
Астанадағы барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға 5 жастағы балаларға арналған «Сарыарқа тану» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама бүлдіршіндерді елорданың тарихымен, табиғатымен және мәдениетімен таныстырып, туған жерге сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар балабақшаларда балалардың Қазақстанның өзге өңірлерін танып-білуіне және зерттеуге қызығушылығын арттыруға арналған «ELTANU» эксперименттік алаңы жұмыс істейді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бағдарлама мазмұны Сарыарқа өңірі мен Астана қаласының тарихын, табиғатын және мәдениетін өзара сабақтастықта таныстыруға негізделген. Балалар Сарыарқаның ежелгі мекен ретіндегі ерекшеліктері мен өңірден шыққан танымал тұлғалар туралы жасына сай мағлұмат алып, Туған өлкенің өсімдіктері мен жануарлар дүниесін, өзен-көлдерін, Есіл өзені мен елорда саябақтарын танып, ауа райының маусымдық өзгерістерін бақылау арқылы табиғатқа ұқыпты қарауға үйренеді.
Астана қаласына арналған тақырыптар аясында тәрбиеленушілер елорданың қалыптасуы мен дамуы, аудандары, оң және сол жағалауы, алғашқы және басты көшелері туралы түсініктерін кеңейтеді. Сонымен қатар қаланың сәулетті ғимараттары, тарихи-мәдени ескерткіштері, көне нысандары, музейлері мен театрлары, сияқты қызықты орындарымен танысып, Елордада қалыптасқан дәстүрлерді зерделейді.
Бағдарламаны жүзеге асыруда оның мазмұнын күн тәртібіне кіріктіру тәсілі тиімді қолданылады. Таңғы қабылдау, серуен, ойын, бейнелеу әрекеті мен ертегі тыңдау барысында бағдарлама элементтері жүйелі түрде енгізіледі. Мысалы, серуен кезінде табиғат құбылыстарын бақылау, ал бейнелеу әрекетінде Сарыарқа табиғатының суретін салу балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттерін арттырады. Сонымен қатар ұйымдастырылған іс-әрекеттерде бағдарлама мазмұнын меңгерту үшін ойын технологиялары мен шығармашылық тапсырмалар кеңінен қолданылады. Балалар сурет салу, жапсыру және әңгіме құрастыру арқылы өз ойларын еркін жеткізуге үйренеді. Бұл жұмыстар олардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, өзіндік пікірін білдіру дағдысын жетілдіреді.
Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде балалардың туған жер туралы танымдық түсініктері кеңейіп, олардың қоршаған ортаға деген қызығушылығы артады. Тәрбиеленушілер Сарыарқаның табиғи ерекшеліктерін, Астана қаласының көрікті жерлерін танып, табиғатты қорғау жолдары туралы өз ойларын жеткізе алады. Сонымен қатар олардың бойында туған жерге деген мақтаныш, жауапкершілік және елжандылық сезімдері қалыптасады.
Бағдарлама аясында балабақшаларда «ELTANU» эксперименттік алаңы енгізілді. «ELTANU» бағдарламасы балалардың Қазақстанның кең-байтақ жерін, табиғатын, тарихы мен мәдениетін танып-білуіне, зерттеуге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Туған өлкеден бастау алған танымдық ізденіс еліміздің өзге өңірлерімен танысуға ұласып, балалардың дүниетанымын кеңейтуге, ұлттық мұраға құрметі мен Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Астанада өтетін World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 жүзуден әлем кубогы кезеңі қарсаңында турнирдің жұлдыздары «Барыс Арена» мұз сарайында жас спортшыларға арнайы шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі спорттың жұлдыздары – Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой, әлем чемпионы Цинь Хайян және әлем чемпионатының жүлдегері Юй Итинг жастарға тәжірибе бөлісіп, саланың қыр-сырын үйретті. Бір сағатқа созылған кездесуге еліміздің түрлі өңірінен келген спорт мектептері мен клубтарының 10-12 жас аралығындағы 35 тәрбиеленушісі қатысты.
Жас жүзушілер үшін бұл кездесу кәсіби спорттың қыр-сырын жақынырақ тануға берілген бірегей мүмкіндік болды. Балалар атақты спортшылардың жетекшілігімен жүзу техникасының жекелеген тәсілдерін пысықтап қана қоймай, өздері үлгі тұтатын спортшылармен еркін әңгімелесе алды. Жұлдыздар спорттағы жолы туралы естеліктері жайлы ой бөлісіп, қиындықтарды қалай еңсергенін айтып, балаларға алдағы жаттығулары мен құнды кеңестерін жеткізді.
Еске салайық, World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 әлем кубогының кезеңі ел астанасында алғаш рет 15-17 қазан аралығында өтеді. Турнир бұған дейін Баку мен Ташкентте өткен Silk Road Tour беделді сериясының қорытынды кезеңі болмақ.
Кэмерон Макэвой жас спортшылармен кездесуден алған әсерімен бөлісіп, мұндай тәжірибенің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Мен үшін бұл – ерекше тәжірибе. Олармен жақынырақ танысқаныма өте қуаныштымын. Кішкентай кезімде осындай шеберлік сабақтарына қатысып, өзім үлгі тұтатын кәсіби спортшылардан үйренгенді ұнататынмын. Сондықтан осында келіп, жүзуді енді бастаған жас спортшыларға өз білгенімді үйрету мен үшін үлкен қуаныш. Балалардың арасында дарынды жүзушілердің көп екенін байқадым. Бұл мені қатты қуантады», – деді Олимпиада чемпионы.
Астанадағы Құрылыс-техникалық колледжінде бірінші курс студенттерінің қатысуымен «Ойынға салауатты көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында ойынға тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағыт беру.
«Бүгінгі кездесудің мақсаты – студенттердің пікірін тыңдап, олардың білім алу және тәрбие үдерісінде кездесуі мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдарын талқылау. Қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын сақтау үшін өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығы мен жеке жауапкершілігін арттыру маңызды. Дөңгелек үстелге 40-қа жуық бірінші курс студенті қатысты. Олардың қатарында қала және ауылдан келген жастар бар», – деді Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Күнімбала Баяхметбаева.
Жиында ойынға тәуелділіктің әлеуметтік салдары, компьютерлік және интернет-ойындарға шамадан тыс әуестенудің кері әсері, сондай-ақ оның алдын алу жолдары сөз болды. Қатысушылар лудоманияның адамның психологиялық жағдайына, отбасылық қарым-қатынасына және қаржылық тұрақтылығына тигізетін ықпалын талқылады.
Сонымен қатар жастар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу, ойынға қатысты саналы көзқарас қалыптастыру және тәуелділік белгілері байқалған жағдайда психологиялық әрі медициналық көмекке жүгінудің маңызы атап өтілді.
Мамандар студенттерге уақытты тиімді жоспарлау, оқу мен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау жөнінде кеңес берді. Кездесу барысында жастар пікірін білдіріп, тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап алды.
Астанада 17-18 қазан күндері «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында Қарағанды облысының креативті индустрия өкілдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылатын екі күндік іс-шарада өңірдің мәдени мұрасы, дәстүрлі қолөнері, заманауи сәні, әдебиеті мен музыка өнері кеңінен таныстырылады.
Жәрмеңкеде суретші Кәріпбек Күйіковтің кітаптары, дизайнер Гүлнұр Жарылханованың сән топтамалары мен қарағандылық қолөнершілердің авторлық туындылары көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара аясында «Алтын жіп» сән көрсетілімі ұйымдастырылып, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары өнер көрсетеді. Сондай-ақ джаз концерттері мен шығармашылық шеберлік сабақтары өткізіледі.
Аталған жәрмеңке Астананың мәдени өмірін жаңа мазмұнмен толықтырып, елорданың өңірлік шығармашылық бастамаларды біріктіретін орталық ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді. Қала тұрғындары мен қонақтары еліміздің түрлі өңірлерінде қалыптасқан өнер дәстүрлерімен танысып, отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің туындыларын тамашалауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жоба елорданың креативті экономикасын дамытуға, өңірлік кәсіпкерлердің Астана нарығына шығуына және шығармашылық қауымдастықтар арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған. Мұндай алаңдар отандық брендтердің танымалдығын арттыруға, жергілікті шығармашылық кәсіпкерлер мен өңірлік өндірушілердің ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.
«Creative Aimaq» республикалық жобасын Креативті индустрияларды дамыту қоры жүзеге асырады. Бастама еліміздің өңірлеріндегі шығармашылық әлеуетті танытуға, креаторлардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге және креативті кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасауға бағытталған.
Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлердегі кредиттік тұрғын үйге өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бағдарлама Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына сілтеме жасап.
Нысандардың кодтары – 10336, 10338, 10339 және 10340.
Өтінімдер 2026 жылғы 7-19 қазан аралығында Baspana Market сайтының жеке кабинеті арқылы қабылданады. Кандидаттарды іріктеу 21 қазанға жоспарланған.
Барлығы 562 пәтер ұсынылады. Оның ішінде:
• 1 бөлмелі – 166 пәтер;
• 2 бөлмелі – 276 пәтер;
• 3 бөлмелі – 80 пәтер;
• 4 бөлмелі – 40 пәтер.
Тұрғын үйлер бес қабатты, лифт қарастырылмаған. Пәтерлер толық әрленген күйде сатылады.
Бір шаршы метрдің құны – 332 916 теңге. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 5,2%-дан 5,8%-ға дейін. Бастапқы жарна 10%-дан басталады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитын, оқу, кәсіби, қоғамдық және жобалық қызметте жоғары нәтиже көрсеткен талантты әрі белсенді жастарды анықтап, қолдауға бағытталған «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» республикалық байқауы аяқталды. Үздіктердің қатарына Астана қаласының студенттері де енді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар өз білім беру ұйымдары деңгейінде, кейін өңірлік және республикалық кезеңдерде сынға түсті. Олар оқу мен кәсіби саладағы жетістіктері, жүзеге асырған жобалары, қоғамдық белсенділігі және таңдаған мамандығын дамытуға қосқан жеке үлесі туралы мәлімет ұсынды.
Байқау қорытындысы бойынша Астанадағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бес студенті Қазақстан колледждерінің ТОП-100 студентінің қатарына енді:
• Жасұлан Серікбек – «Astana IT University» ЖШС колледжі;
• Айша Болатова – Кәсіптік-техникалық колледж;
• Алинұр Әлмахан – Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі;
• Ақниет Ысқақ – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары халықаралық колледж;
• Ләззат Асланқызы – Технологиялық колледж.
Олардың жетістігі – мақсатқа ұмтылысының, кәсіби дайындығының жоғары деңгейінің, қоғамдық және білім беру өміріне белсенді араласуының, сондай-ақ таңдаған мамандығын дамытуға деген талпынысының нәтижесі.
Астанада 17-18 қазан күндері көркем гимнастикадан жыл сайынғы ALEM CUP 2026 халықаралық турнирі өтеді. Жарыс «Qazaqstan» спорт кешенінде ұйымдастырылып, оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және Біріккен Араб Әмірліктері елдерінен 400-ге жуық спортшы қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күн бойы бір алаңда әртүрлі жас санатындағы және түрлі дайындық деңгейіндегі гимнастшылар өнер көрсетеді. Олардың қатарында Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бар.
«Астананың осындай ауқымды халықаралық көркем гимнастика турнирін төртінші жыл қатарынан өткізіп жатқаны – біз үшін үлкен мәртебе. Былтыр жарыс Гран-при форматында өтті. Биыл бес елден 400-ге жуық қатысушыны күтіп отырмыз. Олардың арасында Қазақстанның барлық өңірінен келген спортшылар бар. Бұл жас гимнастшылар үшін шеберлігін көрсетуге, жарыс тәжірибесін жинақтауға және халықаралық аренада өзін танытуға тамаша мүмкіндік», – деді «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясының өкілі Әсем Бақытжанқызы.
Турнир көркем гимнастиканы кеңінен насихаттауға, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды қолдауға, олардың шеберлігін шыңдауға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Жарыстар 17 және 18 қазанда күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін Тұран даңғылы, 59 мекенжайындағы «Qazaqstan» спорт кешенінде өтеді. Көрермендер үшін кіру тегін. Турнирдің тікелей көрсетілімі де ұйымдастырылады. Трансляция сілтемесі кейінірек жарияланады.
Іс-шараны Астана әкімдігі мен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «ALEM» халықаралық көркем гимнастика академиясы ұйымдастырады.
Елордалық балуан Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған жерлесіміз финалдық белдесуде Әзербайжан өкілі Елмир Алиевті 13:4 есебімен сенімді жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтында «Цифрлық дәуірдегі кітап оқу мәдениеті: ЖИ, әлеуметтік желі және зерделі ұлт» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, цифрлық технологияларды саналы пайдаланудың маңызын түсіндіру және студенттердің зияткерлік әлеуетін дамыту.
Кездесу барысында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жасанды интеллект пен әлеуметтік желілердің қазіргі қоғамдағы рөлі, сондай-ақ білімді әрі зерделі ұрпақ тәрбиелеудегі кітаптың маңызы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, кітап оқудың тұлғалық дамуға, сыни ойлау қабілетіне және дүниетанымның кеңеюіне ықпалы туралы ой бөлісті.
Кездесу бағдарламасы тақырыптық пікір алмасумен, көркем оқылыммен және «Жасырын кітаптар» интеллектуалды ойынымен жалғасты. Зияткерлік ойын «Кітап оқитын ұлт» марафонының «Кітап оқитын университет» бағыты аясында ұсынылған 15 кітап бойынша ұйымдастырылды. Студенттер өз білімдері мен тапқырлықтарын сынап, белсенділік танытты. Ойын қорытындысы бойынша дұрыс жауап беріп, ерекше белсенділік көрсеткен қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, университетте «Отбасы хрестоматиясы» және «Qasymkitap» баспаларының ұйымдастыруымен кітап жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде «Кітап оқитын университет» бағыты аясында бірқатар кітап ұсынылып, студенттерге әдебиеттермен танысуға және өздеріне қажетті кітаптарды таңдауға мүмкіндік берілді.
Кездесу аясында университеттің «Оқы» және «Өріс әдеби» клубтарының жұмысы да таныстырылды. Клуб мүшелері студенттерді бірлесіп кітап оқуға, шығармаларды талқылауға және оқылған туындыларға сыни тұрғыдан қарауға шақырды. Алдағы уақытта марафон аясында ұсынылған кітаптар бойынша тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Мұндай талқылаулар барысында студенттер шығармалардың мазмұнын саралап, кейіпкерлердің әрекеттеріне баға беріп, олардың орнында болған жағдайда қандай шешім қабылдар еді деген сауалдар төңірегінде пікір алмасады.
Іс-шара студенттердің кітап оқуға деген ынтасын арттырып қана қоймай, олардың зияткерлік дамуына, өзара пікір алмасуына және әдебиетке деген қызығушылығын нығайтуға бағытталды.
Астанада 2026-2027 оқу жылында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге арналған экосағаттар әр айдың үшінші аптасында өткізіледі. Жаңа бастама аясындағы алғашқы сабақ 14 қыркүйекте «Су – Қазақстанның байлығы: бағала, қорға, сақта!» тақырыбымен өтіп, оған елорданың барлық орта білім беру ұйымдарынан 300 мыңға жуық оқушы қатысты. Эко сағаттар балалардың табиғи ресурстарды үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мектептерде білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Эко сағаттар», «Таза Қазақстан» акциялары, сенбіліктер, көгалдандыру жұмыстары, экологиялық челлендждер, зерттеу жобалары мен байқаулар өткізіледі. Оқушыларға суды, электр энергиясын және басқа да табиғи ресурстарды үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау, қоршаған ортаны ластамау, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық жасау бойынша түсіндіру және практикалық жұмыстар жүргізіледі.
Су ресурстарын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. AQUA LAB жобасы аясында оқушылар суды үнемдеу жолдарын зерттеп, тәжірибелер жүргізеді, мектептегі су тұтыну деңгейін бақылап, су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған өз ұсыныстарын әзірлейді. Сонымен қатар экологиялық экскурсиялар, мамандармен кездесулер, жобалар мен шығармашылық жұмыстар ұйымдастырылады.
Экосағат барысында білім алушылар үшін судың адам өміріндегі, табиғаттағы және қоғам дамуындағы маңызы кеңінен түсіндірілді. Оқушылар су ресурстарының шектеулі екенін, суды тиімді пайдалану қажеттігін және әр адамның су қорын сақтауға қосатын үлесі бар екенін талқылады.
Сабақтарда «Суды не үшін үнемдеу қажет?», «Күнделікті өмірде суды қалай аз жұмсауға болады?», «Су ресурстарын қорғауға мен қандай үлес қоса аламын?» деген сұрақтар төңірегінде пікір алмасып, білім алушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған тапсырмалар орындалды.
Бұл ретте эко сағаттың басты мақсаты – білім алушыға табиғатты қорғау туралы ақпарат беру ғана емес, экологиялық білімді нақты әрекетке айналдыру.
Эко сағаттарды сапалы әрі бірізді өткізу үшін білім беру ұйымдарына арнайы «Су сандығы» әдістемелік ресурстар кешені ұсынылды.
Оның құрамына тақырыптық сабақ жоспарлары, арнайы әзірленген бейнематериалдар, ақпараттық және көрнекі ресурстар енгізілді. Бұл материалдар педагогтерге эко сағаттарды ұйымдастыруда әдістемелік қолдау көрсетіп, тақырыпты білім алушылардың жас ерекшелігіне сәйкес мазмұнды түрде ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бейнематериалдарды пайдалану білім алушылардың назарын шынайы экологиялық мәселелерге аударып, теориялық ақпаратты күнделікті өмірдегі нақты мысалдармен байланыстыруға жағдай жасайды.
Экологиялық тәрбие бір реттік акциямен шектелмейді. Ол баланың күнделікті әдетінен, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасынан және өз әрекетінің салдарын түсінуінен қалыптасады.
Сондықтан Астанадағы эко сағаттар жүйесінің негізгі идеясы – «экология туралы айту» емес, «экологиялық тұрғыдан әрекет етуге үйрету».
Алдағы уақытта әр айдың үшінші аптасында өтетін эко сағаттар аясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және «Таза Қазақстан» құндылықтарын күнделікті өмірде жүзеге асыруға бағытталған түрлі тақырыптар қамтылатын болады.
Табиғатты қорғау – болашақ туралы ойлаудан басталады. Ал болашаққа жауапкершілік баланың бүгінгі әрекетінен қалыптасады.
«ҚАМҚОР» жобасы білім алушылардың бойында мейірімділік, жанашырлық, қайырымдылық, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталады. Жоба аясында білім алушылардың қоғамға, отбасыға, қарт адамдарға, балаларға, ерекше қолдауды қажет ететін азаматтарға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауын қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жоба шеңберінде қайырымдылық акциялары, волонтерлік бастамалар, әлеуметтік қолдау шаралары, қарт адамдарға көмек көрсету, мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, экологиялық акциялар, мектеп және аумақты абаттандыру, жануарларға қамқорлық жасау сияқты жұмыстар жүзеге асырылады. Білім алушылар әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған шағын әлеуметтік жобалар мен бастамаларды әзірлеп, іске асыруға қатысады.
Сонымен қатар, білім алушылардың волонтерлік мәдениетін дамытуға, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысуына, өзара сыйластық пен жауапкершілік сезімін арттыруға ерекше мән беріледі. Әлеуметтік жобаларды іске асыру барысында білім алушылардың жас ерекшеліктері, қызығушылықтары мен мүмкіндіктері ескеріледі.
Жобаны іске асыруға директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, сынып жетекшілері, мектеп парламенті, волонтерлік клуб жетекшісі, химия және биология пәндерінің мұғалімдері тартылады. Олар білім алушылардың әлеуметтік бастамаларын қолдап, жобаларды жоспарлау, ұйымдастыру және қорытындылау жұмыстарын үйлестіреді.