2025 жылдың 4 мамырында Алматы қаласындағы «MEGA Alma-Ata» ойын-сауық орталығының сахнасында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі Жеңіс күніне арналған мерекелік концерт өткізді. Іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады.
Концерт барысында әскери оркестр соғыс жылдарындағы әскери әндер мен патриоттық және халық әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Репертуардан «Журавли», «Әлия», «Қайсар армия», сондай-ақ заманауи музыкалық өңдеудегі қазақ әндері мен марштар орындалды. Оркестрдің кәсіби шеберлігі мен орындаушылық деңгейі көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Мұндай мәдени іс-шаралар халықтың рухын көтеріп қана қоймай, Отан үшін жанын қиған батырларды еске алуға, жастарға патриоттық тәрбие беруге зор үлес қосады.
Алматыда ұландықтар соғыс жылғы бала – тыл ардагері, Ұлттық ұланның ардагері, отставкадағы майор Ғалымжан Бакешевтің үйінің ауласында салтанатты шара ұйымдастырып, ардагерді 90 жасқа толған мерейтойымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерекесімен құттықтады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Кеңес Одағының Батыры гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев ардагерге алғыс хат табыстап, қолбасшылық атынан құттықтау лебізін білдірді, ал өңірлік қолбасшылықтың Ардагерлер кеңесінің мүшелері және Hexlet ІТ колледжінің оқытушылары мен студенттері тыл еңбеккеріне арнайы дайындап келген сый-сияпаттарын берді. Осыдан соң ардагер үйінің ауласында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындаса, ұландық сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті.
- Бүгін біз тыл ардагері Ғалымжан Жүсіпұлын 90 жасқа келген мерейтойымен және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, оның батасын алайық деп келдік. Ардагер атамыз Ішкі әскерде ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан. Біз Ғалымжан атаға жиі келіп, жағдайын біліп, мерекелерде құттықтап отырамыз. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қазір тек жалғыз тыл ардагері бар. Қазыналы қариямызға әрқашан құрмет көрсетеміз, - дейді подполковник Ұлықбек Қараев.
Соғыс басталғанда, Ғалымжан ата небары алты жаста еді. Өзі сияқты буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың бәрінің балалық шағын соғыс ұрлаған болатын. Олар еңбекке ерте араласып, ауылдағы ер-азаматтардың орнын басты, аналарымен бірге тылда еңбек ете жүріп, Жеңіс күнінің жақындауына үлес қосты.
Қазір соғыс жылғы балалар тыл ардагерлеріне теңестірілген, өйткені олардың көбі кішкентай жасынан бастап майданға кеткен ересектердің орнын басты: зауыттарда, колхоздарда жұмыс істеді, сарбаздарға жылы киім тоқыды. Ғалымжан ақсақалға да осы мәртебе берілген. Сонымен қатар Ғалымжан Жүсіпұлы – Ұлттық ұланның қарт ардагерлерінің бірі. Ол 1960 жылдан бастап КСРО-ның Ішкі әскерінде әр түрлі қызметтерде болған. КСРО ІІМ Қазақ ССР-і және Қырғыз ССР-і бойынша Ішкі әскер басқармасында саясат бөлімінің нұсқаушысы лауазымында зейнетке шыққан.
- Дендерің сау, өмір жастарың ұзақ болсын! Әскери борышты өтеу оңай емес. Дегенмен, командирдің тілін алып, әскери борышты жақсы орындаңдар. Елімізде тыныштық, амандық, береке болсын! Маған келіп, құттықтағандарың үшін көп рақмет!, - деп ақсақал сарбаздарға ақ батасын берді.
Ғалымжан ата мен жұбайы Қоныскүл апа әскери оркестрдің әуенімен дөңгеленіп вальс билеп, көңілдері жадырап, жасарып қалғандай болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Қоғамдық кеңестің комиссиясы 24 отырыс өткізіп, онда аудан әкімдігі, қала басқармасы, полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің есебі тыңдалған. Соның нәтижесінде алматылықтардың өмір сапасын, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған 240 ұсыныс жасалды.
Комиссия мемлекет пен азаматтық қоғамның арасында байланыс орнататын тиімді алаң екенін дәлелдеп отыр. Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен жүйелі түрде жұмыс істеуге көп көңіл бөлінген. ТКҚ, көлік пен экология саласындағы жемқорлықты жоюды көздейтін іс-шаралардың жоспары жасалған. Соның бірі – ұсыныстың орындалу барысын қадағалап, оқытып, цифрлық шешімдерді өндіріске енгізу.
Комиссия мүшелері мемлекеттік органдарының ашық болғанын, есеп беріп отырғанын қалаймыз. Цифрлы құралдар, карта жасап, арыз-өтінішке арнап QR-кодтар енгізілді. Халық осының арқасында ақпаратты тікесінен алып, қоғамдық бақылау да күшейеді.
Комиссия тұрғындармен, эксперттермен, комплаенс-офицерлермен, ұйымдармен жұмыс істеуге көңіл бөліп отыр. 200-ден астам іс-шара өтіп, тұрғындар мен әртүрлі ұйымдардың 70 арыз-шағымы қаралған. Оның 52-сі шешімін тауып, қалғанына түсініктеме берілген.
Алматы қаласында көптен күткен «Ашық аспан астындағы кинокөрсетілім» жобасы өз жұмысын бастады. Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, қала волонтерлерінің бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба – қала тұрғындары мен жастарына жаз мезгілін қызықты әрі пайдалы өткізудің таптырмас мүмкіндігі.
Ерекше форматтағы бұл жоба – қаладағы мәдени демалысты қолжетімді етіп қана қоймай, отандық киноиндустрияны насихаттау мен танымал етуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кинокөрсетілімдер Алматының барлық 8 ауданында апта сайын өтетін болады. Бұл – әр аудан тұрғындарына сапалы кинотуындыларды тегін тамашалауға жол ашатын тамаша мүмкіндік.
Жобаның ашылу кешінде сөз сөйлеген Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының жетекшісі Бағдат Анарбаева кинокөрсетілімнің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың қоғаммен байланыс орнатудағы рөлін ерекше атап өтті:
«Бүгін біз қала тұрғындары үшін ерекше атмосфера сыйлайтын “Ашық аспан астындағы кинокөрсетілімдерді” бастап жатырмыз. Бұл тек фильм көру ғана емес – бұл адамдар арасындағы байланыс, ашық диалог, мәдениет пен отандық өнерге құрмет. Енді әр апта сайын қаламыздың әр ауданында отандық фильмдерді көрермен назарына ұсынамыз. Волонтерлердің белсенділігі мен қоғамға пайдасы осындай жобалар арқылы одан әрі арта түседі деп сенеміз», – деді ол.
Кешке қатысқан көрермендердің де әсері ерекше. Жастар үшін мұндай іс-шаралар өзара танысуға, ортақ қызығушылық табуға, рухани байып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Кешке алғаш рет қатысқан қала тұрғыны, студент Айзере Қали былай деп пікір білдірді:
«Мұндай іс-шаралар – біз секілді жастар үшін үлкен мотивация. Біріншіден, отандық киноны қолдаймыз, екіншіден, табиғат аясында, ашық аспан астында уақыт өткізу – ерекше әсер сыйлайды. Мен бүгін өзім үшін жаңаша эмоция алдым. Осындай форматтағы мәдени кештер жиі өтіп тұрса екен», – дейді Айзере.
Айта кетейік, Алматы қаласында жыл сайын жастарға арналған 1000-нан астам экологиялық, мәдени, спорттық және білім беру бағытындағы жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастамалардың барлығы – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, оларды қаланың мәдени-қоғамдық өміріне тартуға және сапалы бос уақыт өткізуге арналған.
«Ашық аспан астындағы кинокөрсетілім» – сол жобалардың жарқын үлгісі. Ол тек көңіл көтеру ғана емес, ұлттық киноны дәріптейтін, көрермен мен өнер арасында рухани көпір орнататын әлеуметтік-мәдени бастама болып отыр.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған спортшыларға пәтер кілттерін табыс етті.
Бес спортшы жаңа пәтер иегерлері атанды. Спорттық гимнастикадан Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов екі бөлмелі пәтер алды.
Қола жүлдегерлер — бокстан спортшы Назым Қызайбай мен атқыш Ислам Сәтбаев бір бөлмелі пәтер иегерлері атанды.
Қола медаль иегерлері, дзюдошы Гусман Қырғызбаев және пневматикалық мылтықтан ату спортшысы Александра Ле жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарда. Оларға пәтерлер кілттері Алматыға оралғаннан соң беріледі.
«Сіздің жеңістеріңіз-көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі және спортшылардың жаңа буыны үшін лайықты үлгі. Алматы Сіздердің жетістіктеріңізді жоғары бағалайды және Сіздерді жаңа жетістіктерге жету жолында үнемі қолдайтын болады», — деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде спортшылар ниет пен көрсетілген қолдауға алғыстарын білдірді.
Анықтама: 2024 жылдың 11 тамызында Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Алматылық спортшылар бірқатар медальдарды жеңіп алды және халықаралық аренада еліміздің спорттық беделін нығайтты әрі Қазақстанды абыроймен әлемге паш етті.
20 тамызда Алматы қаласының әкімдігінде Олимпиада жүлдегерлерімен салтанатты кездесу өтті. Іс-шара аясында спортшыларға ақшалай сертификаттар, автокөлік кілттері, сондай-ақ тұрғын үй алуға сертификаттар табыс етілді. Кездесу кезінде Алматы әкімдігінен ақшалай сыйлықтар мен автомобильдер табысталды.
Тұрғын үй беруге келетін болсақ, жүлдегерлерге берілген сертификат титулды спортшыларды пәтерлермен қамтамасыз ету тетігінің бірінші кезеңі болып табылады. Сертификаттар тапсырылғаннан кейін тұрғын үй сатып алу рәсімі іске қосылды. Бұл процесс жеке бюджетті қалыптастыруды және конкурс жариялаудан бастап шарттар жасасуға дейінгі барлық қажетті мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуді қамтиды. Бұл процедуралар заңнамамен қатаң реттеледі және белгілі бір уақытты қажет етеді.
2025 жылдың 9 қаңтарында барлық заңды және сатып алу процедуралары аяқталды. Спортшылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін пәтерлерде әрлеу жұмыстары жүргізілді. Спорт басқармасының қызметкерлері осы уақыт ішінде әр жүлдегермен байланыста болды және кілттерді тапсыру күні әрқайсысымен келісілді.
2025 жылдың қаңтар-наурыз айында Алматыдағы бөлшек сауда көлемі 1,4 трлн теңге болды. Қаладағы бөлшек тауар айналымының республикалық көлемдегі үлесі – 31,6%. Бұл туралы Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы хабарлады.
Олардың мәліметінше, аталған кезеңде азық-түлік тауарларының сату көлемі 303,6 млрд теңгеге (үлесі – 21%), ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 1,1 трлн теңгеге (үлесі – 79%) жеткен.
2025 жылы наурызда бөлшек сауда тауар айналымының көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда салыстырмалы бағамен 23%-ға артқан (571,2 млрд теңге). Сондай-ақ, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша да 15,3%-ға өсім байқалды, деп атап өтті қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.
Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік бағдарлама «Бірлігі жарасқан Алматы» деген атаумен өтті.
Басты іс-шара Абай атындағы алаңда, Республика сарайының алдында ұйымдастырылып, мыңдаған қала тұрғыны мен қонағы жиналды. Күннің басты оқиғаларының бірі - 11.00-ден басталып, 21.00-ге дейін созылатын концерт. Мерекеге қала әкімі Ерболат Досаев қатысты.
Сахнадағы атмосфераны қазақстандық эстрада жұлдыздары – L Duo дуэті, пианист Ratovich , «Дервиши» және Madein KZ топтары және басқалар жасады. Концерттің хедлайнерлері ҚР Халық әртісі Роза Рымбаева мен Башқұртстаннан келген Ay Yola тобы болды.
Мерекелік іс-шаралар Алматының барлық ауданында өтті: этномәдени бірлестіктер қонақтарды ұлттық би билеп, ән айтып және дәстүрлі тағамдар ұсынды. Сонымен қатар, қалада жәрмеңкелер, спорттық турнирлер, аула концерттері мен экологиялық акциялар ұйымдастырылды.
Мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін 300 – ге жуық адам қатысқан Тұңғыш Президент саябағындағы «Бірлік жүгірісі» бірліктің символы болды. Ал Абай алаңында елді ерекше қызықтырған нысанның бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына арналған «Халықтар бірлігі назарда» атты фотокөрмесі еді.
«Бірлік күні – біздің басты күшіміз – мәдени әртүрлілік екенін еске салатын күн. Алматы — ұлтаралық келісім мен достықтың қаласы. Ассамблеяның мерейтойлық жылында әрбір тұрғын өзін үлкен, ұйымшыл қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуі үшін жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл қоғамда мәдениет, дәстүр мен өзара құрмет ең жоғары құндылық саналады», – деді Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Всеволод Лукашев.
Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығының төрағасы Абдулхалил Долкунтай:
«Бұл күн – біз үшін жай ғана мереке емес, ортақ тарих пен тағдырдың символы. Біз әрбір ұлт дәстүрін сақтап, ел дамуына үлес қоса алатын мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Мұндай іс-шаралар өзара түсіністік пен мәдени алуандықтың еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деді.
Кешке Абай алаңындағы концертте Айқын Төлепберген, Бүркіт, «Марсель» тобы және басқа да әртістер өнер көрсетеді деп күтілуде.
Алматыда Гоголь көшесінің солтүстігінде, Ауэзов және Розыбакиев көшелері арасындағы өнеркәсіптік аймақта орналасқан құбыр ауыстырылады. Құбыр 1979 жылы пайдалануға берілген.
Жалпы ұзындығы 1,2 шақырым болатын жылу трассасы қаладағы 120-дан астам нысанды жылумен қамтамасыз етеді.
Алмалы және Жетісу аудандарының тұрғындарын жазғы маусымда тұрақты ыстық сумен қамтамасыз ету үшін уақытша құбыр желісі тартылады.
Уақытша құбыр желісін қосу үшін 2025 жылғы 2 мамырда сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін Төле би – Каримов – Рысқұлов – Чокин көшелерінің аумағындағы бірнеше тұрғын және басқа да ғимараттарға ыстық су беру шектеледі.
Жалпы, биыл қала бойынша 39 км жылу желісін реконструкциялау жоспарланған. Бұл тозу деңгейін 54%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауыңызды сұраймыз.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС
Алматы мен Алматы облысының 318 фермерлері мен ауыл шаруашылығы өндірушілері мегаполистегі демалыс күндері өтетін жәрмеңкеде халыққа 900 тоннаға дейін азық-түлік тауарларын сатуды жоспарлап отыр.
Олардың ішінде: 400 тонна көкөністер мен жемістер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша, қияр, қызанақ, алма, шалғам, сарымсақ), 390 тонна ет (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, шошқа еті, тауық еті), 50 тонна сүт өнімдері (сүт, айран, қаймақ,сүзбе, май, ірімшік), 30 тонна азық-түлік (қант, тұз, күріш, қарақұмық, мүйіз, ұн) және 30 тонна жұмыртқа, шұжық және бал.
Жәрмеңкелер 3 және 4 мамырда (сенбі және жексенбі) сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін қаланың төрт ауданында өтеді:
Апта сайын жәрмеңкелерге 45 000-нан астам алматылықтар мен қала қонақтары қатысады. Сөрелерде 1000-нан астам азық-түлік тауарлары ұсынылған. Жәрмеңке ұйымдастырушысы «Алматы» ӘКК» АҚ болып табылады. Бағаны тұрақтандыру жөніндегі шаралар шеңберінде жәрмеңкелерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтық құннан 15-20% - ға төмен сатылады.
Алматыда «Таза Қазақстан» атты қаланы көркейту бойынша ауқымды бастама жалғасып жатыр. Биылғы жұмыс «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізіліп, тек тазалау емес, бүкіл қалалық ортаны жаңартуды қамтиды.
Көріктендіру жұмысына 1000 арнайы техника және шамамен 1500 жұмысшы тартылған. Олар қаладан 2400 текше метрден астам қоқыс шығарған. 28 сәуірде «Таза Қазақстан» акциясының үшінші кезеңі басталды. Тротуарларды толық тазалау, ағаштарды санитарлық мақсатта кесу, көше шамдарын қалпына келтіру және көгалдандыру жоспарланған.
Науқанның мақсаты – мегаполистің барлық сегіз ауданындағы жалпы ұзындығы шамамен 355 км болатын 142 көшені жаңарту. Кешенді тазалау аясында тротуарларды қалпына келтіру, шұңқырлы жөндеу, ағаштарды санитарлық мақсатта кесу, көше шамдарын жөндеу және көгалдандыру көзделген.
Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов биылғы бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілгенін атап өтті – енді акцияға ғимарат иелерін тарту көзделген. Ол қаланы тазалауды ғана емес, сонымен қатар көшелердің сыртқы келбетін жақсартуды да қамтиды.
«Барлық үй иелері мен бизнесмендер көріктендіру төлқұжатын алғаннан кейін аумағына жауапты болады. Олар аймағының келбетін – бағаналарды, маңдайшаларды, кіреберіс сатыны ретке келтіруге тиіс. Акция аясында 158 көріктендіру төлқұжаты беріліп, 43 әкімшілік айыппұл салынды. Әр көше бөліміне әртүрлі құрылым жауапты – мысалы, бағаналарға аудан әкімдігі, жол мен бағдаршамдарға – қалалық мобильділік басқармасы жауапты. Осы жұмыстың нәтижесінде қаламыз таза әрі көрікті бола түседі», – деді Бейбіт Шаханов.
Қалалық инфрақұрылымды жақсартудағы маңызды қадамның бірі – көлемі ұлғайтылған 12 мыңнан астам қоқыс жәшігін орнату болды. Сонымен қатар, көгалдардағы топырақты өңдеу жұмыстары жүргізілуде: жердің тығыздалған жоғарғы қабаты алынып, ауа мен ылғалдың тамырларға жетуі жақсартылуда. Мұндай жұмыс көгалды аймақтардың қыс мезгілінен кейін тезірек қалпына келуіне көмектеседі.
«Таза Қазақстан» акциясының өту барысы туралы қала тұрғындары мен коммуналдық қызмет өкілдері де пікір білдірді.
«Мен бұл жерде ұзақ жылдан бері тұрамын, жыл өткен сайын ауданның тазарып, жайлы бола бастағанын байқаймын. Қыста көшелер үнемі қардан тазартылып, тайғақ болмас үшін құм себілді. Қазір көктемде қоқыс жиналып, сырлау, ағаштарды кесу, ғимараттардың қасбетін жуу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстың кешенді түрде жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Дегенмен, тазалық коммуналдық қызметкк ғана емес, өзімізге де байланысты», – дейді Медеу ауданының тұрғыны Асылжан Әбдумуталиев.
Өз кезегінде коммуналдық қызметкерлер үшін тұрғындардың қолдауы маңызды.
«Аудан таза әрі күтімді болуы үшін таңнан кешке дейін аяғымыздан тік тұрып, сыпырамыз, қоқыс жинаймыз, арықтарды тазалаймыз. Адамдардың алғысы мен жылы сөзі жұмысымыздың маңызын сезіндіреді. Қарапайым қоқыс тастамау – бұл да біз үшін үлкен қолдау мен мамандығымызға деген құрметтің белгісі», – дейді «Алматы Тазалық» қызметкері Анаргүл Бейсенбек.