Тілсіз халық болмайтыны белгілі. Әрбір халық өзінің ана тілін сақтап қалуды мақсат етеді. Дүниеде қаншама халық болса, соншама тіл бар. Біздің Қазақстанда жасайтын түрлі ұлт өкілдерінің тілі әртүрлі. Дегенмен қазіргі таңда Елбасының дара саясатының арқасында мемлекетіміз үштұғырлы тілді қолға алуда. Тіл – біздің өміріміз бен қоғамымыздың ажырамас бөлігі.
Бүгінгі күнде Қазақстанда тіл мәселесіне көп мән берілуде. Әсіресе, үштұғырлы тіл туралы айта кеткен жөн. Елбасымыз Н.Назарбаев «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны алғаш рет 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ құрылтайында жария етіп, 2007 жылғы Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Бұл жоба бойынша Қазақстан халқы үш тілде сөйлейтін жоғары білімді ел ретінде бүкіл әлемге танылуы тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кіру тілі. Халқымыз үшін қазақ тілінің маңыздылығын және оның еліміздегі орын алуы туралы қазақ халқының зиялы азаматтарының ерте заманнан бастап айтқаны белгілі. Үш тілде білу – біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Бұл жайлы қазақтың біртуар ақыны ұлы Абай да айтып өткен болатын. Ақын: «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылым да – бәр орыста зор, сен оның тілін білсең, көкірек – көзің ашылады», - деген болатын. Орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.
Бүгін елімізде 136 ұл пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату - тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі - еліміздің ең басты байлығы. Осыған байланысты Елбасымыз тіл саясаты бірде – бір тілге қысым көрсетілмей жүргізілу қажеттігін айтып өтті. Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесі және барлық этностар мен олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешілген. Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілде білуі бізді бұрынғыдан бетер теңестіріп, бірлікті нығайта түседі. Ширек ғасырдан бәрі біз тіл саясатында айқын бағытпен келеміз -мемлекеттік тілді біртіндеп дамытудамыз және бүкіл этностар тілдерінің дамуы үшін жағдайлар жасаудамыз. Бүгінде Қазақстан тұрғындарының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейтін елдердің бірі. Осы орайда бүкіл білім ошақтарында мемлекеттік тілмен қатар, орыс тіліне, ағылшын тіліне жүктемелер көптен беріліп, тіл үйренуге зор мүмкіндіктер жасалып отыр. Сондықтан жас ұрпаққа үштұғырлы тілді меңгертуде ұстаздар, бүкіл қоғам жаппай атсалысса екен деймін. Сонда ғана өскелең ұрпақ білімді, елімізді өркендетуші және алға ілгерілетуші тұлға болып қалыптасады.