Жаңа жыл мерекелері қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа жылдық шыршаларды орнату және безендіру, сондай-ақ оларды жағу іс-шараларын өткізу кезінде сақталуға тиіс өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары бойынша чек-парақ әзірледі.
Аталған бастама #ӨзіңненБаста челленджі аясында жүзеге асырылып, жеке жауапкершілік арқылы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Чек-парақта жауапты тұлғаларды тағайындау, нысандарды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету, шыршаларды берік әрі орнықты негізге орнату, жарықтандыруды қауіпсіз қосу, сондай-ақ үй-жайларда және ғимараттарға жақын жерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға тыйым салу талаптары қамтылған. Эвакуациялық шығу жолдарының және өрт техникасының еркін өтуіне арналған кіреберістердің бос болуына, сондай-ақ өртке қарсы сумен жабдықтау көздерінің жарамды күйде сақталуына ерекше назар аударылады.
ТЖМ объектілердің иелері мен басшыларын, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларды өз нысандарында жаңа жылдық шыршаның қауіпсіз орнатылғанын өз бетінше тексеруге және анықталған бұзушылықтарды жою шараларын қолдануға шақырады. Өзіндік өрт қауіпсіздігін бақылау чек-парағы қоса беріледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жаңа жылдық іс-шаралардың қауіпсіз өтуінің басты кепілі екенін еске саламыз және азаматтарды жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады!