13.05.2026 жылы Степняк қаласының әкімі қала тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында әкім 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, жыл соңына дейінгі жоспарларды таныстырды.
Өз сөзінде әкім қысқы кезеңде 12 200 текше метр қар шығарылғанын, сондай-ақ 30 тонна инертті материалдар дайындалғанын атап өтті. Қазандықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында 3 дизельдік генератор орнатылды. Су тасқынының алдын алу үшін 50-ден астам су өткізу құбырлары тазартылды.
Сонымен қатар, электр желілеріне қызмет көрсету жұмыстары жүргізіліп, көше жарықтандыру шамдары ауыстырылды. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, қаланы абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда.
Кездесу барысында қала тұрғындары Наурызбай батыр және Біржан сал көшелеріндегі жолдарды жөндеу, қаланы абаттандыру, көше жарығын жақсарту, сондай-ақ бос тұрған ғимараттар және т.б. мәселелерін көтерді. Барлық қойылған сұрақтарға тиісті түсіндірмелер мен жауаптар берілді.