
Президенттің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Корея Республикасы қаржы реттеушісінің басшысымен кездесу өткізді, құрметті қонақ ретінде Корея мен Қазақстанның қаржылық ынтымақтастығы жөніндегі семинарға қатысты, сондай-ақ Кореяның BNK Busan Bank банкінің басшылығымен кездесті.
Сапар барысында Агенттік басшысы Кореяның Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссия (Financial Services Commission) Төрағасы Ли Ын-Вонмен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде қаржылық реттеу, капитал нарығын дамыту және озық тәжірибемен алмасу саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сапардың негізгі іс-шараларының бірі тұрақтылық пен өсуді қамтамасыз ету үшін қаржылық ынтымақтастықты дамытуға арналған Корея мен Қазақстанның қаржылық ынтымақтастығы жөніндегі семинар болды. Семинарды Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясының қатысуымен қазақстандық делегация үшін Халықаралық қаржылық ынтымақтастық жөніндегі кеңес (Council on international Financial Cooperation) ұйымдастырды.
Семинарда құттықтау сөзінде Агенттік Төрағасы Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын және қаржылық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін елеулі әлеуетті атап өтті. Негізгі бағыттар ретінде инвестициялық және бизнес-жобаларды қаржыландыру, цифрлық қаржыны дамыту және ЖИ қолдану, сондай-ақ сақтандыру және капитал нарығы саласындағы ынтымақтастық белгіленді.
«Біз кореялық қаржы институттарымен және цифрлық қаржы, ЖИ, токендеу және цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласындағы технологиялық компаниялармен ынтымақтастық үшін елеулі әлеуетті көріп отырмыз. Корея Республикасының технологиялар және қаржылық реттеу саласындағы тәжірибесі бірлескен жобаларды іске асыру үшін ерекше қызығушылық тудырады», - деп атап өтті М.Әбілқасымова.
Сапардың іскерлік бағдарламасы аясында Агенттік Төрағасы BNK Busan Bank басшылығымен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы Корея қаржы институттарының маңызды рөлі атап өтілді, сондай-ақ қаржы саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.
«БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ-ты Қазақстанда BNK Financial Group халықаралық қаржы тобы 2025 жылы ашты. Еншілес банктің активтері 25,7 млрд теңгені құрайды.
Еске салсақ, 2024 жылғы маусымда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы (FSC) және Қаржылық қадағалау қызметі (FSS) арасында банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандум Базель Банктерді қадағалау комитетінің ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ банктерді реттеу саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы