Алматы облысының әкімі көктемгі су тасқыны мен көшкін қаупі жоғары аймақтарға жұмыс сапарымен барып, жағдайды көзбен көріп, бақылау жүргізді. Инспекция барысында ол бірқатар маңызды нысандарды аралап, жауапты тұлғалардың есептерін тыңдады.
Ең алдымен, Іле ауданындағы Жармұханбет өзені бойындағы су басу қаупі бар аумаққа барды. Мұнда Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарының әкімдеріне су тасқынының алдын алу шараларын күшейтіп, инженерлік құрылыстардың дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
Одан кейін Талғар, Есік және Түрген өзендері бассейндеріндегі мореналық көлдерге әуе шолу жасалды. Әсіресе, қауіпсіздік шараларын күшейту мен жаңа бөгеттер салу қажеттілігі бар аймақтарға ерекше назар аударылды.
«Халықтың қауіпсіздігі – басты міндет. Табиғи қауіп-қатерлерге жедел әрекет етіп, ықтимал тәуекелдерді барынша азайтуымыз қажет», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті су тасқыны мен көшкіннің алдын алу және салдарын жою бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Қорғаныс құрылыстары күшейтіліп, мореналық көлдер бақылауға алынған. Барлық шұғыл қызметтер жоғары дайындық режиміне көшірілді. Жыл басынан бері 23,5 км өзен арналары түзетіліп, бекітілді, 16 тонна қалдық шығарылды, 5 қорғаныс бөгеті (7,9 км) салынды. Тасқындарға жедел әрекет ету үшін 1326 маман, 471 техника, 126 мотопомпа және 29 қайық жұмылдырылды. Қажетті материалдық қорлар дайындалған. Су басу қаупі жоғары 20 учаскенің 7-еуі толық қауіпсіздендіріліп, қалған 13-інде алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылына барып, тұрғындармен кездесті. Жиында өзекті мәселелер талқыланып, негізгі тақырып ауыл шаруашылығын дамытуға арналды.
Ауданда 100 мыңнан астам ірі қара, 30 мың жылқы, сондай-ақ 30 мың қой-ешкі бар. Мал азығы жеткілікті көлемде дайындалғанымен, фермерлер су тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болуда. Бұл егіс алқаптарын кеңейтуге кедергі келтіріп, кейбір дақылдардың өнімділігін төмендетуде.
Марат Сұлтанғазиев жауапты мемлекеттік органдарға аграршылармен тығыз жұмыс істеп, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндіруді және суды үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,4 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 42 млрд теңгені, инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрады. Бақанас ауылында «БиоКарбон» зауыты іске қосылды. 1,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алынып, суару жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 133 тұрғынға жеңілдетілген несие беріліп, айналымға 20 мың гектар пайдаланылмаған жер қайтарылды.
«Бір ауыл – бір кәсіп» жобасы аясында 37 жаңа нысан ашылып, 100 адам жұмыспен қамтылды. 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталып, жастар ресурстық орталығы ашылды, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 35 пәтер сатып алынды.
1 100 үйге газ тартылып, 20 елді мекен орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда.
Денсаулық сақтау саласында фельдшерлік-акушерлік пункттер, медициналық амбулаториялар мен дәрігерлік кабинеттердің құрылысы жүргізілуде. Білім беру жүйесінде үш ауысымды оқыту мәселесі шешілгенімен, бірнеше мектепке күрделі жөндеу қажет. Салаға 23 педагог тартылып, олардың 9-ына тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет.
Кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдардың жай-күйі және сумен жабдықтау мәселелерін көтерді. Облыс әкімі судың тапшылығы ауданның дамуына тікелей әсер ететін басты мәселе екенін атап өтіп, оны шешу негізгі басымдық болатынын жеткізді.
Алматы облысы әкімінің өкімімен Аскар Тасбулатович Тойчубеков 2025 жылғы 4 ақпаннан бастап Алматы облысының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Аскар Тасбулатович 1975 жылы туылған, білімі жоғары, 1999 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы техникалық институтын «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1995 жылы Алматы облысы Ішкі істер басқармасының Мемлекеттік өртке қарсы қызметі Текелі қалысының мемлекеттік өрт қадағалау бөлімінің инженері қызметінен бастаған.
Әр жылдары Алматы облысында өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінде, сондай-ақ, төтенше жағдайлар департаментінде әр түрлі лауазымдарды атқарған. 2020 жылғы 18 қарашадан 2024 жылғы 26 қараша аралығында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы лауазымында қызмет атқарған.
Ұшқоныр су шаруашылығы колледжі. 2016 жылы бұл нысан сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Алайда, инвестор келісімшарт бойынша 66,6 млн теңге инвестиция салу міндеттемесін орындамаған. Осыған байланысты сот шешімімен мүлік қайтадан мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Есік көлі бөгеті және 141,6 га жер учаскесі. 2018 жылғы тендердің шартына сәйкес, инвестор 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға тиіс болған. Алайда, бұл міндеттемелер орындалмаған. 2024 жылы сот шешімімен нысан мемлекетке қайтарылды.
Ағымдағы жылы жалпы сомасы 23 млрд теңгеден астам инвестиция тарту туралы келісім жасалып, бұл нысанды кешенді қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде, су тапшылығы мәселесі шешіліп, ауыл шаруашылығы, жергілікті тұрғындар мен туризм инфрақұрылымына оң әсер етеді деп күтілуде.
Қаскелеңдегі Өнер мектебінің екі ғимараты. 2015 жылы мемлекет 134 млн теңгеге сатып алған бұл нысанға қатысты келісімшарт 2023 жылы сот шешімімен жарамсыз деп танылды. Апелляциялық шағымдану нәтижесінде ғимараттар коммуналдық меншікке қайтарылды.
Алматы экономикалық колледжі. Алғашында оның дамуына 100 млн теңге инвестиция қарастырылғанымен, кейін бұл сома 10 млн теңгеге дейін қысқартылған. Келісімшарт шарттары мүлде орындалмағандықтан, колледж мемлекетке қайтарылды.
7 су шаруашылығы нысаны. Келісімшарттық міндеттемелердің тиісінше орындалмауына байланысты 2024 жылы бұл нысандар жергілікті атқарушы органның бақылауына өтті.
Мемлекеттік активтерді тиімді басқару және инвестиция тарту мақсатында коммуналдық мүлікке ауқымды түгендеу жүргізілді. Оның нәтижесінде 967 бос, апатты және иесіз ғимарат анықталды. Оның ішінде 427 жеке меншік нысан апатты жағдайда болып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні, сондай-ақ елді мекендердің сәулеттік келбетіне кері әсер ететіні белгілі болды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде 304 пайдаланылмайтын нысан бойынша жиынтық тізім жасалып, оларды тиімді пайдалану жолдарын қарастыратын Жол карталары бекітілді. 188 иесіз нысанды мемлекет меншігіне қайтару мақсатында оларды ресми түрде иесіз деп тану рәсімдері жүргізілуде.
Қаржы басқармасының мәліметінше, бұл ғимараттардың бір бөлігі бұзылып, кейбірі аукционға қойылады, ал қалғандары қайта жаңғыртылады.
Алматы облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті. Ол бос тұрған ғимараттардың жаңартылып, халық үшін маңызды нысандарға айналуы мүмкін екенін айтты.
Қазіргі уақытта 69 нысан инвестициялық жобаларды іске асыруға іріктеліп, 5 нысан бойынша әлеуетті серіктестерді іздеу жөнінде конкурстар басталды. Мемлекеттік мүлікті тиімді басқару жаңа инвестициялар тартуға, жергілікті бюджетке қосымша табыс көздерін құруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп сенеді билік өкілдері.
Өткен жылы Алматы облысында жалпы ауданы 397 313 гектарды құрайтын 1 340 жер телімінің пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Алматы облысында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Тек соңғы бір аптада өңірде 995 жаңа жұмыс орны ашылып, олардың 420-сына азаматтар тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ең көп жұмыс орны білім беру саласында. 112 мұғалім мен тәрбиеші мектептер мен балабақшаларға жұмысқа қабылданды. Жаңа мамандардың басым бөлігі Қарғалы ауылындағы №1 мектеп-лицейге, Райымбек ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне және А. Бейсеуов атындағы орта мектепке орналасты. Денсаулық сақтау саласы да жаңа кадрлармен толықты. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы мен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 45 медициналық маман жұмысқа алынды. Бұдан бөлек: Көлік және қойма шаруашылығы саласына – 65 адам, Өнеркәсіпке – 24 адам, Балық шаруашылығына – 15 адам, Құрылысқа – 10 адам жұмысқа орналасты. Өңірдегі негізгі жұмыс берушілер: "Жетісу Вольфрамы" ЖШС "Төре Жайлау" ЖШС Білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары Жаңадан ашылған 995 жұмыс орнының 567-сі субсидияланған, ал 428 бос жұмыс орны enbek.kz порталына жарияланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Айгүл Матановна бұл бағытта жұмыстың жалғасатынын атап өтті: "Жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің басты міндетіміз. Біз жұмыс берушілермен тығыз байланыстамыз, жұмыс іздеушілерге қолайлы бос орындарды таңдауға көмектесеміз. Әрбір азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылып, отбасын асырауға мүмкіндігі болуы маңызды." 2025 жылы Алматы облысында 61,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын арттырып, өңірдің экономикалық дамуына серпін бермек.
eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы «eOtinish»-ке қалай дұрыс өтініш беруге болады
«eOtinish» ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік органдарға өтінішіңізді сәтті жасау және жолдау үшін «eGov Mobile» қосымшасына кіру қажет.
Әрі қарай, «Қызметтер» бөлімінде «eOtinish» бөліміне басу керек. Басқаннан кейін Сіз «eOtinish» ақпараттық жүйесінің басты бетіне өтесіз.
Содан кейін «Өтініш беру» бөліміне басып, пайда болған терезеде электрондық форманы толтыру қажет.
Тиісті бағандарды сәтті толтырғаннан кейін Сізге бар болғаны «Қол қою және жіберу» батырмасын басу ғана қалады.
Бұл әрекет Сіздің өтінішіңіз мемлекеттік органға тіркеу үшін және одан әрі қарауға жіберілгенін білдіреді.
Алматы облысындағы аграрлық аймақтардың бірі – Ұйғыр ауданы, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуында серпінді жетістіктерге қол жеткізуде. Аудан өткен жылы ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және әлеуметтік салаларда маңызды нәтижелерге қол жеткізіп, даму қарқынын арттырды.
Ауыл шаруашылығындағы жетістіктер
Ауданның аграрлық әлеуеті жыл санап нығайып келеді. 2024 жылы өңірде 12 829 тонна көкөніс жиналып, гектарына орташа өнімділік 278 центнерді құрады. Сонымен қатар, диқандар 31 мың тоннадан астам жүгері, 2 мың тоннадан аса картоп және 20 тонна майлы дақыл жинады.
2025 жылы егістік көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың айтуынша, ауыл шаруашылық дақылдар егілетін жер 23 265 гектарға, ал азықтық дақылдар көлемі 14 997 гектарға дейін өседі. Жалпы егістік көлемі 2000 гектарға ұлғаймақ.
Су үнемдеу технологиялары да қарқынды енгізілуде. Өткен жылы 1 386 гектар жер осындай технологиялармен суғарылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 500 гектарға дейін ұлғайтылады деп жоспарланған.
Өңдеу өнеркәсібі мен инвестиция тарту
Өңірдің ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы құны 50 млрд 274 млн теңгені құрап, нақты индекс көлемі 95,5%-ға жетті. Өңдеу өнеркәсібі де дамып келеді – 2024 жылы өндірілген өнім көлемі 22 млрд 511 млн теңгені құрады.
Аймақ инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында. Өткен жылы нақты индекс көлемі 107%-ға жеткен. Әкімнің айтуынша, аудан бойынша әзірленген арнайы жол картасына ең өзекті 87 мәселе енгізіліп, олардың 14-і толық шешімін тапты.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар Ұйғыр ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы Шонжы ауылында 1500 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді, ал халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 40 үй сатып алынды. Сонымен қатар, 2019 жылы басталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қайта жанданып, оған 617 млн теңге бөлінді.
Автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Өткен жылы 21,2 шақырым жол жөнделсе, биыл Шонжы, Үлкен Ақсу, Ақтам, Кіші Ақсу және Рахат ауылдарындағы 25 шақырым ішкі көше жолдарын жөндеуге қаражат бөлінді. Нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 81%-ға дейін артады деп күтілуде.
Газдандыру: Болашаққа қадам
Ауданда газдандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда. Қазірдің өзінде Шонжы ауылы толықтай газбен қамтылған, ал 2 815 жеке тұлға мен 126 заңды тұлға көгілдір отынға қосылған. Алдағы уақытта таулы аймақта орналасқан елді мекендерді газдандыру мақсатында автоматтандырылған газ тарату станциясы салынады. Бірінші кезеңде Кіші Дихан, Үлкен Дихан, Қалжат және Кетпен ауылдарына газ құбыры тартылып, басқа елді мекендерді газбен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Қарадала өңірінің болашағы
Ұйғыр ауданының даму қарқыны оның әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және әлеуметтік инфрақұрылымдағы ілгерілеу өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуде. Газдандыру және жаңа технологияларды енгізу сияқты жобалар аймақтың болашағын жарқын етіп, экономикалық өсімнің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
2025 жылы негізгі салаларды дамытуға, оның ішінде экономика, кәсіпкерлік, индустриялық инфрақұрылым және туризм салаларына бағытталған ауқымды мақсаттар мен өршіл міндеттер қойылып отыр.
2025 жылы өңірдің меншікті кірістері 580,2 млрд теңгеге жетеді деп болжануда, бұл 2024 жылғы нақты көрсеткіштен 11,5%-ға артық. Кірістердің негізгі бөлігін 562,2 млрд теңге болатын салықтық түсімдер құрайды (+14,4%).
Өткен жылғы бір реттік кірістердің болмауына байланысты салықтық емес түсімдер 3,8 млрд теңгеге дейін азайғанымен, капитал сатудан түсетін кірістердің айтарлықтай өсуі күтілуде — 14,2 млрд теңгеге дейін. Бұл несиеге берілетін тұрғын үйлерді сату мен жер телімдерін өткізумен байланысты.
Экономиканың 6%-ға өсуіне қол жеткізу үшін жалпы өңірлік өнім көлемі 6 трлн 407 млрд теңгеге жеткізілмек. Негізгі салалар келесі көрсеткіштерді қамтамасыз етеді:
787,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, бұл халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
2025 жылы жалпы құны 359,2 млрд теңге болатын 28 ірі жоба іске қосылады деп күтілуде. Олардың қатарында «Шин Лайн» ЖШС, «ГаланзБоттлерс» АҚ, LC Waikiki және басқа да компаниялар бар.
Құны 3,3 трлн теңге болатын 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде, олар 7,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашады. Ең ірі жобалар арасында Mars, Carlsberg, Hyundai Green және Fufeng Group компанияларының бастамалары бар.
Индустриялық аймақтарда 210,4 млрд теңге инвестиция тартылған 22 нысанның құрылысы жоспарланған. «Қайрат» индустриялық аймағында сұйық әйнек, полиэтилен құбырлары және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыттарды қамтитын 5 жоба іске асырылады.
Алматы тау кластерін, оның ішінде Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі мен Заилийский және Күнгей-Алатау жоталарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
2025–2032 жылдарға арналған туризмді дамыту кешенді жоспары аясында 100 км автожол, 80 км велосипед жолдары және 170 км жаяу жүргіншілер маршруттарын салу жоспарланған.
Басты жобалардың бірі – «Oi-Qaragai» жыл бойы жұмыс істейтін курортын кеңейту. 2028 жылға қарай оның аумағы 105 гектардан 1000 гектарға дейін ұлғайып, туристер саны жылына 900 мың адамға дейін өседі.
2025 жылы қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін барлық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Жоспарланған міндеттердің орындалуы өңірдің тұрақты өсуін қамтамасыз етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыратынына сенімдіміз.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.
Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.
Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды.
Салалар бойынша экономиканың өсуінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты нәтижелер жатыр. Мәселен, Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2024 жылы 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.
Құрылыс саласында да нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.
Тұрғын үй-коммуналдық секторға ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.
Инвестициялық штабта жалпы құны $50 млрд болатын 115 жоба бойынша түткілді мәселелер тез арада шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвест штаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі уақытта 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.
«Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сапар барысында облыс әкімі аудандағы бірнеше елді мекенді аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Тұздыбастау ауылына ат басын тіреген өңір басшысы 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстарын көріп, білім беру нысанының жағдайына ерекше көңіл бөлді. Әкім мектеп оқушылары үшін барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Марат Сұлтанғазиев Бесағаш ауылына барып, сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын бақылап шықты. Ол бұл нысанның стратегиялық маңыздылығын баса айтып, құрылыс сапасын қатаң қадағалап, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі Талғар ауданындағы әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты шараларды қолға алуды міндеттеді. Сондай-ақ, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың үздіксіз жалғасатынын жеткізді.