Бұл туралы ҚазАқпараттың біздің өңірдегі тілшісі хабарлады. БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен түскен мәліметке қарағанда, соның 170-інде ауру белгілері байқалса, 134-інің симптомы болмады. Ауырғандардың 144-і ЖРВИ белгілері бойынша медициналық көмекке жүгінген кезде анықталса, 106-сы – науқастармен байланыста болғандар. Оған қоса 44 адамнан профилактикалық мақсатта тексерілгенде, 10-ынан стационарға жатқызылар алдында белгілі болған. Індет жұқтырғандардың басым бөлігі немесе 238-і Орал қаласының үлесіне тиеді. Сондай-ақ Бөрлі ауданында төрт күнде 28, Бәйтеректе 22 адамнан індет табылды. Қазіргі кезде «қызыл» аймақта тұрған облыста осы кезге дейін барлығы 14549 адам жұқпалы дерттің тырнағына іліксе, соның 11869-ы жазылып шықты. 230-ы өмірден өтті. Эпидемиолог мамандардың сөзіне қарағанда, ауырғандардың саны мейрам күндері күрт көбейген. Бұл жасырын түрде той, садақа секілді көпшілік іс-шара жасаушылардың тыйылмай отырғанын көрсетеді. Еске сала кетейік, БҚО-да коронавирус жұқтырғандар ауруханаға ауыр халде түсіп жатқанын жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz
«Қайырымдылық керуені» атты республикалық байқауының қорытындысы бойынша екі батысқазақстандық – бас жүлдегер атанса, біреуі арнайы марапатқа ие болды. Шарапатты істердің бастаушысы болған 28 жерлесіміз алғыс хат алды. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов байқау қатысушыларына құрмет көрсетті.
«Қайырымдылық керуені» атты республикалық байқауды Нұрсұлтан Назарбаев қоры және Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып келеді. Байқау «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Қайырымдылық тарихы», «Мейірім жолында», «Бала жүрегі» және «Жануарға мейірім» аталымдары бойынша өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуды мақсат еткен байқаудың маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар байқаудың маңызы туралы ойларын ортаға салды. Шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның алғыс хаты табысталды.
Орал қаласының Хан тоғайында облыс әкімі Ғали Есқалиев, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың қатысуымен 3,6 шақырымдық қашықтықта шаңғы жарысы ұйымдастырылды.
Шаңғышылар қатарын спорт мектептерінің тәрбиеленушілері жаттықтырушылармен бірге, сондай-ақ қалалықтар арасынан шыққан әуесқойлар толықтырды. Кейбіреулері отбасыларымен, балаларымен бірге келді, олардың ең жасы 6 жаста. Вальдорф мектеп-гимназиясының 2 сынып оқушысы Артур Сендюков шаңғыға жаттықтырушысы әкесімен келді. Ауа-райы жылы болды, қар шаңғыда әлі еріп үлгерген жоқ. Қаймен Есендияровтың айтуынша, әр қатысушы өзінің дайындығы мен қабілетіне қарай қашықтықты таңдайды, мұнда ең бастысы қатысу, бәсекеге түсудің қажеті жоқ.
Іс-шара санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып өтті.
Бүгін Наурыз мерекесі қарсаңында қаламыздың солтүстік-шығыс ауданында орналасқан тағы бір тоғыз қабатты көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 180 отбасы қоныс тойын тойлауда.
Өңірімізде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алғаш рет «Шаңырақ» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асып, «Отбасы банк» салымшылары болып табылатын тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жаңа баспанаға қол жеткізді. Бұл бағдарлама бойынша беріліп отырған алғашқы тұрғын үй кешені. Жоба бойынша тұрғын үйдің жалпы аумағы 10221,84 шаршы метрді құрап отыр.
Өңірдегі эпидемиялық ахуал қызыл аймаққа енуіне байланысты салтанатты ашылу рәсімі өткен жоқ. Десе де облыс әкімі Ғали Есқалиев мейрам алдында баспаналы болған отбасылардың үйіне бас сұғып, мерекемен арнайы құттықтап барды.
Өңір басшысы алдымен Тимур Бисенғалиевтің шаңырағына бас сұқты.
- Баршаңызды келіп жеткен Ұлыстың Ұлы күні Әз-Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Мереке қарсаңында тұрғындардың қуанышына ортақтасып, «құтты болсын» айтуға арнайы келдік. Үйдің сапасына қатысты айтар ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдауға әрдайым дайынбыз. Бұл үй бір жылдың ішінде пайдалануға беріліп отыр. Қазіргі таңда қаламыздың солтүстік-шығыс ауданы жылдан-жылға көркейіп, қарқын алып келеді. Жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Болашақта тағы да мектеп пен балабақшалар салынады. Шаңырақтарыңызға құт пен береке тілеймін, - деді облыс әкімі Ғали Нәжімединұлы.
Тимур Бисенғалиев бүгінгі таңда БҚО Полиция департаментінде полиция қызметкері болып жұмыс жасайды, үш баланың әкесі. 2002 жылдан бері пәтер жалдап келген жас отбасы 2008 жылдан бастап үй кезегіне тұрған. Биыл «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр.
Бұдан кейін жаңа пәтерге ие болған Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында дәрігер болып қызмет атқаратын Гүлбану Хисамеденова шаңырағына арнайы құттықтай келген облыс басшысына өз ризашылығын білдірді.
Айта кетелік, бүгінгі таңда әр санат бойынша 21 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр.
- «Шаңырақ» пилоттық жобасы тұрғын үй кезегінде тұрған жандар үшін өте қолайлы бағдарлама болды деп айта аламын. Өйткені қазан айында ғана енгізілген бағдарлама талабы бойынша 10% алғашқы жарнамен 20 жылға 5 %-дық үстемақымен үй алу өте тиімді. Бұл бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде үй кезегінде тіркелу керек және соңғы алты ай ішіндегі табысты растауды қажет етеді. Қазіргі таңда тұрғын үйдің нарықтағы бағасы шаршы метр үшін 175980 теңге, ал пайдалануға берілген тұрғын үйдің бағасы шаршы метр үшін 140 мың теңгені құрап отыр, - деді Орал қаласы бойынша тұрғын үй жекешелендіру секторының меңгерушісі Шайхиев Ерлан.
Ләззат Ғиниятқызы,
zhaikpress.kz
Тіршілікті түлетіп, табиғатқа жан бітіретін Наурыз – біздің төл жаңа жылымыздың бастауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі – халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихының көрінісі.
Шуақты көктем мерекесін бүкіл ел болып асыға күтеміз. Біз тағдырымызбен сабақтас әз-Наурыздан өткен ғасырда еріксіз ажырап қалдық. Егемендіктің елең-алаңында ежелгі салтымызбен қайта қауыштық. Наурыздың көне дәстүрлерін нығайту үшін Елбасы бұл мерекені мемлекеттік мейрамға айналдырды.
Жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс.
Сондықтан, қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра береміз.
Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?!
Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған.
Мейрамның терең философиялық мазмұны жақсылықты ешқашан ұмытпай, қайырымдылықтың қадірін білуге және табиғатпен үндестікте өмір сүруге үндейді.
Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады.
Қазір дүниеде геосаяси дүрбелең белең алып, халықаралық тартыстар шиеленісе түсуде. Коронавирус індеті өршіп, әлем экономикасындағы дағдарыс күшеюде. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан халқы барлық сын-қатерлерге төтеп беру үшін бірлігін бекемдеп, қайсарлық танытуы қажет.
Біздің бабаларымыз ежелден Ұлыстың Ұлы күні бір-біріне көмектесіп, қиын кезеңде қолындағы барын бөліскен. Осы игі дәстүрді халқымыз әлі күнге дейін берік ұстанып келе жатқаны көңіл қуантады.
Пандемия кезінде ондаған мың дәрігер мен мейірбике, тәртіп сақшылары мен әскери қызметшілер және еріктілер елдің денсаулығын сақтау үшін аянбай еңбек етуде. Микробиолог мамандарымыз аз уақыттың ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарды.
Азаматтарымыздың нағыз мәрттігі мен шынайы жанашырлығын, зор жетістіктерін әйгілейтін мысалдар өте көп. Мұны өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Мызғымас бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында еңсесі биік ел болып отырмыз.
Әз-Наурыз – ізгілік пен қайырымдылықтың, мейірім мен жанашырлықтың мерекесі. Біз ұсынған әділетті қоғам және әлеуметтік мемлекет қағидасы осы құндылықтармен толық үндеседі.
Сонымен бірге, Наурыз – елді еңбекке жұмылдырып, ырысымызды молайтатын мейрам. Біз бабалар жолымен білек сыбана жұмыс істеп, Қазақстанды бәсекелік қабілеті зор, қуатты мемлекетке айналдырамыз.
Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – табиғатқа етене жақын халық. Ұлыстың Ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш егу, қоршаған ортаны таза ұстау – ертеден жалғасып келе жатқан дәстүріміз. Біз қолға алған «Таза табиғат» жобасының негізгі мақсаты – сол игі шараны жалғастыру.
Осылайша, Ұлыс күнін сан түрлі сипатта атап өту ата салтымыз бен ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін керек. Қазақта «Салтына қарап, халқын танисың» деген қанатты сөз бар. Ұлттың жаңа болмысы жақсы дағды мен жағымды қасиет арқылы қалыптасады.
Биыл біз тарихи меже – Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы уақыттың ішінде еліміз толағай табысқа жетті. Бірақ, жетістікке марқайып, босаңсуға болмайды. Біз мемлекетімізді жүйелі өзгерістерге жетелейтін ауқымды реформаларды жалғастыра береміз.
Жан-жақты жаңғыру ұлтымызды өрге бастап, Қазақстанның Мәңгілік ел болуына жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – осы!
Босағамыздан аттаған Жаңа жыл баршаңызға ырыс-несібе әкелсін деп тілеймін!
Әр шаңыраққа қыдыр қонып, құт дарысын!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в. "(КПО) компаниясы 2021 жылғы 18 наурызда Қарашығанақ кен орнындағы газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау жобасының табысты аяқталғаны туралы жариялады. ГӨШАТ жобасының өндірістік объектілерін іске қосу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, "ҚазМұнайГаз "ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Алик Айдарбаев, КПО бас директоры және "Сичим" мердігерлік компаниясының басшысы бастаған жоғары басшылығы қатысты.
ҚПО бас директоры Эдвин Блом жобаның іске қосылуына қатысты өз түсініктемелерінде: біз ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарашығанақ кен орнын одан әрі игеру пайымына толық сәйкес келетін осы елеулі жетістік туралы жариялауға қуаныштымыз. ГӨШАТ жобасының сәтті аяқталуы Қарашығанақ кен орнының үздіксіз даму процесіндегі тарихи кезең болып табылады. ГӨШАТ жобасы қауіпсіздік техникасының жоғары стандарттарын қолдану, шығындардың тиімділігі және мерзімінен бұрын аяқтау арқасында саладағы деңгейді көтерді.
ГӨШАТ жобасы іске асыру сатысына енген төртінші газды кері айдау компрессорының жобасын және 5-ші газды кері айдау компрессорының бекітілген жобасын қоса алғанда, өндіру сөресін ұзартудың барлық қалған жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретін өндірістік қуатты қамтамасыз етеді. Бұл маңызды жобалар Қарашығанақтағы сұйық көмірсутектерді өндіру сөресінің мерзімін ұзартуға бағытталған. Олар айтарлықтай пайда әкеледі және Қазақстан Республикасы мен Қарашығанақ жобасының акционерлері үшін тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді, сонымен бірге кен орнындағы инвестициялық жобаларды одан әрі дамыту және іске асыру барысында жергілікті қамтуды барынша арттыру үшін ресурстар ұсынады, - деді Эдвин Блом.
БҚО әкімі Ғали Есқалиев өз сөзінде ҚКП-дағы газ бойынша шектеулерді алып тастау жобасын пайдалануға беру Қарашығанақ жобасын одан әрі игеру тарихындағы ірі жетістік екенін атап өтті.
Мұндай үлкен нысанды салу үшін білім, тәжірибе және ең алдымен жоғары біліктілік қажет. Барлық жергілікті қызметкерлерге және келгендерге алғыс айтқым келеді
Бүгін өткен облыстық мәслихаттың үшінші сессиясында мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сессия жұмысына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №40-2 «2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов баяндады.
– Жыл басындағы бюджет қаражаттарының бос қалдықтары 12,3 млрд теңгені құраса, төменгі тұрған бюджеттер мен пайдаланылмаған трасферттер мен кредиттерді қайтару және бюджеттік кредиттер бойынша сыйақы төлеуге 1,8 млрд теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен берілген нысаналы трансферттің түсімдері 97 миллион теңге. «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберіндегі шараларды қаржыландыру үшін жергілікті атқарушы құрылымдар мемлекеттік бағдарламасы шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздардан түсімдер 8,3 млрд теңгеге жеткен. Бөлуге барлығы 22,5 млрд теңге жоспарланып отыр. Енгізілген өзгерістер есебінен облыстық бюджеттің шығыстары 286,6 млрд теңгені құрайтын болады. Соның ішінде әлеуметтік саланың шығындарына 5,2 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражаттың негізгі бөлігі Орал қаласынан облыстық патологоанатомиялық бюро, Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылынан мектеп-балабақшасына қазандық, Бөкей ордасы ауданы облыстық музей-қорығына визит орталығы мен әкімшілік ғимараты, Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында 150 орындық мәдениет үйі, Бөрлі ауданының Қызылтал ауылында мәдени-спорттық кешен салуға жұмсалмақ. Сонымен қатар медициналық жабдықтар, 21 бірлік «Жедел жәрдем» көлігін және үш модульдық көлік жуу ғимараты мен гараж салуға 524,2 млн теңге қарастырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарына күрделі жөндеу және оларға жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға шамамен 1 млрд теңге бағытталды, - деді Т.Каюпов.
Сондай-ақ өңірдің бас экономисінің айтуынша, қоршаған ортаны қорғау мен ветеринария саласына да 5,4 млрд теңге қаржы бағытталмақ. Оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Теректі, Ақжайық аудандарындағы каналдарды қайта жаңғыртуға және Казталов ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар эпизоотияға қарсы іс-шаралар жүргізуге 327,7 млн теңге, су қорғау аймақтары мен су нысандарына Барбастау, Көшім, Солянка, Илек өзендеріне, Ядовитое көлі мен Киров су қоймасы белдеулерін белгілеу бойынша ЖСҚ әзірлеуге шығыстар жоспарланған. Ал Орал қаласынан көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысына 5,9 млрд теңге қаражат жұмсалады деп жоспарланған. Коммуналдық шаруашылыққа шамамен 1 млрд теңге бөлініп, оның ішінде әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға 300 млн теңге қарастырылған. Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын іске асыруға 2 млрд теңге бағытталған. Бұл қаражат Орал қаласының автокөлік жолдарын қайта жаңғыртуды аяқтауға, Сырым, Ақжайық және Бәйтерек аудандарының жолдарын күрделі және орташа жөндеуді аяқтауға, Бөрлі, Тасқала, Шыңғырлау және Қаратөбе аудандарының жолдарына орташа және ағымдағы жөндеуге жұмсалатын болады.
Сондай-ақ сессияның күн тәртібіне сәйкес, облыстық мәслихаттың «Жергілікті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне толықтыру енгізу, «Орал қаласындағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және дегельминизация жасау, бірдейлендіру, биозарарсыздандыру, екпе жасау қызметі» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау мәселелері қаралды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Қалибеков облыстық мәслихаттың «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емделу кезінде тегін және жеңілдікті шарттармен дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және мамандандырылған емдік өнімдерді қосымша беру туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын баяндады.
Сессияда сөз алған шаһар басшысы Абат Шыныбеков Батыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы, ал Ақжайық, Жаңақала аудандарының әкімдері кейбір елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылыстарына өзгерістер енгізу мәселелерін депутаттар алдына ұсынды.
Мәслихат сессиясына ұсынылған барлық мәселелер халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты.
– Баршаңызға осындай сындарлы жұмыстарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Мәслихатты тұрақты комиссиялары отырыстарында көптеген ауқымды мәселелер қарастырылатындығынан баршамыз хабардармыз. Сол отырыстарда қаралған мәселелерді бірауыздан қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Біздің өңір негізінен ауыл шаруашығымен айналысатындығы мәлім. Бүгінде барлық шаруалар қыстан аман-есен шығып, көктемгі жұмыстарға дайындалуда. Егін шаруашылығымен айналысатын шаруаларға жемісті еңбек пен сәттілік тілеймін. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! - деді сессия жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Сессия соңында облыстық мәслихаттың хатшысы Бибігүл Қонысбаева Қазақстан мәслихаттар депутаттарының республикалық қоғамдық бірлестігі атынан көп жыл бойы облыстық мәслихат депутаты болған Ақсерік Әйтімовті «Құрметті депутат» атағымен марапаттады.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz
Суреттерді түсірген Рафхат Халелов
Оралда "Бауырсақ-пати" өткізілді. Іс-шараға қала тұрғындары қатысты. Еріктілер тұрғындарды өздері дайындаған бауырсақтармен дәм алғызды. Сол жерде, көшеде қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін білуге арналған ойындар ұйымдастырылды. Жүлделер ретінде жеке қорғаныс құралдары берілді. Естеріңізге сала кетейік, "қызыл аймақтан" облыс "сары" аймаққа ауысты. Өңірде жоспарланған барлық іс-шаралардың 80%-ы онлайн-форматқа көшірілді.
- Біздің акцияның басты мақсаты - басқа адамдарға жылулық сыйлау. Сонымен қатар, біз бетперде таратамыз, - деп атап өтті әдемі Ақдәулетова.