Әлемдік экономика мен әлем халқының өсуі энергоресурстарға деген қажеттілікті арттыра түсті. Соңғы ширек ғасыр аралығында жалпы әлемдік энергия тұтыну көрсеткіші 56% - ға артқан.
Қазақстан экономикасының дамуымен энергоресурстарға деген қажеттілік тек қана өсуде. Елімізде энергия ресурстарын негізгі тұтынушы бағыт өнеркәсіп саласы болып табылады. Электр энергиясының 67% ірі өнеркәсіп тұтынушыларына тиесілі.
Қазіргі уақытта энергия тиімділігі - технологиялық дамудың, экономиканы жаңғырту мен әртараптандырудың барлық аспектілерін, ең бастысы-экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігінің өсуін қамтитын әлемдік экономиканың басты тренді. Біздің еліміз үшін энергия тиімділігінің саяси тренді берілген.
2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда Қазақстанның ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2025 жылға қарай кемінде 25% - ға төмендету жөніндегі міндет айқындалды. Бұл ретте, тәуелсіздік кезеңінде ЖІӨ энергия сыйымдылығы 56%-ға төмендесе, бұл кезеңде әлемдік экономиканың энергия сыйымдылығы 26%-ға төмендегенің атап өткен жөн.
Соңғы он жылда Қазақстанда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатының негізгі құралдары құрылды: бұл ең алдымен:
- энергия үнемдеудің заманауи жүйесінің негізі болып табылатын 2012 жылы қабылданған жаңа заң;
- энергия үнемдеуге алғашқы қадам болған Қазақстан Республикасының энергия тиімділігін арттырудың 2012-2015 жылдарға арналған кешенді жоспары, құжатта энергия сыйымдылығын төмендету бойынша бірінші мақсаттар айқындалды;
- "Энергия үнемдеу – 2020" мемлекеттік бағдарламасы, онда 9 бағыт бойынша экономиканың түрлі секторларында энергия үнемдеуді және энергия тиімділігін арттыруды жеделдетуге бағытталған қосымша шаралар көзделген;
- энергия үнемдеудің өңірлік кешенді жоспарлары;
- Ұлттық энергия үнемдеуді дамыту институты анықталды;
- Жапонияның тәжірибесі бойынша Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды, оның субъектілері 200 млрд. теңгеден астам мөлшерде үнемдеуге қол жеткізді;
- жыл сайын 2 млрд. теңгеге бағаланатын энергия аудиті жаңа нарығы құрылды;
- "Бес институциялық реформаны іске асыру бойынша 100 қадам" Ұлт жоспарының 59-қадамын іске асыру шеңберінде энергия сервистік қызметтер нарығы дамуда, оны іске асыру құралы энергия тиімділігі картасы болып табылады;
- Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму Бағдарламасы, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Герман энергетикалық агенттігі және басқалар сияқты стратегиялық серіктестермен ынтымақтастық жолға қойылған.