Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитет туралы
Құжаттар
Байланыс ақпарат
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 апреля 2020
"Нұрлы жол" жаңа бағдарламасының алғашқы қорытындылары Үкіметте талқыланды

 2020 жылғы 21 сәуірде Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді.

Бағдарлама бойынша  жалпы сомасы 5,5 триллион теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған. 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарға сәйкес «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық автожолдардың 100 пайызын, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу; өзін-өзі өтейтін ақылы автожолдарды 11,7 мың шақырымға жеткізу; теміржол транзитін 50 пайызға арттыру; контейнерлік теміржол транзитін 2 есе арттыру; жолаушылар тасымалын 30 пайызға, оның ішінде транзиттік жолаушылар санын 1 млн-нан 2,2 млн. адамға дейін; әуе кемелері паркін 64 ұшаққа көбейту; автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисі объектілерімен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспарланған.

Биыл, яғни бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оның ішінде республикалық жолдардың 4 мың шақырымында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі, 1,5 мың шақырымы жөнделеді, жергілікті жолдың - 4 мың шақырымы жөнделеді. 350 жол жоба іске асырылып, 30,5 мың адам жұмыспен қамтылады. Бұл мақсатқа 680 млрд. теңге қарастырылған. Оңтүстік өңірлерде наурыз айының соңынан бері құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Ал солтүстікте ауа-райына байланысты сәуірдің соңына дейін барлық жобаларда жұмыс басталады. Қолданылатын материалдардың негізгі бөлігі отандық өнімдер екенін айту керек. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымдық автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланып отыр.

Азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты ішкі және халықаралық әуе рейстері тоқтатылды. Дегенмен, биыл 1-тоқсанда жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болды. Тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн. адамды құрап, өткен жылғы сәйкес кезеңнен 5,2 % көп болды.

Биыл Түркістандағы жаңа халықаралық әуежай мен Шымкент әуежайының жаңа жолаушылар терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту басталады. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен және Үшарал әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағы жаңартылады. Алдағы 5 жылда 13 әуеайлақ салу көзделген. Қазір жергілікті әуе желілерінің 3 әуеайлағы (Үшарал, Үржар, Зайсан) жұмыс істейді.

Азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамынша коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты елімізде авиациядағы операциялық кірістер жыл соңына дейін 300 млрд. теңгеге төмендеуі мүмкін.

Теміржол көлігі саласында 2025 жылға қарай магистральдық теміржол желісінің тозуын 49%, локомотивтердің тозуын 58% дейін төмендету жоспарлануда. Жолаушылар вагондары жетіспейтіндіктен 6 жылда 600 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Соның 50 вагоны биыл сатып алынады.

Автомобиль көлігі саласында Министрлік отандық автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық нарықтағы үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл жолаушылар тасымалы өткен жылға қарағанда 2,5% және жүк айналымы 1,5% артады деп жоспарланған. Ұлттық стандартқа сәйкес келетін автовокзалдар мен автостанциялар санын көбейту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары әзірленуде. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жер учаскелерін бөлу, кірме жолдар салу, инженерлік желілерді қосу сияқты шаралар қарастырылады.

Су көлігі саласында бүгінгі таңда теңіз сауда флотының паркі 12 бірліктен тұрады, атап айтқанда 8 танкер, 4 құрғақ жүк кемесі бар. Бағдарлама шеңберінде 2025 жылға дейін 2 паром және 4 құрғақ жүк кемесін сатып алу жоспарланған. Бұл жүк ағыны көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі отандық флот үлесін 35% ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, апаттар санын 10,3% төмендетіп, шлюздердің өткізу қабілеттілігін жылына 350 кемеге дейін арттыру үшін 2025 жылға дейін жеткізу құлыптарын күрделі жөндеу жоспарланған.

Жалпы 2020 жыл қорытындысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында: республикалық автожолдардың 89%, облыстық және аудандық жолдардың 71% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу; өзін-өзі өтейтін ақылы автожолдарды 5,7 мың шақырымға жеткізу; автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол сервисі объектілерімен қамтамасыз етуді 58% жеткізу; теміржол көлігімен транзиттік тасымалдар көлемін 20% арттыру; контейнерлік темір жол транзитін 842 мың жиырмафуттық контейнерге арттыру; транзиттік әуе жолаушылар санын 1,2 млн. адамға, әуе көлігімен жолаушылар тасымалын 9,1 млн. адамға жеткізу жоспарланған.

 

21 апреля 2020
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 112 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Бағдарламаны іске асыру туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады. 

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы тиімді және бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құруға, транзиттік және көлік қызметтерін дамытуға, технологиялық және институционалдық ортаны жетілдіруге бағытталған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов атап өткендей, мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған.

«Бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы және реконструкциясы, республикалық желідегі 11 мың шақырым автомобиль жолын күрделі және орташа жөндеу жоспарланған. Автожол саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 3,5 трлн теңгені құрайды. Бағдарламаны іске асыру республикалық маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100% дейін жеткізуге, I және II техникалық санаттағы жолдардың ұзындығын 60% дейін, ақылы жолдардың үлесін 45% дейін ұлғайтуға, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз етуге жол ашады», — деді министр.

Б. Атамқұловтың мәлімдеуінше, автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9,5 мың шақырым автожолды қамту жоспарланып отыр. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті 680 млрд теңгені құрайды, оның ішінде республикалық желі – 421 млрд теңге және жергілікті желі – 259 млрд теңге.

«Республикалық желі бойынша құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылады. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 1,5 мың шақырым жол қамтылып, оның ішінде 1,1 мың шақырымында жұмыстар аяқталады», — деді министр.

Жыл соңына дейін 5,7 мың шақырымға төлем жүйелерін орнату, 158 қызмет көрсету нысанын ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру, санитарлық-гигиеналық қондырғылармен (СГҚ) қамтамасыз етілген 23 жанармай құю станциясын салу, сондай-ақ 62 санитарлық-гигиеналық қондырғы орнату көзделген.

«Жыл қорытындысы бойынша республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін тиісінше 89%-ға және 75%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырымды құрайтын автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған. Жобаларды уақытылы іске асыру үшін барлық дайындау жұмыстары жүргізілді», — деді Б. Атамқұлов.

Министрдің айтуынша, барлық қолданылатын материалдардың негізгі бөлігі отандық өндіріс өнімдері. Наурыз айының соңында оңтүстік өңірлерде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. 

Ауа-райы қолайлы бола бастаған кезде жұмыс солтүстік өңірлерде қолға алынатын болады және сәуір айының соңына дейін барлық жобаларда құрылыс жұмыстары басталады. 

«Құрылыс алаңдарының барлығында мамандарды короновирустан қорғау үшін қажетті шаралар қабылданды. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді», — деді министр. 

2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 27 мың шақырымнан астамын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді. 

Бұл мақсатқа 2020 жылы 259 млрд теңге көзделген, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 201,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының жер учаскелерін сатып алуға 4,1 млрд теңге көзделген.

Жыл соңына дейін 4 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. 350 жол жобалары іске асырылады, 31 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. 

Б. Атамқұловтың айтуынша, азаматтық авиация саласында коронавирус пандемиясына байланысты бүгінгі таңда, өкінішке орай, ішкі (100%) және халықаралық (98%) авиарейстер уақытша тоқтатылды.

Бірақ орын алған жағдайға қарамастан, осы жылдың бірінші тоқсанында жолаушылар ағыны көрсеткішінде өсім болды. Есепті кезеңде тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн адамды құрады, бұл 2019 жылғы сәйкес кезеңнен 5,2%-ға артық.

«Биыл біз Түркістан қаласындағы жаңа халықаралық әуежай мен Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үржар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды бастаймыз. Қаржы бөлінген жағдайда Өскемен және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы екі ұшу-қону жолағын да қайта жаңартуды бастаймыз. Алдағы 5 жылда 13 аэродром салу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда жергілікті әуе желілерінің 3 әуе айлағы жұмыс істейді», — деді министр.

Әуе тасымалы тоқтатылған сәтке дейін Қазақстанның 26 шетел мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болғанын атап өткен жөн.

«Жақын арада біз қалыпты жұмыс режиміне оралып, барлық ұшуларды қалпына келтіріп, азаматтық авиация саласында жоспарланған барлық міндеттерді орындаймыз деп үміттенеміз. Жалпы, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласы өкілдерінің болжамы бойынша авиация саласындағы операциялық кірістердің төмендеуі жыл соңына дейін шамамен 300 млрд теңгені құрауы мүмкін», — деді Б. Атамқұлов. 

Теміржол көлігі саласында 2025 жылға дейін магистральдық теміржол желісінің тозуын 49%-ға, локомотивтердің тозуын 58%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

«Жолаушылар вагондарының жетіспейтіндігі белгілі. Сондықтан 6 жыл ішінде 600 жаңа жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланған. Биыл 50 вагон сатып алынады, бюджеттік несиеге 20 млрд теңге бөлінді», — деді министр.

Бұл ретте жылжымалы паркті жаңартуға 657 млрд теңге тарту жоспарлануда, оның ішінде 455 млрд теңгесі жеке инвестициялар екенін атап өту керек. 

Автомобиль көлігі саласында 2025 жылға дейін өңірлерде 4 автовокзал, 6 автостанция және 33 жолаушыларға қызмет көрсету пунктінің құрылысы жоспарлануда.

Бүгінде министрлік отандық автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық нарықтағы үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылы өткен жылға қарағанда жолаушылар тасымалын 2,5%-ға және жүк айналымын 1,5%-ға арттыру жоспарланып отыр.

Ұлттық стандартқа сәйкес келетін автовокзалдар мен автостанциялар санын көбейту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлер үшін ынталандыру шаралары әзірленуде. 

Су көлігі саласында 2025 жылға дейін 2 паром және 4 құрғақ жүк кемесін сатып алу жоспарлануда, бұл ары қарай жүк ағыны көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ Каспий теңізіндегі қазақстандық флоттың қатысуын 35%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ апаттық жағдайды 10,3%-ға дейін төмендету және шлюздердің өткізу қабілеттілігін жылына 350 кемеге дейін арттыру үшін кеме шлюздерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. 

Осы жылы осы мақсатта темірбетон конструкцияларын және жүк көтергіш құрылғыларды жөндеуге 1,9 млрд теңге бөлінді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр аталған жобалардың ең алдымен өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, бұл мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты. 

«Биыл бұрын-соңды болмаған бірқатар жобаларды, соның ішінде жаңадан пайдалануға берілген 2600 км жолды енгізу жоспарланған. Теміржол электрификациясы жалғасады. Сондай-ақ 11 мың шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолында ақы төлеу жүйесін енгізу жоспарланған, бұл автомобиль жолдарының осы учаскелерін бюджет есебінен күтіп-ұстауға одан әрі қаржыландыруды қысқартуға және босатылған қаражатты басқа да маңызды жобаларды дамытуға бөлуге мүмкіндік береді», — деді Р. Скляр. 

Дереккөз: primeminister.kz

20 апреля 2020
Әуе көлігін қолдау шаралары

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Азаматтық авиация комитеті әуе компаниялар мен авиация кәсіпорындарының ұжымдық өтініші негізінде ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп азаматтық авиация саласының субъектілерін қолдау шараларын әзірледі.

Бүгін Қазақстан Республикасының Үкіметі кейбір салықтар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерлемелеріне «0» коэффициентін белгілеу туралы қаулы шығарды. Әуе жолаушылар көлігінің қызметі, сондай-ақ әуежайлар қызметінде әлеуметтік салықтың, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының, әлеуметтік аударымдардың, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдардың мөлшерлемелеріне «0» коэффициенті қолданылады.

Бұл сала үшін күрделі кезеңде мемлекет тарапынан қарқынды қолдау болып табылады.

20 апреля 2020
Қазақстанда 20 әуежай бар

Қазіргі уақытта республикада 20 әуежай жұмыс істейді (Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Талдықорған, Тараз, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Өскемен, Семей, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Боралдай), оның 15-мемлекеттік әуежай, 8-жеке меншікте, 1-концессияда. Жергілікті әуе желілерінің 3 әуеайлағы (Үржар, Үшарал, Зайсан) және өндірістік мақсаттағы 1 әуеайлақ (Тенгиз) бар

17 әуежайда халықаралық рейстерге қызмет көрсетуге рұқсаты бар. 17-сі ИКАО стандарттары бойынша санатталған, оның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы әуежайлары III санат, Атырау әуежайв II санат, және басқа әуежайлар I санатта. Бұл оларға әуе кемелерін күрделі метеожағдайларда қабылдауға мүмкіндік береді.

2019 жылы Қазақстан әуежайлары шамамен 17,7 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Авиациялық нарықтың шамамен 70%  Алматы (7,2 млн.жолаушы.) және Нұр-сұлтан (5,1 млн.жолаушы.) әуежайларына тиесілі. Тәуелсіздік жылдары 18 әуежайда ұшу-қону жолақтары қайта жаңартылды, 12 әуежайда-жолаушылар терминалдарын қайта жаңарту жүргізілді.

Индустриялық даму
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Жер қойнауын пайдалану
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
18 апреля 2020
Болашаққа қарай: ҚР ИИДМ жетекшілік ететін салаларда жаңа мамандықтар атласын әзірлеу барысы туралы

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасымен Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, Вице-министр Динара Щеглованың және «BTS Education» компаниясының қатысуымен «Жаңа кәсіптер мен құзыреттіліктердің атласын» әзірлеу тақырыбында бейнеконференция өтті.

Іс-шара барысында жоба жетекшісі Саясат Нұрбек аталған әзірлеменің негізі болатын үш мамандық санаты туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Бұл экономиканың келесі басым 9 саласын қамтитын жойылып бара жатқан, өзгеретін және жаңа мамандықтар болып табылады: тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс.

Сондай-ақ Атласты әзірлеу бойынша жұмыс барысы айтылды және тау-кен металлургия саласын зерттеу бойынша аралық нәтижелермен таныстырылды.

Конференция соңында Динара Щеглова атласты әзірлеу қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада қажетті мамандықтар мен дағдыларды анықтауға көмектеседі және нарықтың негізгі қатысушылары үшін ақпараттық құндылықты білдіретін қарапайым қолданбалы құрал болады деп атап өтті.

Өз тарапынан, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салалар бойынша қауымдастықтардан, сараптамалық және кәсіби ұйымдардан бірлескен қызмет процесіне белсенді қатысуды және құрылыс, көлік-логистикалық, машина жасау салалары бойынша «Қазақстандағы жаңа кәсіптер атласы» салалық жобасын іске асыру бойынша қолдау көрсетуді сұрайды.

18 апреля 2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі «Бек Эйр» АҚ-ның пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарын қайтарып алды

Осыған байланысты әуе компанияның болашақ қызметіне және жолаушыларға бұрын сатып алынған әуе билеттер үшін ақшаны қайтаруға қатысты бірқатар сұрақтар туындады.
Еңбек заңнамасына сәйкес «Бек Эйр» АҚ қызметкерлерін еңбек жағдайларының өзгергені туралы жазбаша хабардар етуге, олардың еңбек қызметін растайтын құжаттарды беруге, сондай-ақ қызметкерлеріне өтемақы төлемдерін жүзеге асыруға тиіс.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес әуе компаниясы бұрын сатып алынған билеттер үшін жолаушыларға ақшаны қайтаруға міндетті.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Азаматтық авиация комитеті «Бек Эйр» АҚ-ның жұмыстан шығарылған қызметкерлеріне балама жұмыс табуға көмектеседі. Алдағы күндері арнайы сайт ашылады, онда әуе компанияның қызметкерлері жұмыс іздеу үшін тіркеле алады.

17 апреля 2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі "Бэк Эйр" АҚ-ның пайдаланушы және әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы сертификаттарын қайтарып алды

"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңның 12 бабының 5-тармағына, 16-9 бабы 2-тармағының 10 тармақшасына сәйкес, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ жіберген бұзушылықтарды жою туралы нұсқауларды орындамауына байланысты "Бек Эйр" АҚ-ның пайдаланушы сертификаты кері қайтарып алынды. Сондай-ақ, "Бек Эйр" АҚ-ның 9 Fokker әуе кемесінің ұшуға жарамдылығы сертификаттары кері қайтарылды.
Бұрын хабарланғандай, "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп "Бек Эйр" әуе компаниясының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін өрескел заң бұзушылықтары анықталды.

15 апреля 2020
ЕАЭО мүше елердің көлік саласындағы уәкілетті органдарының басшылары қатысқан жұмыс тобының отырысы

Бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ЕАЭҚ-на мүше елдердің көлік саласындағы уәкілетті органдарының басшылары қатысқан жұмыс тобының кеңесіне қатысты.

Бейнеконференция түрінде өткен жиында еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттары, сондай-ақ көлік саласын дамыту мәселелері талқыланды.

15 апреля 2020
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі авиация саласында цифрлық реттеу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде

«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ және BusinessOptix (АҚШ, Ұлыбритания) авиация саласында цифрлық реттеу жүйесін құру мақсатында серіктестік келісім жасады. BusinessOptix цифрлық реттеушіні құруға қолдау көрсетеді, оның негізінде корпоративтік тәуекел саласында және нормативтік талаптарға сәйкестігі тұрғысынан стратегиялар әзірленеді, сондай-ақ алдағы оңтайлы операциялық құрылымды жобалау және қамтамасыз ету мүмкіндігі пайда болады. BusinessOptix платформасы ұйымдарға түрлі бизнес қажеттіліктері үшін «Digital Double» жобасын жобалауға және құруға мүмкіндік береді, бұл жағдайда Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін арнайы әзірленген ұйымның тәуекелі мен өнімділігі туралы толық деректер базасын құруды қамтиды. «Digital Double» Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне негізгі процестерге зияткерлік автоматтандырудан пайда алатын операциялық құрылымды анықтауға, ағымдық процестердің операциялық тиімділігіне толыққанды түсінік беру үшін физикалық объектілердің интернетін және үлкен деректерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Microsoft Azure арқылы осы тәртіптің үйлесімі «Цифрлық реттеушіні» құруға негіз болады. Питер Гриффитс, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры: «Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің міндеті - Президенттің көзқарасына сәйкес елдегі авиациялық реттеуді өзгерту. Бұл үлкен міндет, ең үздік трансформация құралдарын қажет ететін үш жылдық жоба. Трансформация сценарийлерін құжаттау және тестілеу үшін «Digital Double» құрудың экономикалық тиімді шешімін ұсынған Business Optix-пен бірлестік, дұрыс тәсілді қолдануға кепілдік береді. Бұл тәсілдің өзі реттеушіні трансформациялаудың стандартты шешімдерінен өзгеше, біздің ойымызша, инстутционалды білімді тез қалыптастыруда және өзгерістер енгізуде сәтті болады.
Питер Маккинали Business Optix: « Қазақстанның авиациялық әкімшілігімен серіктестік қырағы тапсырушымен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік беретін шынайы Digital Double технологиясын ұсынуға итермелейді. Бұл жоба ұйымды әлемдік деңгейге шығарады және авиациялық реттеушілердің келбетін өзгертеді деп сенеміз».

Индустриялық даму
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы
Жер қойнауын пайдалану
Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы және қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамыту
14 апреля 2020
Салаларда оң серпін байқалады

Коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан еліміздің өнеркәсіп, көлік, құрылыс салаларында оң серпін байқалады

2020 жылғы 14 сәуірде биылғы 1-тоқсанының қорытындылары бойынша әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасап, Министрлік жетекшілік ететін салаларда атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Экономиканың өсуі бойынша жоспарланған индикаторларға қол жеткізу мақсатында Министрлік өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларында қажетті шаралар қабылдап жатқаны атап көрсетілді.

Бүкіл әлемде коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан барлық салаларда оң серпін байқалады.

2020 жылғы қаңтар-наурыз айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,8%, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі 5%, өңдеуші өнеркәсіп 8,8% ұлғайды. Өңірлердің барлығында дерлік, атап айтқанда 15 өңірде өсім байқалуда. Тек екі өңірде көрсеткіш төмендеді: Қызылорда облысында 9,8% және Жамбыл облысында 2,1%.

Тау-кен өндіру секторында түсті кен өндірісі көлемі 8,1% ұлғайды. Негізінен құрамында алтын бар кен өндіру көлемі ұлғайды. Темір кенін өндіру 22,2% ұлғайды. «Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі» (ССКӨБ) АҚ (+7%), «Өркен» ЖШС (+10%), «Bapy Mining» ЖШС (+18%) кәсіпорындарында өндіріс көлемі өсті. «ССКӨБ» АҚ биыл сәуір айынан бастап Қытай өндірушілерімен өнімді жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі келісім-шарт міндеттемелері әрекет ете бастады. Енді жүк тиеу көлемі айына 700 мың тоннаға дейінгі темір рудасы шикізатын құрайды.

Көмір мен лигнит өндіру көлемі 100,2% құрады. Оң өсім «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-да көмір өндіру көлемінің 17% өсуімен қамтамасыз етілді.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім 8,8% құрады. Өсім қара (+1,5%) және түсті металлургия (+8,1%), машина жасау (+30,4%), жеңіл өнеркәсіп (+14,2%), фармацевтика өнеркәсібі (+32,2%), құрылыс материалдары өндірісі (+ 22,7%) салаларында байқалды.

Қара металлургияда өндіріс көлемі 101,5% құрады. Оң өсім «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да болаттың 26%, «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС арматура прокаты 45%, «Кастинг» ЖШС үздіксіз құйылған шаршы дайындамалары 8,7% өсуіне байланысты болды.

Елімізде, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерінде коронавирустық инфекция пандемиясының таралуына, сондай-ақ металдар нарығы конъюнктурасының қалыптасқан ахуалына және экспорттық әлеуетті қайта бөлуге байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен ERG компаниялар тобы өндірісті тұрақтандыруды және өндірілетін өнімді үздіксіз сатуды қамтамасыз ету мақсатында баламалы өткізу нарықтарын қарастырып жатыр.

Түсті металлургияда өндіріс көлемі 8,1% өсті. Өндіріс көлемі «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-да: тазартылған мыс 19%, мыс катанкасы 101%, құймадағы алтын 14%, түйіршіктелген күміс 29%; «Қазмырыш» ЖШС-да: металл мырыш 3%; «Кастинг» ЖШС-да: мыс сымы 92%, жез қорытпасы 46%; «Қазақстан Алюминий» АҚ-да: глинозем 1%; «Тау-Кен Алтын» ЖШС-да тазартылған алтын 33%, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да бастапқы алюминий 2%, «Қостанай минералдары» АҚ–да хризотил 7%, «Коунрад мыс компаниясы» ЖШС –да катодтық мыс 17 % артты.

Машина жасау саласында өндіріс көлемі 30,4% өсті: атап айтқанда, автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 69,5% басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар 20,7%, электр жабдықтары 17,8%, өзге де көлік құралдарын жасау 53,6%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және  орнату 6,2%, компьютерлер жасау 9,6% өсті.

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 32,2% өсті. Өсім «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС шығаратын өнім көлемінің 6 есеге артуымен байланысты болды. Бұдан басқа, «СК-Фармация» дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізудің ұлғаюымен қамтамасыз етілді.

Жеңіл өнеркәсіпте жалпы өндіріс 14,2% өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 12,3%, былғары және оған жататын өнімдердің 18,9%, киім өндірісінің 14,7% ұлғаюына байланысты.  Қазіргі уақытта «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде саланың дамуы бойынша бірқатар нормативтік актілер мен жүйелі шаралар қабылдануда.

Көлік саласы бойынша нақты көлем индексі 98,7% құрады. Коронавирус пандемиясына байланысты ел аумағында жолаушылар автобус тасымалдары, жолаушылар поездары, тұрақты әуе қатынастары тоқтатылды. Кейбір кәсіпорындарды карантинге жабу көлік пен логистикаға да әсер етеді, өйткені жеткізу көлемін және тасымалдауға тапсырыстарды төмендетеді. Бұл ретте, Қазақстан арқылы контейнерлік тасымалдардың жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ұлғайды.

Елімізде бұл кезеңде құрылыс бойынша нақты көлем индексі 111,7% құрады. 16 өңірде оң динамика байқалады. Олардың ішінде Қарағанды (150,8%), Батыс Қазақстан (122,9%), Атырау (119,3%), Түркістан (118,5%) және Ақмола (117%) облыстары көш басында келеді. Тек  Қызылорда облысында көрсеткіштің төмендеуі байқалады.

Тұрғын үй құрылысы бойынша биылғы 1-тоқсанда 2, 642 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жылдық жоспардың орындалуы 18,7% құрады (жоспар 14,1 млн. шаршы метр). Республика бойынша барлығы 21 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 10 мыңға жуығы - жеке тұрғын үйлер. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 12 өңірде артты. Көшбасшы өңірлер: Алматы (120,9%), Жамбыл (120,6%), Қарағанды (107%), Павлодар (105,8%) және Қостанай (105,4%) облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы (108,8%). 5 өңірде қарқын төмендеді: Батыс Қазақстан (57,5%), Атырау (66,6%), Түркістан (76,5%) және Маңғыстау (94,7%) облыстарында және Шымкент (24,3%).

Жалпы, жыл қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салаларда нақты көлем индексінің жоспарлы көрстекіштеріне қол жеткізіледі деп болжанып отыр.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы