
XIV Халықаралық «Антиконтрафакт-2026» форумы аясында «Жеңіл өнеркәсіп: заңды өндіріс пен көлеңкелі нарық арасы – ЕАЭО-ның ішкі нарығын қалай қорғаймыз?» тақырыбында пікірталас сессиясы өтті. Жиында жеңіл өнеркәсіпті дамыту, заңсыз тауар айналымының алдын алу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы өндірістік байланысты күшейту мәселелері сөз болды.
Сессия қатысушылары Одақ аумағындағы техникалық және әкімшілік кедергілерді, өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды біріздендіру, сертификаттау мен таңбалау жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ адал жұмыс істейтін өндірушілерді қолдау тетіктерін талқылады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов қатысты.
Талқылау барысында жеңіл өнеркәсіп саласының ЕАЭО елдері үшін әлеуметтік маңызы зор екені айтылды. Бұл сала халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, өндірістік әріптестікті дамытуға да серпін береді. Қазіргі таңда Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында 18 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі – әйелдер.
Жиында тауар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге арналған құралдарға ерекше назар аударылды. ЕАЭО аясында өнімді сертификаттау, таңбалау және қадағалау жүйелерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл шаралар кәсіпкерлер үшін кедергілерді азайтып, нарықтағы ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді.
Төраға орынбасары Қазақстанда тауардың шығу тегін растау мен өндірушілерді цифрлық жүйе арқылы тексеру тетіктері кезең-кезеңімен дамытылып жатқанын атап өтті. Соның бірі – қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі.
«Бүгінде ЕАЭО кеңістігінде кедергілерді азайтумен қатар, адал бизнеске түсінікті әрі сенімді орта қалыптастыру маңызды. Өнімнің шығу тегін растау үдерістерін цифрландыру және қадағалау жүйесін жетілдіру тауарға деген сенімді күшейтіп, Одақ елдері арасындағы өндірістік байланысты нығайтады», – деді ол.
Сонымен қатар сессияда өндірушілерді мемлекеттік қолдау, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, кәсіпорындарды жаңғырту және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері де көтерілді.
Қатысушылар жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін ЕАЭО елдеріне ортақ әрі үйлесімді саясат қажет екенін атап өтті. Мұндай тәсіл ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, Одақ елдерінің өнімдерін сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті етуге жол ашады.