Жетісу облысындағы энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына дайындығы тексерілуде

Жетісу облысындағы энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына дайындығы тексерілуде

Алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық пен жөндеу науқанының барысын бақылау аясында ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы жұмыс бабымен Жетісу облысына барды.

Сапарда ол «ТАТЭК» АҚ және «Талдыкоргантеплосервисқа» қарасты «Басқуат» қазандық нысандарын аралап, энергетикалық жабдықтардың жай-күйімен және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
«Күзгі-қысқы кезеңге дайындық бекітілген кестелерден ауытқусыз жүргізілуі тиіс. Әрбір кәсіпорын жабдықтардың сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, жылу мен электр энергиясын жеткізуде үзілістерге жол бермеуі қажет. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік мәселесі», – деп атап өтті Ержан Ерболұлы.

Негізгі жабдықтарды жөндеу мерзімдері мен көлемдерінің бекітілген кестеге сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Жұмыс кездесулерінде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, технологиялық бұзушылықтар жағдайлары және электр мен жылу желілерін пайдалану бойынша проблемалық мәселелер талқыланды. Энергоқұрал-жабдықтардың жұмысындағы ықтимал тәуекелдер атап өтіліп, оларды болдырмау бойынша тиісті ұсыныстар берілді.