
Алматыда Мемлекет басшысының ғылымды дамыту, ғылыми әзірлемелерді қолдау және оларды қала экономикасына енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2024 жылы Алматы қаласы әкімдігі жанынан Ғылым және технологиялар кеңесі құрылды.
Ғылым күніне орай 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында ғылыми гранттар байқауына өтінімдер қабылданды. Барлығы 229 өтінім келіп түсті.
Алдын ала іріктеу нәтижесінде 191 жоба байқаудың екінші кезеңіне өтті. 38 жоба бойынша қайталану белгілері анықталды.
Алдын ала іріктеуден өткен жобалар үшін 20 шілде мен 21 тамыз аралығында бес апталық акселерация бағдарламасы өткізілді. Бағдарлама аясында жобаларды жетілдіру, олардың практикалық маңыздылығы мен коммерциялық әлеуетін айқындау, сондай-ақ конкурс комиссиясы алдында қорғауға дайындау бойынша оқыту және консультациялық жұмыстар жүргізілді.
Акселерация бағдарламасының қорытындысы бойынша бүгін конкурс комиссиясының шешімімен 191 жобаның ішінен 70 үздік жоба үшінші кезеңге өтті.
Конкурс комиссиясының құрамына Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, Ғылым және технологиялар кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ғылыми қоғамдастық және қоғам өкілдері кірді. Жобаларды бағалау барысында олардың ғылыми жаңашылдығы, практикалық маңыздылығы және әзірлемелерді енгізу перспективалары ескерілді.
Қорғау және сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша 20 үздік жоба Республика күніне орай анықталады. Жеңімпаздарға жобаларды іске асыру үшін ғылыми гранттар шеңберінде қаржыландыру ұсынылады.
Байқау қолданбалы ғылыми зерттеулерді қолдауға, қаланың өзекті мәселелерін шешуге және отандық ғылыми әзірлемелерді нақты секторға енгізуге бағытталған.
Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының, оның ішінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Осы мақсатта «Алматы» ӘКК» АҚ мен Magnum Cash&Carry сауда желісі арасында жасалған тұрақтандыру туралы келісім аясында 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қалада көкөністер белгіленген бағамен сатылып жатыр.
Бұл механизм 2027 жылы 30 сәуірге дейін қолданылады. Осы кезеңде Magnum Cash&Carry желісі арқылы 9 920 тонна көкөніс өнімін сату жоспарланған. Оның ішінде 4 960 тонна картоп, 1 760 тонна сәбіз, 2 000 тонна пияз және 1 200 тонна қырыққабат бар.
Қазіргі таңда көкөністердің бір килограмына белгіленген шекті баға мынадай: картоп – 214 теңге, сәбіз – 208 теңге, пияз – 139 теңге, қырыққабат – 118 теңге. Шекті бағалар екі апта сайын қайта қаралады.
Көкөніс өнімдерін Алматы қаласындағы Magnum желісінің дүкендерінен сатып алуға болады.
Көкөністерді тұрақтандырылған бағамен сату қала тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және маусымаралық кезеңде бағаның өсуін тежеуге бағытталған.
Алматыда LRT жобасын жүзеге асыру аясында Абылай хан даңғылының кей учаскелерінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
10 қыркүйек сағат 22:00-ден 11 қыркүйек сағат 06:00-ге дейін Мақатаев пен Мәметова көшелерінің арасындағы учаскеде көлік қозғалысы толығымен жабылады. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында Райымбек даңғылынан Тузов көшесіне дейінгі аралықта қозғалыс шектеледі.
Жұмыс жүргізу мерзімі технологиялық үдеріске байланысты өзгеруі мүмкін. Жөндеу жүргізілетін учаскеде ескерту белгілері қойылады. Жол жүру бағытыңызды алдын ала жоспарлауыңызды сұраймыз.
Еске салайық, көлік қозғалысына қатысты барлық ақпарат @Almaty_Joly Telegram арнасында, әкімдіктің әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және «Яндекс карталар» сервистерінде жарияланады.
Алматының Медеу ауданында қызметі атмосфералық ауаның сапасына әсер етуі мүмкін нысандарға мониторинг жүргізіліп келеді. Бақылау монша мен сауналарды, қоғамдық тамақтану орындарын, өндірістік базалар мен техникалық қызмет көрсету станцияларын қамтиды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Негізгі мақсат – нысандарда қандай отын түрлері мен жабдықтар қолданылатынын анықтау, олардың ауаға ықтимал әсерін бағалау және кәсіпкерлерге экологиялық талаптарға алдын ала дайындалуға көмектесу.
Ауданда 49 монша мен сауна жұмыс істейді. Оның 26-сы қатты отын, 23-і электр жабдықтарын пайдаланады. Қазірдің өзінде алты нысан газбен жылытуға көшірілді. Жыл соңына дейін қалған нысандарды табиғи газды қоса алғанда, экологиялық тұрғыдан таза отын түрлеріне кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған.
Қоғамдық тамақтану орындарына да ерекше көңіл бөлінеді. Ауданда мұндай 152 нысан бар, оның 69-ы негізінен тамақ дайындау үшін қатты отын пайдаланады. Кәсіпкерлерге экологиялық тұрғыдан тиімді технологияға көшу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін бұл нысандарды электр мангалдарына көшіру жоспарланған.
Өндірістік базалар да бақылауда. Анықталған мұндай нысандардың барлығы газ отынына көшірілген.
Медеу ауданында 44 техникалық қызмет көрсету станциясы бар. Оның 23-і электр жабдықтарын, 21-і газ отынын пайдаланады.
Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Құжатта III санаттағы нысандарға бақылауды күшейту, шығарындыларды аспаптық өлшеу, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және тазарту жүйелерін қолдану қарастырылған.
Газ тартылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдаланудан кезең-кезеңімен бас тарту көзделген. Сонымен қатар бизнес өкілдеріне заңнама талаптары мен шығарындыларды азайтудың мүмкін жолдары түсіндіріледі.
Мониторинг нысандардың қазіргі жағдайын бағалап қана қоймай, бизнесті жаңа экологиялық талаптарға кезең-кезеңімен дайындауға мүмкіндік береді.
Алматыда Қала күніне орай ұйымдастырылған «Үздік жасыл мектеп» қалалық байқауының аудандық кезеңі аяқталды. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге қаланың әр ауданынан екі білім беру ұйымынан, барлығы 16 ұйым өтті. Бұл туралы Алматы қаласының Білім басқармасының өкілдері айтты.
Аудандық кезең 28 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтті. Қатысушылар портфолиоларын, бейнематериалдарын және экологиялық жобаларын ұсынды. Сонымен қатар мектеп аумағын көгалдандыру, көркейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарған жұмыстарын көрсетті.
Байқаудың негізгі бағыттарының бірі – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының қағидаттарын білім беру ұйымдарында іске асыру. Мектептерде қалдықтарды бөлек жинау, ресурс үнемдеу, экохабтар мен жылыжайлардың жұмысын ұйымдастыру, экологиялық еріктілікті дамыту және оқушыларға арналған практикалық сабақтар өткізу тәжірибесі бағаланды.
Байқауға дайындық кезінде оқушылар, педагогтер мен ата-аналар да белсенді атсалысты. Қатысушы мектептер жасыл аймақтар мен гүлзарларды ретке келтіріп, қалдықтарды бөлек жинауға арналған орындарды жетілдіріп, түрлі экологиялық бастамаларын таныстырды.
8 қыркүйекте байқаудың қалалық кезеңі басталды. Ол 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысушылардың жұмысы ұсынылған материалдар, экохабтардың қызметі, экологиялық және тәрбие жобалары, сондай-ақ инновациялық және цифрлық шешімдер негізінде бағаланады.
Үздік тәжірибелерді Алматыдағы басқа білім беру ұйымдарына енгізу жоспарланып отыр.
Байқау балалардың экологиялық әдетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақты «Таза Қазақстан» қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыруға тартуға бағытталған жұмыстың бір бөлігіне айналды.
9 қыркүйекте Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде дүниежүзілік тоғызқұмалақ күніне арналған турнир өтті. Іс-шара қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, жарысты Алматының Тоғызқұмалақ спорты федерациясы өткізді. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
Жарысқа 200-ге жуық адам қатысты. Турнир рапид форматында бес тур бойынша өтті. Қатысушылар бірнеше жас санатында, сондай-ақ қала тұрғындары мен Алматы құрамасы өкілдері арасында бақ сынады.
Жеңімпаздар:
9 жасқа дейінгі қыздар арасында — Қуатбек Жансая;
9 жасқа дейінгі ұлдар арасында — Аңсаған Мұхаммед-Салих;
11 жасқа дейінгі қыздар арасында — Нұрғұлжа Гаухар;
11 жасқа дейінгі ұлдар арасында — Рысбек Бақыткелді;
13 жасқа дейінгі қыздар арасында — Бағланқызы Аянат;
13 жасқа дейінгі ұлдар арасында — Дүйсен Нұрасыл;
қала тұрғындары арасында — Сайлаубек Сейсенбайев;
Алматы құрамасы өкілдері арасында — Жарқынбек Әйгерім.
Барлығы сегіз санат бойынша 32 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды.
Іс-шараның мақсаты – ұлттық зияткерлік ойынды кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың тоғызқұмалаққа қызығушылығын арттыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Айта кетейік, Алматыда 400-ге жуық бала тоғызқұмалақпен кәсіби түрде айналысады.
Алматыда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар жалғасып келеді. Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша қаладағы жұмыс күші 1 млн 217,5 мың адамға жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 43 мың адамға көп. Бұл туралы Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері айтты.
Жұмыспен қамтылған халық саны 1 млн 164 мың адамға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 41,7 мың адамға көп. Алматыдағы жұмыссыздық деңгейі 4,4% болып, республикалық көрсеткіштен төмен деңгейде сақталды.
Жыл басынан бері Еңбек мобильділігі орталығына 54 044 адам жүгінген. Оның 43 942-сі жұмыссыз ретінде тіркелді. Жалпы 42 766 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысты.
Оның ішінде 8 755 алматылық тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 5 613 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алды. Атап айтқанда, 4 150 адам қоғамдық жұмыстарға, 614 адам «Күміс жас» жобасына, 362 адам «Алтын жас» жобасына қатысты. Тағы 305 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 182 адам жастар практикасына жіберілді.
Кәсіптік оқыту мен біліктілікті арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Биыл 538 адам кәсіптік оқудан өтті, оның 451-і жұмыс орнында білім алды. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 538 адам оқудан өтсе, тағы 2 215 адам enbek.kz платформасы арқылы жаңа дағдыларды меңгерді. Кәсіптік бағдар беру шараларымен 23 922 адам қамтылды.
Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға да қолдау көрсетіледі. Биыл 400 АЕК, яғни 1,73 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз грант 165 адамға берілді. Гранттардың жалпы сомасы 285,1 млн теңге.
2026 жылы Алматыда 51 270 жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 45 399-ы тұрақты жұмыс орны. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада 53 026 жұмыс орны құрылды. Бұл жылдық жоспардың 103,4%-ы болады. Оның ішінде 47 441-і – тұрақты жұмыс орны, бұл жоспарланған көрсеткіштің 104,5%-ына тең. Соның ішінде 8 775 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды.
Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың XV отырысы өтті. Жиында жалпы құны 210,3 млрд теңге болатын 12 инвестициялық жоба қаралды. Олар жүзеге асқан кезде шамамен 3 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Қаралған жобалардың қатарында құрылыс материалдарын шығаратын индустриялық парк, ауыз су мен сусындар, кондитерлік және санитарлық-гигиеналық өнімдер өндіретін өндірістік кешендер, сондай-ақ цифрлық және интерактивті жабдықтар өндірісін жергіліктендіру бар.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларға да ерекше назар аударылды. Олардың қатарында 5 мың орындық KAZNU GRAD студенттік кампусы, K-Medical корейлік үлгісі бойынша салынатын 200 орындық көпбейінді смарт-аурухана және 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектеп бар.
Сондай-ақ, туризм және қонақ үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар қаралды. Атап айтқанда, халықаралық Tempo by Hilton брендімен қонақ үйі бар көпфункционалды кешен, тау бөктеріндегі қонақ үй кешені және экотуризмді дамытуға арналған демалыс аймағын құру жоспарланып отыр.
Жиын соңында әкімдіктің тиісті басқармаларына инвесторлардың мәселелерін жедел пысықтау тапсырылды. Оның ішінде жер телімдеріне, инфрақұрылымға, жердің нысаналы мақсатын өзгертуге және рұқсат беру рәсімдеріне қатысты мәселелер бар.
Алматыда 2027 жылы 8 қаңтардан бастап төмен шығарындылар аймағында (LEZ) атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық талап күшіне енеді. Солардың бірі азаматтық пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салу. Мұны Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты.
Жаңа талап Алматы қаласының Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында қарастырылған. Құжаттың 51-тармағына сәйкес, төмен шығарындылар аймағында азаматтық пиротехникалық заттар мен оларды қолданатын бұйымдарды қолдануға тыйым салынады. Бұл шектеу тұрғындар еркін сатып ала алатын петарда, отшашу, салют және басқа да пиротехникалық өнімдерге қатысты болады.
Дегенмен бұл норма Алматының барлық аумағында бірден қолданылады дегенді білдірмейді. Шектеу тек төмен шығарындылар аймағының шекарасы белгіленгеннен кейін сол аумақта күшіне енеді.
LEZ шекарасы Алматы әкімдігінің жеке қаулысымен бекітіледі. Қаулы қабылданып, аймақтың нақты шекарасы белгіленген соң пиротехникалық бұйымдарды пайдалануға қойылатын талап сол аумақта қолданылады. Осылайша, 2027 жылы 8 қаңтардан бастап Қағидалардың тиісті нормасы күшіне енеді, ал оның нақты қолданылуы төмен шығарындылар аймағының шекарасы бекітілуіне байланысты болады.
Атмосфералық ауаны қорғау қағидаларында бұдан бөлек, ауа сапасын жақсартуға бағытталған басқа да экологиялық шаралар қарастырылған. Олар автокөліктерге, қатты және сұйық отынды пайдалануға, сондай-ақ кейбір нысандар мен шығарындылар көздеріне қойылатын талаптарды қамтиды.
Алматыда кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Абзал Нүкенов төрағалық етті.
Отырыста балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқығын қорғауға қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы №2-дегі жағдай қаралып, кәмелетке толмаған балаға қатысты профилактикалық және қолдау шараларының жүзеге асырылуы талданды.
Комиссия мүшелері жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпаратын тыңдап, анықталған мәселелерді шешу жолдары мен қажетті шараларды пысықтады.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты органдар мен ұйымдарға анықталған кемшіліктерді жою, балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмысты күшейтіп, оларға әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдауды арттыру тапсырылды.