
Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары шеңберінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Корея Республикасының Қаржылық көрсетілетін қызметтер комиссиясы (FSC) мен Қаржылық қадағалау қызметі (FSS) арасында Банктік қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Салтанатты қол қою рәсімі Ақордада Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы Мемлекет басшыларының, екі елдің қаржылық реттеушілері мен мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен өтті.
Құжат Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы қаржы нарықтары саласындағы өзара іс-қимылды тереңдететін маңызды қадам болып табылады. Тараптар заңсыз қызметке жол бермеу, банктердің орнықтылығын арттыру және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында банк қызметтерін тиімді қадағалауды қамтамасыз етуде ынтымақтасуға уағдаласты.
Меморандум Базель Банктерді қадағалау комитетінің ұсынымдарын ескере отырып, сондай-ақ банктерді реттеу саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкес әзірленді.
Қазақстанда активтерінің көлемі 800 млрд теңгеден асатын кореялық «Шинхан Банк» жұмыс істейтінін еске сала кетейік.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz