
"Математикалық және оқу сауаттылығы: табысты синергия" байқауының облыстық кезеңінен жеңімпаз атандық.
"Математикалық және оқу сауаттылығы: табысты синергия" байқауының аудандық кезеңінен үздік деп танылған 5 қазақ тілі мен әдебиеті пәні және 5 математика пәні мұғалімдері аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде бақ сынасып қайтты. Байқауға облыс бойынша 14 команда, 140 педагог қатысты. Қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәні мұғалімдерінен құралған командалар байқаудың жұптық және топтық, финалдық кезеңдерінде оқу сауаттылығы мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсету арқылы сайысқа түсті.
Іс-шара БҚО білім басқармасының қолдауымен, облыстық әдістемелік орталығы және «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің ұйымдастыруымен өтті.
Білім додасы толықтай "Zerdeli App" платформасында компьютерлік форматта өткізіліп, республикалық кезеңде бас жүлде иеленген Батыс Қазақстан облысы командасының мүшелері бақылаушы ретінде қатысып, бағалау үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етті. І кезең - жұптық сайыста қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәндерінің мұғалімдері жұптасып, мәтінді түсіну, талдау, логикалық ойлау және күрделі тапсырмаларды шешу дағдыларын сынады. Бұл кезеңнен Кожасова А.М. мен Муханбедиярова З. ІІ орын, Жумабаева Г.С. мен Абесов Н.Н. ІІІ орын, Сүйінішкалиева Б.К. мен Кунисбаев Б.С. ІІІ орынды иемденді.
ІІ кезең - топтық сайыстан Жәнібек ауданы командасы жоғары ұпай жинаған 6 команданың ішінде төртінші болып финалға жолдама алды. Сайыс қорытындысы бойынша команда жүлделі 2 орынға ие болып аудан атын асқақтата түсті!
Бұл байқау - жаңашыл ойлау мен бірлескен кәсіби ізденістің алаңына айналып, мұнда әр команда тәжірибе алмаса отырып, жаңа деңгейдегі білімдік диалог қалыптастыруға қадам жасады.
Табысты синергия табысты мұғалімдерден басталады!