Агенттік Қазақстандағы деректер нарығын дамыту жөніндегі талдау құжатын ұсынды

Агенттік Қазақстандағы деректер нарығын дамыту жөніндегі талдау құжатын ұсынды

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы Шанхай деректер биржасының қолдауымен деректердің экономикалық әлеуетін ашуға арналған талдау құжатын ұсынды.

Құжатта мемлекеттік органдар, бизнес пен цифрлық экожүйенің өзге де қатысушылары арасында деректермен қауіпсіз әрі ашық алмасуды, оларды бағалау мен монетизациялауды қамтамасыз ететін реттелетін деректер биржасын құру тәсілдері сипатталған.

Деректер нарығын дамыту – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген цифрландырудың маңызды бағыты ретінде қарастырылған. Құжатты дайындаудағы мақсат – ашық диалог орнату және деректердің жаңа экономикалық ресурс ретіндегі рөлін талқылауға мүдделі тараптарды тарту.

Аналитикалық материалда халықаралық тәжірибе, сондай-ақ мұндай платформаларды қалыптастырудың құқықтық және технологиялық қырлары қамтылған. Сондай-ақ экономикалық әсерлері – деректер сапасын арттыру, инновацияларды дамыту және өзара іс-қимылдың жаңа үлгілерін қалыптастыру атап көрсетілген.

Шанхай деректер биржасымен бірлескен жұмыс деректер саудасы мен олардың алмасуын ұйымдастырудың халықаралық тәжірибесі мен озық тәсілдерін ескеруге мүмкіндік берді.

«Деректер биржасы – бұл нарық қатысушылары арасында тексерілген деректердің, ондағы өнімдердің қауіпсіз әрі реттеле отырып алмасуын қамтамасыз ететін платформа. Қазақстанда мұндай биржаны құру –деректермен заңды және қауіпсіз жұмыс істеудің институционалдық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұнда дерек иелерінің құқықтары мен жеке деректердің қорғалуы толық қамтамасыз етіледі», – деді Агенттік Төрағасы Әсет Ерғалиев.

Қытай тәжірибесі деректер нарығы экономикалық өсудің жаңа драйверіне айнала алатынын көрсетіп отыр: 2022 жылы бұл елде деректер бойынша транзакциялар көлемі 42% артқан. ЭЫДҰ бағалауы бойынша, деректермен тиімді алмасу елдің ЖІӨ-ін 2,5% дейін ұлғайтуы мүмкін.

Қазақстанда деректер биржасын құру өңірлік деректердің алмасуын және монетизация орталығын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ. Бұл бастама цифрлық экожүйе қатысушылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Талдамалық материалмен Агенттіктің және Бюроның ресми сайттарында танысуға болады.