауды;

2) шетелдік азаматтарды қоса алғанда ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін қызылшамен ауыратын  науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцинация жүргізуді;

3) аурудың соңғы жағдайы анықталған сәтінен бастап 21 тәуліктің ішінде байланыста болған адамдарды күнделікті медициналық бақылауды;

4) вакцинациялаумен төмен қамтылған, халықтың қиын қолжетімді топтары бар және көшіп-қонушылардың, тіркелмеген адамдардың саны жоғары аумақтарға аса назар аудара отырып,  өңір бойынша 30 жасқа дейінгі адамдардың егілуіне талдау жүргізуді, Қазақстан Республикасының азаматтары арасында қызылшаға қарсы егілмеген және егілуі туралы деректері жоқ адамдар анықталған кезде ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін оларды бір рет иммундау бойынша шаралар қабылдауды;

5) ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакцинациялауды ұйымдастыруды;

6) облыстардың, Алматы, Шымкент, Астана қалаларының денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің қызылшамен сырқаттанушылықтың  профилактикасы және иммундаудан бас тарту  салдары жөніндегі бірлескен жоспарын әзірлеуді және бекітуді;

7) вакцинамен басқарылатын инфекциялардың профилактикасы және иммундаудан бас тартулар салдары бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейтуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК:

1) өңірлердің вирусологиялық зертханаларының байланыста болған адамдардан алынған материалдарды зерттеуге дайындығын;

2) диагностикалық препараттардың тұрақты қорын және науқастардан алынған материалдарды Вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ұлттық референс зертханасына жеткізуді; 

3) қызылша мен қызамықтың күдікті жағдайлары  тіркелген кезде № ҚР ДСМ-13 бұйрығына сәйкес үлгілерді өңірлерден Вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі ұлттық референс-зертханасына қайта тестілеуге жеткізуді қамтамасыз етсін.

4. Медициналық ЖОО-ы бекітіліп берілген жетекшілікке сәйкес облыстардың және Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармаларымен, Алматы қаласының және Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларымен, Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, медициналық көмек көрсетудің амбулаториялық және стационарлық деңгейлерінде медицина қызметкерлерін қызылшаны диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастырсын.

5. Облыстардың, Алматы, Шымкент, Астана қалаларының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері осы қаулының орындалуы туралы ақпаратты ай сайын 10-шы күні Комитетке ұсынуды қамтамасыз етсін.

6. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

7. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.

                                                                     

 

Қазақстан Республикасының

Бас мемлекеттік

санитариялық дәрігері                                                 А. Есмағамбетова

 

 

Согласовано

14.03.2023 12:09 Азимбаева Нуршай Юсунтаевна

14.03.2023 12:10 Тилесова Айгуль Шарапатовна

14.03.2023 12:13 Ширинбекова Рита Абдукасымовна

14.03.2023 12:23 Ахметова Зауре Далеловна

14.03.2023 12:47 Садвакасов Нуркан Олжабаевич

Подписано

14.03.2023 14:33 Есмагамбетова Айжан Серикбаевна

Дата публикации
14 марта 2023