Қарағандының №2 көпсалалы ауруханасында жүрекшелердің жыбырлауын абляциялау бойынша жүрекішілік ультрадыбыстық датчик қолдану бойынша шеберлік сабағы өтті. Бұған дейін мұндай оталар кезінде дәрігерлер рентген-навигацияны қолдануға мәжбүр болатын, соның салдарынан мамандар да, пациенттер де айтарлықтай сәулеленуге шалдығатын.

Жүрекшелер фибрилляциясы – жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кең таралған патология. Оны емдеу абляция – жүрекшенің ақаулы бөлігін күйдіру арқылы жүзеге асады. Ауруханаға алынған жаңа жабдық рентгенсіз-ақ ота жасауға мүмкіндік береді және жүрек қуысының ішінен тікелей алынған кескін арқылы аса жоғары дәлдікке қол жеткізуге жағдай жасайды.

Бұл жоғары технологиялық әдіс бойынша шеберлік сабақты Новосібірден арнайы келген, аритмияны катетерлік әдіспен емдеу және Zero-fluoro технологиясы бойынша сарапшы Илья Стенин өткізді.

— Инновацияның мәні — жүрек қуысына тікелей енгізілетін ультрадыбыстық датчиктің арқасында біз жүректі нақты уақыт режимінде көре аламыз. Датчик өте шағын — диаметрі шамамен 5 мм ғана — және жоғары дәлдіктегі визуализация береді. Мұндай отадан кейін науқастардың басым бөлігінде аритмия жойылып, олар қалыпты өмірге қайта орала алады, — деді №2 көпсалалы аурухананың аритмолог-хирургі Нұрлан Елемесов.

Заманауи ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жүргізіледі. Кезек күту мерзімі бір-екі айды құрайды. Мамандардың айтуынша, Қарағандыда халықтың 2–3%-ы жүрекшелер фибрилляциясынан туындаған аритмиямен ауырады, ал жаңа технология олардың көбіне жүрек саулығын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Қарағанды облысында 1–15 желтоқсан аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізу үшін өтінімдер қабылданады. Мұндай мәртебе кәсіпті дамытуға және мемлекет тарапынан қолдауға мүмкіндік береді.
Өтінімдерді Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және индустрия басқармасына (Әлиханов көшесі, 13, 310-кабинет) немесе жеке кәсіпкердің не заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша қала және аудандық кәсіпкерлік бөлімдеріне тапсыру қажет.
Байланыс телефоны: (8-7212) 50-38-76.
Өтінім бекітілген үлгі бойынша қабылданады. Қажетті құжаттар санатқа байланысты қоса беріледі.
Жергілікті атқарушы органға түскен өтінімдерді арнайы комиссия қарайды.
Қағидаларға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі бола алатындар:
– әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер;
– бірінші санаттағы әлеуметтік осал топтардың тауарларын, жұмыстарын және қызметтерін өндіруге немесе өткізуге жәрдемдесетін кәсіпкерлер;
– мүгедектігі бар адамдарға арналған тауарларды шығаратын, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық және басқа да қоғамдық маңызы бар бағыттар бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлер;
– отбасы, балалық шақ және аналықты қолдау, білім беру бағдарламаларын іске асыру, даму ерекшелігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлерді оқыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және басқа да көптеген салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарының түрлі мәселелерін тыңдауға арналған кезекті жеке қабылдауын өткізді. Азаматтардан түскен өтініштер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды қамтитын кең ауқымды болды: тұрғын үй алу, медициналық қызмет сапасы, ветеринария саласындағы олқылықтар, елді мекендерді абаттандыру және көлік қатынасының жеткіліктілігі.

Қабылдауға Абай ауданына қарасты Құрма кентінің белсенді тұрғыны да келді. Ол бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде Сұрыптаудағы емхананың қызмет көрсету деңгейіне қатысты шағымын жеткізді. Өңір басшысы бұл мәселені дереу назарға алып, жауапты органдарға тапсырма берді.
– Бұл мәселені міндетті түрде шешеміз. Ертең денсаулық сақтау басқармасының басшысы барып, жағдайды жерінде анықтайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Белсенді сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару, абаттандыру және көлік қатынасының қолжетімділігіне қатысты түйткілдерді де ортаға салды.

Қабылдау барысында бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты. Ал қосымша уақыт пен зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты қызметтердің бақылауына алынды. Олар бойынша тиісті ведомстволармен бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.

Айта кетейік, Қарағанды облысының әкімі тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі түрде, ай сайын ұйымдастырып келеді.
Қарағандыда Батырлар күніне орай ұйымдастырылған «Батырлар мұрасы» онкүндігі өз мәресіне жетті. Биылғы шараның ерекшелігі — тарихи жауынгерлік ұрандарға басымдық берілуі.
Мерекелік іс-шараларда 31775 әскери бөлімінің сарбаздары ұлттық дәстүрлі ұрандарды шақырып, «Алаш!», «Әруақ!», «Абылай!» деп дабыл қақты.
Республикалық Qazaq club жанындағы академик Темірғали Көкетай атындағы орталықтың жетекшісі Нұржан Сұршаұлы былай деді:
— «Алаш!» ұраны — қазақ халқының бірлігінің нышаны. «Әруақ!» ұраны соғыс даласында айтылып, ата-баба жолын жалғау мен Отанды қорғауға деген қайсарлықты білдірген. Ал «Абылай!» ұраны үш жүзді бір тудың астына топтастырған хан Абылайдың 1729 жылғы Аңырақай шайқасындағы жеңісінен кейін кеңінен танымал болды. Бұл ұран қазақтың барлық жүздерінің бірлік идеясын бейнелейді.
31775 әскери бөлімінде «Батырлар аллеясына» гүл шоқтары қойылды.
Салтанатқа №35 мектептің «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары да қатысты.
Әскери қызметшілер биыл мерейтойлары аталып өтіп жатқан бірқатар даңқты батырлар туралы баяндама жасады:
- Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына — 115 жыл;
- Халық батыры Мәлік Ғабдуллиннің — 110 жылдығы;
- Батыр Сұлтан Баймағамбетов пен жазушы-жауынгер Кәмен Оразалиннің — 105 жылдығы;
- ҚР бұрынғы Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбайдың — 80 жылдығы.
Онкүндік аясында Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде студенттерге арналған ғылыми-танымдық конференция өтті.
Қарағандыда ұлы ақын, ойшыл һәм ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған облыстық шығармашылық байқау мәресіне жетті. «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» атты сайысқа мектеп оқушылары, студенттер, жас суретшілер мен жас қаламгерлер қатысты. Абай әлемін терең түсінуге бағытталған бұл байқау өңір жастарының әдебиет пен өнерге қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетті.

Байқауға екі мыңға жуық өтінім түсіп, олардың ішінен Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Абай қалалары мен Ақтоғай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Қарқаралы және Шет аудандарынан келген 57 қатысушы финалға жолдама алды. Сайыс төрт номинация бойынша өтті: Абай өлеңдерін көркем оқу – «Көркемсөз шебері», «Қара сөздерге» түсінік беру және талдау – «Даналық үні – қара сөз», ақын шығармашылығының бейнелеу өнеріндегі көрінісі – «Абай әлемі – сурет тілімен», сондай-ақ студент жастардың эсселері – «Ақыл, қайрат, жүрек – бүгінгі жасқа бағыт».

Финалистерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей:
«Абайды түсіну — қазақ халқының философиясын, рухани өзегін түсіну», — деп атап өтті.

Қатысушылардың жұмыстарын ғалымдар, филологтар және кәсіби суретшілерден құралған қазылар алқасы бағалады.

— Қатысушылардың дайындығы өте деңгейлі. Қарағанды — әдеби мектебі мықты қалыптасқан өңір, — деді қазылар алқасының мүшесі Базарбек Атығай.
«Абай әлемі – сурет тілімен» номинациясында Саран қаласындағы №1 мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Лаура Талашова үздік атанды.
— Суретпен айналысып жүргеніме шамамен төрт жыл болды. Бұл байқауға Абайдың портреті мен оның өлеңдері негізінде пейзаж дайындадым. Ең қиыны — детальдерді дәл беру еді, бірақ ойымды толық жүзеге асыра алдым деп санаймын, — дейді Лаура.

Екінші орын — қарағандылық Наргиз Маубаеваға, үшінші орын — Молодёжный кентінің оқушысы Анастасия Семёноваға бұйырды.

Эссе бағытында ең үздік нәтиже Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің филология факультетінің 3-курс студенті Альфина Таубалдыға тиесілі болды. Екінші орынды — Б. Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясының курсанты Рабиға Асанова, үшінші орынды — философия және психология факультетінің студенті Арина Сосновская иеленді.
Ең жоғары қызығушылық «Көркемсөз шебері» номинациясында байқалды — бұл бағытқа мыңнан астам өтінім келіп түсті.
Кіші жас санатында Ж. Тәшенов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Алуа Анарбаева, ал жоғары санатта Шет ауданынан келген 10-сынып оқушысы Нұрасем Серік бірінші орынды жеңіп алды.
«Қара сөздерді» мәнерлеп оқу бойынша үшінші орын иегері, колледж студенті Абдулла Кошиков былай деді:
— Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырмын. Қазір Абайдың 25 қара сөзін жатқа білемін, финалда 18-қара сөзді оқыдым. Бұл туындылар білімге, ақылға, ар-намысқа ұмтылуға үйретеді. Абай шығармаларын жастарға, тіпті бастауыш сыныптан бастап кеңінен оқыту керек деп ойлаймын.

160-тан астам бейнелеу жұмысы, мыңнан аса көркем оқу өтінімі және ондаған эссе — жас ұрпақтың ұлы Абай мұрасына деген шынайы қызығушылығының айқын дәлелі.
Фото: Қайныш Бұхарбай
Қарағанды облысында ұлттық инженерлік мектептің негізін қалаған, көрнекті ғалым, академик Әбілқас Сағыновтың 110 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Ұлы тұлғаның ғылыми мұрасы мен техникалық білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі еңбегі Қазақстан мен шетел жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, сарапшылары және білім беру саласының өкілдері қатысқан ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі арқауына айналды.

Конференцияны ашқан Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сауле Сағынтаева академиктің ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын күшейту, тәжірибеге бағытталған оқытуды жетілдіру жөніндегі ғылыми-тәжірибелік қағидаттары бүгінгі күні де университеттің стратегиялық бағытын айқындайтынын атап өтті.

— Бұл күн — тек біздің университет үшін ғана емес, бүкіл қазақстандық ғылым қауымдастығы үшін маңызды. Ел индустриялық-инновациялық даму жолын белсенді жалғастырып, өңірлердің инфрақұрылымдық мүмкіндігі өсіп, техникалық мамандарға деген сұраныс артып отырған шақта Әбілқас Сағынов еңбектерінің өзектілігі бұрынғыдан да айқын сезіледі. Бүгінгі студенттер, жас ғалымдар мен ұстаздар қауымы үшін оның жарқын жолын абыроймен жалғастыру — үлкен жауапкершілік, — деді Сауле Сағынтаева.

Конференция қатысушылары академик Сағыновтың инженер кадрларын даярлауды мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі тетігі деп қарастырғанын атап өтті.
Шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты жолданды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңір басшылығының құттықтауын жеткізіп, ғалымның Қарағанды өңірінің ғылыми әлеуетін қалыптастырудағы тарихи рөлін ерекше атады.
— Академик Әбілқас Сағынов отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе өндіріс пен тау-кен өнеркәсібімен тығыз байланысты Қарағанды қаласының ғылыми деңгейін көтеруге, сондай-ақ өнеркәсіптік сектор үшін техникалық мамандар даярлау ісін жүйелеуге сіңірген еңбегі айрықша, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Конференция барысында университеттің дамуына, өнеркәсіп пен ғылыми ортаға айтарлықтай үлес қосқан түлектерге мерейтойлық медальдар табысталды.

Сондай-ақ университеттің бірқатар қызметкерлеріне «Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-дың еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.

Сала мамандары мен тау-кен ғылымы өкілдері де марапатталды.

Жиында академиктің 110 жылдығына арналған энциклопедияның тұсаукесері өтті.
Қарағандыда А. Степаненко атындағы олимпиадалық резервтің мектеп-клубы базасында спорттық акробатикадан ҚР чемпионаты өтіп жатыр.

Жарысқа алаң иелерінен бөлек, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ Екібастұз бен Алматы қалаларынан келген командалар қатысуда.

Алдағы үш күнде спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, нәтижесінде үздік акробаттар анықталмақ.

– Бұл чемпионат – ел біріншілігінің қорытынды кезеңі. Мұнда 80-нен астам спортшы бақ сынап жатыр. Қатысушылардың деңгейі өте жоғары, олардың арасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері де бар. Қарағанды облысы атынан шамамен 20 акробат қатысады. Олар түрлі дисциплиналар бойынша өнер көрсетеді. Біздің басты үміткерлеріміз – аралас жұптар. Аймақта спорттық акробатика қарқынды дамып келеді: қарағандылық гимнасттар әлемдік деңгейде жоғары нәтижелер көрсетуде, – дейді гимнастика бойынша БЖСМ директоры Олжас Тұрсымбеков.

Жақында Үндістанның Гоа қаласында өткен спорттық акробатикадан Азия чемпионатында қарағандылық спортшылар 10 медаль жеңіп алып, өздерінің жетекші орынға лайық екенін дәлелдеді.

Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдар және грамоталармен марапатталады.

Қарағанды облысында тұрғындарға полиция жұмысының шынайы процесін көрсетуге бағытталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы бастау алды. Бір күн бойы қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер, студенттер және мәслихат депутаттары түрлі қызметтердің мамандарымен бірге жүріп, өңір қауіпсіздігінің қалай қамтамасыз етілетінін көзбен көрді.

Жоба Ішкі істер министрлігі жариялаған Профилактика жылына және «Заң және тәртіп» идеологемасына сәйкес жүзеге асырылуда. Басты мақсат — полиция жұмысын ашық әрі қолжетімді етіп көрсету, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара сенім мен серіктестікті нығайту.

Қатысушылар полиция қызметінің 11 бағытымен танысты: тергеу және криминалистика, ювеналдық полиция, көші-қон қызметі, Жедел басқару орталығы, жедел әрекет ету арнайы жасағы және басқа да бөлімшелер.

Әр құрылымның ішкі жұмысы, оның құқық тәртібін қамтамасыз етудегі рөлі жан-жақты түсіндірілді.

Жобаның іске қосылуына Қарағанды облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Қайыров жетекшілік етті. Ол «Заң және тәртіп» қағидаты — мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін баса айтты.
— Полицияның негізгі міндеті — әрбір азаматтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Біздің жұмысымыз тұрғындардың сеніміне сүйенеді, ал қоғаммен әріптестік — басым бағыттардың бірі, — деді Жасқайрат Қайыров.

Бағдарлама шеңберінде қатысушылар еңбек және жауынгерлік даңқ мұражайын, Оқу орталығындағы тергеу-криминалистикалық полигонды аралап, арнайы бөлімшелердің қару-жарағын, мобильді криминалистикалық зертхананы және кинологтар қызметін көрді. Кейін олар нақты бағыттар бойынша бөлініп, әр қызметтің ерекшеліктерін тереңірек зерттеді.

AMANAT партиясының әйелдер қанатын басқаратын облыстық мәслихат депутаты Зара Шалабаева және облыс әкімінің гендерлік теңдік жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова тергеу басқармасында болды. Оларға ауыр және аса ауыр қылмыстардың тергелу тәртібі көрсетілді.
— Тергеушілердің жұмысы — құқықтық тәртіп жүйесінің өзегі. Бұл — кәсіби біліктілік пен жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі еңбек. Цифрлық шешімдердің енгізілуі процестерді айқын әрі жылдам ете түсті — бұл реформалардың нақты нәтижесі, — деді Зара Шалабаева.

«Senim» рационалды психология орталығының жетекшісі Гүлмира Отыншина шараға қарапайым тұрғын ретінде қатысты.

— Бүгінгі күн ерекше әсер қалдырды. Көп жағдайда адамдар полицей формасын көріп, негативін соған бағыттайды, — дейді ол. — Ал бүгін мен олардың еңбегін көрдім. Әсіресе ЖӘАЖ қызметкерлерінің тыныштық пен қауіпсіздік үшін қалай жұмыс істейтінін байқап, оларға деген құрметім артты.

Цифрлық технологиялар және дизайн колледжінің студенті Матвей Гатальский күнін жедел әрекет ету арнайы жасағымен өткізді. Ол тіпті ЖӘАЖ қызметіне қызығушылығы оянғанын жасырмады.

— Біз биікте және су астында жұмыс істеуге арналған жабдықтарды, қылмыскерді ұстау әдістерін, қызметтік иттердің жұмысын көрдік. Арнайы киімдерін киіп, атыс ұйымдастырып, ұстау тактикасын пысықтадық. Алғаш рет шынайы қаруды қолыма алдым. Бұл ұмытылмас тәжірибе, — деді ол.

Жобаға қатысушылар мұндай іс-шаралар полиция мен қоғам арасындағы сенімді арттыратынын атап өтті.

— Бүгін Жедел басқару орталығында болдым. Біз сол жерде болған қысқа уақыт ішінде үш қылмыстық іс тіркелді. Жұмыстың көлемін енді айқын көріп отырмыз. Әлі де жетілдіру қажет тұстар бар, біз, депутаттар, қолдауға дайынбыз, — деді қалалық мәслихат депутаты Равиль Садықов.

Жоба Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында басталды.

Жоба жалғасады: алдағы уақытта облыстық прокуратура және Экономикалық тергеулер департаментімен осындай кездесулер ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Осакаров ауданының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектері жергілікті тұрғындарды тағы да жаңа қойылыммен таңғалдырды. Олар «Бремен музыканттары» шығармасына өздерінің ерекше интерпретациясын ұсынды.

Қойылымға дайындықты олар Осакаров ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарымен бірлесіп, ерте бастады: рөлдерді жаттап, костюмдер тігіп, декорациялар әзірледі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атап өткеніндей, театр – инклюзияны дамытудың ауқымды бағыты. Мұндай шығармашылық жұмыс қарым-қатынас дағдыларын дамытып, танымдық қабілеттерді – есте сақтау мен зейінді нығайтады.

— Театрлық образға ену — биік те нәзік өнер. Менталдық бұзылыстары бар адамдар үшін бұл — жаңа тәжірибе, сиқырға толы өзгеше әлем. Сондықтан да олар дацындыққа бар ынтасымен кірісті, — дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Төлеуова.

«Бремен музыканттары» — авторлық интерпретациядағы жарқын әрі достыққа шақыратын мюзикл. Бағдарламаны дайындауға үш ай уақыт кеткен. Осы аралықта қатысушылар рөлдерін жаттап, ондаған репетиция жасады. Дайындықты жай ғана міндетті процесс деп атау қиын — келіп, ойнап кету емес. Керісінше, олар шағын отбасылық басқосуларға ұқсайтын: барлық қатысушылар үшін жылы әрі жайлы өтті. Туыстары актерлерге сахна сыртында қолдау көрсетіп, репликаларын және би қимылдарын еске салды.
Ал инклюзивті театр сахнасына ерекше актерлер алғаш рет өткен жылы «Мама» көркем фильмі желісі бойынша қойылған «Қасқыр мен жеті лақ» спектаклімен шыққан еді.
Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша
Шет ауданының Ағадыр кентінде жаңа «Ақбесік» балабақшасы жұмысын бастады. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім мен тәрбие алуына қажетті барлық жағдай жасалған.

«Балабақша 97 балаға арналған, төрт топтан тұрады. Білім беру үдерісі қазіргі заман стандарттарын ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиемен ұштастырады. Балаларымыз үшін бұл жаңа мекеме бақытты шаңыраққа айналады деп сенеміз», – дейді мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері.

«Ақбесік» балабақшасын жеке кәсіпкер Меруерт Рымбекова ашқан. Мекемеге мемлекеттік білім беру тапсырыстары орналастырылған.

Ата-аналар тек тамақтану шығындарын және қалауы бойынша хореография, дзюдо, ағылшын тілі сияқты қосымша үйірмелерді, сондай-ақ логопед сабақтарын төлейді.

Балабақшада алты тәрбиеші, төрт тәрбиешінің көмекшісі, психолог, медбике, дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка жетекшісі және басқа да мамандар қызмет етеді.

Фото Шет ауданы әкімдігінен