WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты сәтті аяқталды!

WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты сәтті аяқталды!

WorldSkills Kazakhstan 2024 ұлттық чемпионаты еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген талантты жастарды, сарапшылар мен тәлімгерлерді бір алаңда тоғыстырды. Жас мамандар арасында кәсіби шеберлікті дамытуға бағытталған бұл дода Қазақстанның білім беру саласындағы жаңа жетістіктерді көрсетті.

Көптеген күндер бойы қатысушылар 30-дан астам құзыреттілік бойынша өз білімдерін, дағдыларын және шеберліктерін көрсете отырып, жоғары дайындық деңгейін, кәсібилікті және жеңіске деген ұмтылысты дәлелдеді. Бұл чемпионат тек қана кәсіби мамандардың арасындағы бәсекелестік емес, сонымен қатар жастардың болашақта ел экономикасына қосар үлесін арттырудың маңызды кезеңі болды.

Алматы облысының жеңімпаздары

Алматы облысының қатысушылары бұл додада жоғары нәтижелер көрсетіп, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола және 5 медальон иеленді. Бұл облыстың кәсіби білім беру жүйесінің дамып келе жатқанын, жастардың ерекше қабілеттері мен күш-жігерін білдіреді.

  • Толыбек Нұрсултан – Алматы облыстық қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық колледжінің 3-курс студенті, «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша 1-орын  жеңіп алды. Оның кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қиялы жоғары деңгейде бағаланды. Толыбек Нұрсултанның табысы – бұл бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш.

  • Қожамбердиев Ертас – Алматы экономикалық колледжінің 3-курс студенті, «Наубайхана ісі» құзыреттілігі бойынша 2-орын иеленді. Ертас өзінің кәсіби біліктілігін және наубайханашы ретіндегі шеберлігін ерекше деңгейде көрсетті.

  • Аметов Таиржан – Талғар политехникалық колледжінің 3-курс студенті, «Веб технология» құзыреттілігі бойынша 3-орын  алды. Ол веб-технологиялар саласында өз дағдыларын жоғары деңгейде дәлелдеп, болашақта бұл салада үлкен жетістіктерге жететініне сенімділік ұялатады.

Толыбек Нұрсултан чемпионаттың жеңімпазы ретінде 2025 жылы Дания елінде өтетін EuroSkills халықаралық чемпионатында Қазақстанның намысын қорғауға аттанады. Бұл халықаралық деңгейде талантын көрсетуге үлкен мүмкіндік болып табылады. Ол елімізді әлемдік ареналарда жоғары дәрежеде танытуға зор үлес қосады деп сенеміз.

WorldSkills Kazakhstan 2024 чемпионаты – бұл тек қана кәсіби шеберлік байқауы емес, жастардың өз болашағын қалыптастырудағы маңызды кезең. Қазақстанның болашақ мамандары мен кәсіпкерлері осы секілді шаралар арқылы өз білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, халықаралық деңгейде үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады.

WorldSkills Kazakhstan 2024 чемпионатының жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға үлкен табыс тілейміз! Бұл доданың нәтижелері жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттырып, еліміздің экономикалық дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз.