ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ қабылданды. Кодекс 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылады.
Сәйкесінше, күші жойылып жатқан заңдарда қамтылған құқықтық қатынастардың нормалары, қабылданған Кодекспен реттеледі.
Кодекс - мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.Кодекс 4-бөлім, 29-тарау, 175-баптан тұрады. Атап айтсақ, жалпы ережелер, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдері, әкімшілік рәсім, әкімшілік сот ісін жүргізу бөлімдерінен тұрады.
Біз 3-бөлімге, яғни әкімшілік рәсімдерге тоқталып кетсек.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.
Әкімшілік рәсімді козғау үшін жолданым және әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы негіздер болып табылады.
Жолданым – әкімшілік органға немесе лауазымды адамға жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) немесе ауызша нысанда, сондай-ақ бейнеконференц-байланыс, бейнежолданым нысанында жіберілген арыз немесе шағым.
Ауызша нысанда берілген жолданымды әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.
Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген кезде арыз иесі 1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде); 2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы; 3) жолданымның мәні; 4) жолданымның берілген күні; 5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы; 6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады. Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады. Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі. Жолданым келіп түскен күні тіркеледі. Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.
Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады. Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді. Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызы негізінде кері қайтарып ала алады. Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды. Жолданымда қамтылған бір немесе бірнеше өтінішхатты, талаптарды қарау өкілеттігіне кірмейтін әкімшілік органға, лауазымды адамға олар келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік рәсімге қатысушыға бір мезгілде хабардар ете (хабарлай) отырып, уәкілетті әкімшілік органға, лауазымды адамға одан әрі жолданады. Одан әрі жолданған жолданым немесе оның бөлігі бойынша уәкілетті әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімді қозғайды. Әкiмшiлiк орган, лауазымды адам әкiмшiлiк рәсімді жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттардан тұратын әкiмшiлiк істі қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда қалыптастырады. Әкiмшiлiк істерді, оларды есепке алу журналдарын жүргізуді әкімшілік орган Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының негізінде жүзеге асырады.
Мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келiп түсетін өтiнiштерді тіркеу, есепке алу, сондай-ақ "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесiн жүргiзу тәртiбi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметтi өз құзыретi шегiнде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Егер 1)әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса; 2) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса; 3) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса; 4) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса; 5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бар болса, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.
Әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарланады.
Әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
Арыз иесі, егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бар болса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралған мәселе бойынша қайта жолданым беруге құқылы.
Әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.
Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
Шешім қабылдауға уәкілеттік берілген адам әкімшілік рәсім мерзімін негізсіз ұзартқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.
Әкімшілік істі қарап, әкімшілік орган, лауазымды адам: әкімшілік актіні қабылдау; әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.
Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
Оңайлатылған әкімшілік рәсімді жүзеге асыру тәртібі
Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға және олардың лауазымды адамдары жоғарыда аталған тәртіппен, ерекшеліктермен жүзеге асырады. Мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға және олардың лауазымды адамдарына хабарлама, ұсыныс, үн қосу немесе сұрау салу жіберген тұлға арыз иесі деп түсініледі. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша мынадай: 1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру; 2) назарға алу; 3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.
Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.
Қабылдау белгіленген және жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күндер мен сағаттарда жұмыс орны бойынша өткізілуге тиіс.
Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам жүргізеді.
Әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсiздiкке) шағым әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік актіні қабылдау немесе әкімшілік әрекет жасау (әрекетсiздiк таныту) туралы белгілі болған күннен бастап үш айдан кешіктірмей әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Шағымды қарау мерзімі шағым келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнін құрайды.
Шағымды қарайтын орган шағымды қарай отырып, мына шешімдердің бірін шығарады:1) әкімшілік актінің күшін жою туралы; 2) әкімшілік актінің күшін жою және жаңа әкімшілік актіні қабылдау туралы; 3) әкімшілік әрекетті жасау туралы; 4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы; 5) әкімшілік істі жол берілген бұзушылықтарды және оларды жою жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып жүзеге асыру үшін әкімшілік рәсімді әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жіберу туралы; 6) шағымды қараусыз қалдыру туралы.
Шағымды қарайтын органның шешімімен келіспеген жағдайда әкімшілік рәсімге қатысушы шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты өтініштер бөлімінің
бас инспекторы З.Ө.Нұржанова