2021 жылғы 14 наурызда ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Маминнің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары шеңберінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Wizz Air Abu Dhabi" әуе компаниясы арасында ҚР мен БАӘ арасында тұрақты рейстер ашу туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
Мәлімдемеде "Wizz Air Abu Dhabi" әуе компаниясының 2021 жылғы мамыр айының ортасынан бастап Абу-Даби мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында тұрақты рейстер жасауға дайын екені көрсетілген.
ҚР мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында тараптар көрсетілген рейстерді ашу мәселесі бойынша өзара іс-қимылды үйлестіріп, жүзеге асыруға келісті.
Анықтама:
"Wizz Air Abu Dhabi" - лоукостер, Абу-Даби әуежайында орналасқан БАӘ-нің 6-шы ұлттық әуе компаниясы.
2020 жылғы 12 қазанда пайдаланушы сертификаты берілген.
Аталған әуе компаниясы - ADQ (бұрынғы Abu Dhabi Development Holding Company) мемлекеттік компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Компания акциялардың 51% ADQ, 49% Wizz Air Holdings-ке тиесілі.
Алғашқы рейсін 2021 жылдың 15 ақпанында Абу-Даби-Афина бағытында орындады.
Әуе компаниясы 13 бағыт бойынша 11 елге халықаралық рейстер орындайды: (Афина, Армения (Ереван), Болгария (София), Кипр (Ларнака), Египет (Александрия), Грузия (Кутайси), Греция (Афина), Израиль (Тель-Авив), Украина (Одесса), Венрия (Будапешт), Польша (Катовице), Румыния (Бухарест).
Бүгінгі таңда әуе компаниясының А321 пео үлгісіндегі 4 жаңа әуе кемесі бар. 2021 жылдың соңына қарай өз паркін 30 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі алаңында әуе компания өкілдерімен авиация саласын стратегиялық дамыту мәселелері бойынша екінші кездесу өтті. Шараға Air Astana, SCAT, Prime Aviation, Қазавиақұтқару, Qazaq Air отандық әуе компанияларының басшылары қатысты.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Питер Гриффитс өз сөзінде авиациялық әкімшілігінің 2020 жылғы қорытындылармен, 2021-2025 жылдарға арналған даму перспективаларымен бөлісті. «Авиация пандемиядан туындаған құлдыраудан кейін қалпына келуде. Авиация саласы толық жұмысына қайта оралуына қарай, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі нақты деректер мен бақылау негізінде үздік халықаралық практикалармен үйлестіре отырып, ұшу қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді анықтау және жоюға бағытталған "адам өмірі бәрінен бұрын" ұранымен бағдарламамызды толықтай жүзеге асырамыз».
Қазақстандық авиациялық билік орындары пандемия салдарын азайту және азаматтық авиация саласын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. ИКАО ұсынымдары негізінде сертификаттар мен куәліктердің қолданылу мерзімдерін ұзарту мәселесі бойынша Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тиісті құжаттары шығарылды.
2020 жылы Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 5338 мемлекеттік қызмет көресетті, оның ішінде 2954 авиациялық персоналдың куәлігі, 1491 экипаж мүшелерінің куәлігі, 154 ұшуға жарамдылық сертификаты, 86 әуе кемелерін тіркеу сертификаты, 22 әуеайлақтың жарамдылық сертификаты, 14 пайдаланушы сертификаты берілді. Жалпы, 2020 жылы 458 инспекциялық тексеру жүргізілді, 5000-нан астам бұзушылық анықталды.
Алдағы жылы авиация саласын ИКАО аудиті және 2023 жылдың соңында жоспарланған CAT1 санатын алу үшін FAA аудитіне дайындау жоспарлануда. Өтініш беру мерзімі COVID-19 пандемиясы мен шектеу шараларына байланысты АҚШ-қа рейстерді орындау мүмкін еместігіне байланысты кейінге қалдырылды.
Жалпы алғанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы әуе компаниялармен 5,5 млн. жолаушы тасымалданды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36% -ға аз. Статистикалық көрсеткіштердің төмендеуіне өткен жылы коронавирустық пандемияның таралуына байланысты рейстердің уақытша тоқтатылуы және қысқаруы әсер етті. Бүгінгі күні аптасына 590 рейс жиілігімен 45 маршрут бойынша барлық ішкі әуе рейстер толығымен қалпына келтірілді. Халықаралық бағыттар бойынша 14 елге (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Мальдивтер, Шри-Ланка) аптасына 103 рейстің жиілігімен 35 бағыт бойынша рейстер кезең-кезеңімен жаңартылды.
Кездесу барысында әуе компанияларының өкілдері стратегиялық даму жоспарларын таныстырды. Air Astana авиация саласындағы негізгі тәуекелдердің төмендегені туралы хабарлады. Атап айтқанда, мұздануға қарсы өңдеу процедуралары, әуежайларда қызмет көрсету, ұшу-қону жолағының қауіпсіздігі, тежегіштердің әлсіз әрекеті, сондай-ақ құстармен соқтығысу проблемасы туралы сөз болды.
2030 жылға дейін «SCAT» авиакомпаниясы 20-ға жуық Boeing ұшағын сатып алуды және жеткізуді жоспарлап отыр. Әуе тасымалдаушысы жаңа Шымкент әуежайы базасында қуатты әуе көлігі хабын дамыту бойынша шаралар кешенін іске асыруға ниетті. Терминал мен әуежай кешенінің құрылысын 2021 жылы аяқтау, сертификаттық тексеруден сәтті өту және 2022 жылдың басында өндірістік қызметті орындауға кірісу жоспарлануда.
Әуекомпания алдағы жылдары ішкі және халықаралық бағыттардағы рейстердің жиілігін арттырып, қайта бастауды жоспарлап отыр (Түркия, Грузия, БАӘ, Беларуссия, Ресей, Моңғолия және басқа елдер).
«Қазавиақұтқару» АҚ өткен жылы 1726 рейс жасады, оның ішінде 613 ТЖМ желісі бойынша, 497 – санитариялық авиация. Қазавиақұтқару Даму бағдарламасы аясында 2030 жылға қарай авиациялық паркін 58 бірлікке ұлғайту жоспарлануда. Ағымдағы жылы Ми-8 үлгісіндегі 4 тікұшақ жеткізіледі.
Qazaq Air әуе компаниясы 17 коммерциялық және 6 субсидияланатын, жалпы 22 бағыт бойынша аптасына 104 рейске қызмет көрсетед. 2020 жылы 5 әуе кемесінде ұшу бағдарламасын орындау шегіне жетті. Одан әрі өсу 2021 жылдан бастап әуе паркін ұлғайту арқылы қамтамасыз етіледі. Әуе компания аймақаралық байланыстар үшін Нұр-Сұлтан хабын дамытуды, Түркістан, Балқаш, Алакөл, Зайсан қалаларының жаңа және өсіп келе жатқан өңірлерін дамытуды, EASA стандартына сәйкес жеке техникалық қызмет көрсету базасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Prime Aviation әуе компаниясы бизнес-авиацияны дамытуға, ұшу қауіпсіздігі деңгейін және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға баса назар аударды.
Талқылау барысында кездесуге қатысушылар қазақстандық авиация саласын дамытудың заңнамалық қамтамасыз етілуін жетілдіру және стратегиялық дамудың ағымдағы процестерінің өзекті мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар білдірді. Осылайша, Қазақстанға рейстер орындайтын барлық әуе компаниялар үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай талаптар енгізілетін болады. Бүгінгі күні Еуропалық Одақ елдеріне ұшатын отандық және шетелдік әуе компанияларға қойылатын талаптарды енгізу бойынша заңнамаға өзгерістер әзірлеу аяқталуда.
Авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияны басқарудың озық еуропалық моделін енгізуді жалғастырады және ұшу қауіпсіздігіне тиісті бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады, сондай-ақ авиаиндустрияны дамыту үшін тиісті шараларды қабылдайтын болады. Барлық әуе компаниялар үшін бірдей тәсіл әзірленіп, қойылған мақсаттарға, міндеттерге қол жеткізуде және шектеулерді еңсеруде қолдау көрсетілетін болады.
2021 жылғы 10 наурызда сағат 10.00-де ауа-райына байланысты Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы жасанды ұшу-қону жолағының ілінісу коэффициенті 0,27-ге дейін төмендеді. Рейстерді орындау үшін ең төменгі норма - 0,35 болуы тиіс. Қазіргі уақытта реагентті пайдалана отырып, ұшу-қону жолағы тазартылып жатыр.
Жолаушылардан өз рейстері туралы ақпаратты әуе компаниялардан нақтылап алуды сұраймыз.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен әуе компаниялардың қызметінде ең бастысы - ұшу қауіпсіздігі .
2021 жылғы 8 наурыздан бастап "SCAT" әуе компаниясы Ақтау және Үргеніш қалалары арасында аптасына 2 рейс орындай бастайды.
Рейстер Б-737 әуе кемесімен дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады.
Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады
2021 жылғы 21 наурызда "Fly Arystan" әуе компаниясы ("Эйр Астана" компаниялар тобы) Түркістан – Ыстамбұл – Түркістан бағытында алғашқы халықаралық рейс жасайды.
Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы аптасына 2 рет (жұма, жексенбі күндері) А-320 әуе кемесімен орындалады. Кейін аптасына 7 рейске дейін (күн сайын) ұлғаяды.
Билет бағасы 39 999 теңгеден басталады. Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 2 наурыздағы шешіміне сәйкес Алматы-Душанбе-Алматы бағытында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тұрақты рейстерді қайта ашуға рұқсат етілді.
Тәжікстанда Covid-19 инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі індетке қарсы іс-шараларды күшейту жөніндегі республикалық штабтың шешіміне байланысты бастапқы кезеңде рейстер әр тараптан аптасына 1 рейстен ғана орындалады.
2021 жылғы 14 наурыздан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы мен Душанбе қалалары арасында аптасына 1 рет (жексенбі күндері) тұрақты рейс орындауды жоспарлап отыр.
Ал Тәжікстан жағынан Алматы мен Душанбе қалалары арасында тұрақты әуе қатынасын 2021 жылғы 18 наурыздан "Somon Air" әуе компаниясы аптасына 1 рейспен (бейсенбі күндері) қайта бастайды деп жоспарланып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Бұл туралы Министрліктің алқа отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова хабарлады.
2020 жылы Министрлік 271 506 мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде 264 886-сы электрондық түрде немесе 97,5% көрсетілді. 2019 жылмен салыстырғанда қағаз түріндегі қызметтер саны 2,5 есеге, атап айтқанда 16 мыңнан 6 мыңға дейін қысқарды.
Qazindustry порталында іске қосылған 11 мемлекеттік қызметті автоматтандыру бойынша техникалық жұмыстар (азаматтық авиация, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, жер қойнауын пайдалану, индустриялық даму салаларында), сондай-ақ 5 мемлекеттік қолдау шарасы аяқталды.
Нәтижесінде Министрлік мемлекеттік қызметтердің 96% (116-дан 112) электрондық түрде көрсетеді.
2021 жылғы 16 наурыздан бастап "Эйр Астана" әуе компаниясы Алматы – Тбилиси – Алматы бағыты бойынша аптасына 3 рейспен қайтадан ұша бастайды.
Екі ел арасындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру туралы шешім 2021 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енген Грузияның мемлекеттік шекарасынан Қазақстан азаматтарының өтуіне қойылған шектеулерді алып тастағаннан кейін қабылданды.
Рейстер А320/321 әуе кемесімен аптаның сейсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компаниясының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Отандық әуе компаниялары Түркістан қаласының әуежайынан халықаралық рейстер ашуды жоспарлап отыр.
2021 жылдың наурыз айында "Эйр Астана" әуе компаниясы Түркістан мен Ыстамбұл қалалары арасында аптасына 7 рейспен ұшуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, "SCAT" әуе компаниясы Түркістан – Ыстамбұл бағытында аптасына 2 рейстен орындай бастайды.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті жүргізген жұмыстың қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 19 ақпандағы № 79 қаулысымен Түркістан қаласының әуежайына халықаралық әуежай мәртебесі берілді.
Қазіргі уақытта Түркістан мен Ыстамбұл қалалары арасында рейстер ашуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Анықтамалық мәлімет:
Түркістан қаласы әуежайының құрылысы 2020 жылдың күзінде аяқталды. Бұл әуежайға алғашқы тұрақты рейс 2020 жылдың 1 желтоқсанында жасалды.